Социум

«Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ» атты кездесу өтті

Қостанай қаласындағы «120-Жүк тасымалы» акционерлік қоғамының филиалы – Қостанай бөлімшесі – Қостанай пайдалану локомотив депосында еңбек ұжымымен кездесу өтті. Шараның басты тақырыбы отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оны шешу жолдары болды

Кездесуде отбасының тұрақтылығы мен берік қарым-қатынас орнату, өзара сыйластық пен түсіністіктің маңыздылығы атап өтілді. «Жанашыр бол» қоғамдық қорының заңгері қатысушыларға тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді қорғаудың құқықтық тетіктері туралы айтып, қандай жағдайда, қайда жүгіну керектігін түсіндірді. Сондай-ақ, құқық қорғау органдары мен әлеуметтік қызметтердің көмегіне дер кезінде жүгінудің маңыздылығы ерекше атап өтілді.

Іс-шарада Қостанай қаласы полиция басқармасының тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полицияның аға лейтенанты Карина Кабденова сөз сөйледі. Ол тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген түріне бейжай қарамауға шақырды.

– Егер өзіңіз немесе жақындарыңыз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болса, көмекке жүгінуді кейінге қалдырмаңыздар. Біз, полиция қызметкерлері, әрдайым көмек көрсетуге дайынбыз. Мәселені ерте анықтап, дер кезінде әрекет ету – ауыр зардаптардың алдын алады. Ең бастысы үнсіз қалмау, – дейді ол.

Кездесуге қатысушылар мамандардың кеңестерін тыңдап, сұрақтарына жауап алды. Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты мифтер мен шынайы деректер талқыланды. Мысалы, көптеген адамдар мұндай мәселелерді «отбасының ішкі шаруасы» деп санайды, алайда заң бойынша зорлық-зомбылық – бұл қылмыс, және оны жасыру жәбірленушінің жағдайын одан әрі қиындатады.

Мамандар зорлық-зомбылықтың тек физикалық емес, сонымен қатар психологиялық, экономикалық және сексуалдық түрлері бар екенін еске салды. Әрбір жағдайда зардап шегушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан арнайы орталықтар, сенім телефондары және құқықтық көмек қызметтері жұмыс істейді.

Мұндай кездесулердің басты мақсаты қоғамда зорлық-зомбылыққа «жоқ» деп айту мәдениетін қалыптастыру және отбасындағы өзара құрмет пен сүйіспеншілікті нығайту. Материал Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша «Жанашыр бол» ҚҚ жүзеге асырып жатқан «Жастар арасында қазақ отбасының жағымды имиджін насихаттау» жобасы аясында дайындалды.

Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77