«Жанашыр бол» ҚҚ ұйымдастырған семинарда өңірімізге кеңінен танымал отбасылық психолог Людмила Должикова бірнеше кеңес берді
Қостанай қаласы әкімдігінің әлеуметтік даму бөлімінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Жастар ортасында отбасының оң имиджін насихаттау» жобасы аясында «Жанашыр бол» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Отбасындағы жанжалды жағдайларды, соның ішінде ерлі-зайыптылардың шамадан тыс жұмысқа орналасуынан туындаған жағдайларды шешу» тақырыбында А.Пушкин атындағы балалар кітапханасында маңызы зор семинар өтті.
Семинарды өңірімізге кеңінен танымал отбасылық психолог Людмила Должикова өткізді. Ол жиналған жұртшылыққа отбасыларда туындайтын қиындықтар, ерлі-зайыптылардың бірі-бірін түсінбеуінің себептеріне тоқтала келе, психологиялық кеңестер берді.
-Отбасы – екі тұлғадан құралады. Ер азаматтың да әйелдің де қосылмас бұрін санасында болашақ отбасы жайында өзінің қалауы, талабы болады. Бір сөзбен айтқан да кез-келген адам отбасын құрмас бұрын, менің жанұям осындай болады деп көз алдына керемет картиналарды елестетеді.
Кейін уақыт өте отбасын құрып, ерлі-зайыптылар бірге өмір сүре бастайды. Бұл кезде олардың өмірі өздерінің көзалдына елестеткен картинаға сай келмей қалып жатады. Міне, осындай шақтары олар неге мен ойлағандайғ мен қалағандай болмай жатыр, деп бір-біріне реніштерін білдіріп жатады. Тіпті кейде бірбірін қатты жақсы көретін жас отбасылар бір-бірімен тіл табыса алмай жатады.
Өйткені, отбасылық өмірде бәрі біздің бойдақ күнімізде ойлағанымыздай әрдайым әдемі картина бола бермейді. Уақыт өте әйел бірінші перзентіне жүкті болады. Оны дүниеге әкеледі. Бала алдындағы жауапкершілік басталады. Мұндай кездері ер азаматтар түзде табыс табатындарын айтып, күнделікті тіршілік, баланы күтіп бағу әйелдің еншісінде қалады. Бұл жерде күнделікті күйбең тірліктен шаршаған әйел ер азаматқа өзінің шағымын айтады. Оны ер азаматтар көбі түсіне бермейдің. Отбасылық жауапкершілік ерлі-зайыптыларға бірдей. Олар бұл ауртпалықты бірге көтеріп, бірге еңсерулері қажет. Сонда ғана отбасы тату болады. Мұны көп отбасылар түсіне бермейді. Көбінде ер азамат түзде жұмыс істеп келіп, үйінде балалардың ортасында үй шаруашылығына үлгіре алмай отырған әйеліне шүйлігіп, ауыр сөздер айтып жатады. Бұл да ерлі-зайыптының арасындағы қарым-қатынасты бұзады,-дейді маман.
«Үйлену оңай, үй болу қиын» деп ата-бабаларымыз бекер айтпаса керек. Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Әр отбасының өзіндік қордаланып қалған мәселесі болады. Ерлі-зайыптылар бірге отырып, осы мәселелерді шешіп, бір-біріне деген сүйіспеншілік пен құрметті жоғалтып алмаса ғана отбасы берік болады. Ал егер жанұяда алауыздық туындап, ерлі-зайыптылар бір-бірін түсінбесе, күнде ұрыс-керіс көбейсе, бұл отбасының ғұмыры ұзаққа созылмайды. Бүгінгі қоғамда ажырасу кең етек жайып келеді. Әсіресе, жас отбасылар, араға 1-2 жыл салып екі айрылып кетіп жатыр екен.
-Жасыратыны жоқ, Қостанай облысы еліміз бойынша ажырасу мәселесі бойынша екінші орында тұр. Мен қалалық сотта жұмыс істеймін. Осы қызметімде байқағаным, қазір өңірімізде 1 айда 300-дей отбасы айрылысып кетіп жатады. Әрине, менің психолог ретінде міндетім, оларды айыру емес, татуластыру. Отбасыларын сақтап қалу. Өкінішке орай, бұл көп жағдайда мүмкін болмай жатады.
Менің қызметімде кездескен бір жағдайды айтып берейін. Бірде маған бір әйел келіп «Өзіңді қалай жақсы көруге болады. Мен өзімді мүлдем жақсы көрмеймін. Өзімді жақсы көрсем мен айрылысуым қажет» деді. Мен оның сөздерін естіп қатты таң қалдым да «неге сіз өзіңізді жақсы көру үшін жолдасыңыздан ажырасуыңыз керек?» деп сұрадым. Сонда ол отбасындағы барлық тірлікті өзі жасайтынын, ақшаны өзі табатынын, соңғы кездері өзін-өзі аяйтынын, бір демалмастан жұмыс істеуден, жанталас өмірден шаршағанын жеткізді. Әрине, бұл жерде әйел отбасылық өмірді бір өзі алып жүргенін айтып отыр. Еразаматының оның мойнына бәрін артып қойып, өзінің тек жеңіл-желпі өмір сүріп жүргенін білдіреді. Бұл отбасындағы үлкен мәселе. Отбасы бір әйелден құралмайды. Сондықтан бұл жерде ер азаматтың рөлі маңызды. Кейбір отбасында ер азаматтар, әйелдің жұмысын жеңілдетуді, баланы тәрбиелеуді мүлдем қаперіне алмайды. Осылай күн, күн артынан ай, ай артынан жыл өтеді. Ал әйелдің жандүниесінде оған көңіл бөлмейтін, оның жүгін жеңілдетпейтін, ештеңеге көңіл аудармайтын күйеуіне өкпесі қара қазандай болып, бір мезетте ажырасамын деп бел шешеді.
Облысымызда тек жас отбасылар ғана емес, басқосқандарына 20-30 жыл болған ерлі-зайыптылар да ажырасып жатады. Олардың көбісінде әйелдері отбасын жалғыз өздері алып жүруден шаршаған, жауапсыз күйеуден қолдау таппағандар.
Жалпы, отбасында мәселе көп. Жанұяның бұзылуына әсер ететін себептерде баршылық. Атап өтетін болсам, ерлі-зайыптылардың не әйелдің не еркектің ата-аналарымен бірге тұруы, туған-туыстарының ортаға түсіп, екеуін бір-біріне қарсы қою, ерлі-зайыптылардың қызығушылығы сай келмеуі мысалы, біреуі үнемі қозғалыста болғанды ұнатса, екіншісінің ешқайда шықпай диванда жата беруі, ештеңеге қызықпауы (кино, спектакль, концерт, ойын-сауық), қызметтік мансаптары мысалы, әйелінің қызметтік мансабы жоғары болса, күйеуі өзін оның алдында төмен санай бастайды да әйелімен қырылысып қалуы мүмкін, сондай-ақ білім деңгейлері, біреу жоғары білім алған, екіншісін жоғары білім жоқ сияқты жағдайлар отбасындаңы ұрыс-керістің себебі болып жатады,-дейді писхолог маман Людмила Должикова.
Отбасылық ұрыс-керіс әрдайым орын алады. Одан ешкім қашып құтылған емес. Ең бастысы мұндай жағдайда ерлі-зайыптылар бір-бірін кешіре білулері керек. Бір-бірінен жасаған қателіктері үшін кешірім сұрай білген жағдайда ғана отбасын мәңгі сақтап қалуға болады. Қамшының сабағындай қысқа өмірде адамдар бір-біріне кешірімді болса, жүздері жарқырап, бақытты бола түсер еді.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген Нұржан СМАИЛОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77