Қыркүйектің 18-і күні Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайында “Қожа Ахмет Ясауи және шежірелі Түркістан” атты көрменің салтанатты ашылуы өтті. Бұл көрме – рухани тарих пен мәдениетті дәріптеу жолында маңызды шара. “Әзірет Сұлтан” Ұлттық тарихи – мәдени мұражай – қорығының бай қазынасынан 100-ден астам жәдігер халық назарына ұсынылды.
Көрменің басты мақсаты – ортағасырлық рухани құндылықтарды насихаттау, түркі әлеміне ортақ ойшыл әрі дін қайраткері Ахмет Ясауидің өмірі мен мұрасына терең үңілу. Ясауидің еңбектері түркі халықтарының рухани бірлігін қалыптастыруға үлес қосып, бүгінгі ұрпаққа оның ғибратты ілімі, рухани әлемін таныстыруды көздейді. Сонымен қатар, көрме аясында Түркістанның бай тарихынан сыр шертетін, ежелгі құндылықтарды сақтап келген жәдігерлердің мәні ашылды.
Көрмеге қойылған жәдігерлердің әрқайсысы бірегей және ерекше маңызға ие. Олардың ішінде ортағасырлық тұрмыстық бұйымдар, қолжазбалар, кесене бейнелері және басқа да мәдени құндылықтарды көрсететін мұралар бар. Әрбір жәдігер Түркістанның бай тарихын, оның рухани өмірін және Қожа Ахмет Ясауи дәуірін көрсетіп қана қоймай, сол кезеңдегі адамдардың дүниетанымы мен рухани құндылықтарын түсінуге көмектеседі.
Көрме үш негізгі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім – “Көне Түркістан тарихы” деп аталады. Бұл бөлімде Түркістан оазисі қалаларының тарихы ұсынылған, атап айтқанда б.з.д. XV-XIV ғасырлардан бастап, Х-XII ғасырларға дейінгі дәуірді қамтитын Шербай және Шпан қорымдарынан табылған археологиялық материалдар қойылған. Сонымен қатар, Шауғар-Шойтөбе, Ясы-Күлтөбе қалаларының тарихи жәдігерлері осы бөлімде ерекше орын алады. Бұл жәдігерлер Түркістан өңірінің көне тарихын зерттеуге мүмкіндік береді.
Екінші бөлім – “Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен мұрасы”. Бұл бөлім өзінің мазмұны жағынан бай және екі кіші бөлімшеден тұрады: “Рухани аманат” және “Ясауи мұрасы мен ілімі”. Мұнда Ясауидің шәкірттеріне қалдырған рухани аманаты жайлы маңызды мәліметтер ұсынылған.
Үшінші бөлім – “Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы” деп аталады. Мұнда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің салыну тарихы, оның архитектуралық ерекшеліктері және кесене ішіндегі сирек кездесетін жәдігерлер туралы ақпараттар берілген.
-Көрме аз уақыт жұмыс жасағанына қарамастан, оған келушілер саны көп болды. Бұл іс-шараның ерекшелігі – кішкентай балалардан бастап ересектерге дейінгі барлық жастағы адамдардың қызығушылығын тудырғаны. Көрмеге қойылған 100-ге жуық жәдігерлердің әрқайсысы өз ерекшелігімен таңқалдырып, келушілердің жүрегіне жол тапты. Әрбір жәдігердің тарихы тереңде жатқандықтан, олар өткен заманның бай рухани және мәдени мұрасын көрсетеді. Көрменің сәтті өтуіне белсенді атсалысқан “Әзірет Сұлтан” Ұлттық тарихи-мәдени мұражай-қорығының ұжымына, оның басшылығына және барлық қызметкерлеріне шын жүректен алғысымызды білдіреміз,-дейді экскурсиялық және мәдени білім беру жұмыстары бөлімінің меңгерушісі.
Көрме қыркүйектің 30-на дейін жалғасады, сол себепті Қостанай тұрғындары мен қала қонақтары бұл бірегей шараға қатысып, түркі мәдениеті мен руханиятының қазыналарына куә бола алады.
Дильназ Изделюева
Суреттерді ұсынған кейіпкер
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77