Социум

Отбасын сақтал қалу мақсатында медиация кабинеті ашылды

Мұнда психолог мамандар жанұя құндылығы жайында мәліметтер береді

Қостанай облыстық сотының бастамасымен қалалық Азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде мамандандырылған отбасылық медиация кабинеті ашылды.

Ашылу рәсіміне Қостанай облыстық сотының азаматтық істер жөнендегі сот алқасының төрағасы Алмат Ерманов, Қостанай қалалық сотының төрағасы Қанат Шақаров және АХАТ бөлімі басшысы Ляйля Маутова қатысты.

Мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарына сәйкес, некені тіркеу және некені бұзуды тіркеу жергілікті атқару органдарымен, республикалық маңызы бар қалалармен, аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың АХАТ бөлімдерімен жүзеге асырылады.Осы арада АХАТ органдарымен қоса арыздарды қабылдау балама негізде, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпарациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен, «электронды үкімет» веб-порталы арқылы жүргізіледі.

Осы себеппен отбасылық медиация кабинеті дәл Қостанай қаласының АХАТ ғимаратында ашылды. Ол неке қиюды және некені бұзулы тіркеуші орган болып табылады.

Медиация кабинетінде «ОТБАСЫ HELP» отбасы және отбасылық құндылықтар институтын дамыту мақсатында фронт-офис мамандары Галина Кунигеан, Людмила Должикова неке институтының негізгі ережелерін, ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттерін, отбасы мүшелерінің алименттік міндеттемелерін түсіндіру бөлігінде некені тіркеуге өтініш берген азаматтармен кеңес беруді және әңгімелесуді жүзеге асырады.

Кеңес беру барысында, болашақ отбасы жұптарына ортақ мүлік және неке шартын жасау тәртібінің артықшылықтары туралы ережелер түсіндіріледі. Некені бұзу туралы арыз берген жұптармен, отбасын сақтап қалу, отбасылық дауларды сотқа дейінгі тәртіппен шешу мақсатында жұмыс жүргізіледі.Қажет болған жағдайда тегін негізде медиатор мен психологтың қызметі көрсетіледі.

– Қазіргі таңда жасыратыны жоқ неке бұзу фактісі көбейіп барады. Бізде жылдың басында некесін қиып, аяғында ажырасуға өтініш білдіріп жататын жастар да кездеседі. Бұл бірінші кезекте олардың бір-бірін тыңдамай өздерінің мен деген қағидасын бірінші орынға қоюдың салдарынан орын алып жатады деп ойлаймын. Отбасы болған соң бір-бірінің пікіріне құлақ асып, бірге шешім қабылдап, араларында өзара түсіністік қабыптасуы керек.

Әрине, кез-келген отбасында бас кезінде түсініспеушілік орын алады. Өйткені, олар әлі де өздерін жеке, басы бос тұлға ретінде ұстайды. Кейін уақыт өте бір-бірімен байланысты екенін сезінеді. Осы уақытта оларға ақыл-кеңес беріп, жанұяларын сақтап қалуына көмек керек. Міне, осыған байланысты арнайы ашылған отбасы медиациялық кабинетінің атқарар қызметі зор деп білемін. Мұндағы психолог мамандар, оларға болмашы кикілжіңге бола неке бұзбай, бір-біріне деген сыйластықтарын сақтап, некені бекітулері керектігі жайында кеңес беретін болады. Бұл өте маңызды қадам, – дейді АХАТ бөлімі басшысы Ляйля Маутова.

Сондай-ақ бұл бастама бойынша азаматтарға неке-отбасылық заңнамасы бойынша некені тіркеу туралы арызды беру кезінде де, ажырасу сатысында да тиісті көмек алу мүмкіндігі қарастырылған.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77