Біздің Қостанай

«Әр істің жеңілісі де жеңісі де бар», – дейді Таласпаевтар отбасы

«Әйел адам бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөздің мағынасы тереңде жатыр. Қоғамдағы бизнес, білім, экономика мен мәдениет, медицина саласының да басым бөлігінде ерлермен иық тірестіре еңбек етіп жүрген жандардың басым бөлігі нәзік жанды арулар.

Бүгінгі біздің мақаламызға арқау болғалы отырған аяулы жандар Алтынай Таласпаева мен қызы Айгүлдің, ұлы Азаматтың еңбектері елеулі. Олар бүгінгі орындалған армандары мен үлкен сән дүкеніне қол жеткізу жолында аянбай тер төккен жандар.

Әрине, олар алғашында өз істерін қаламыздағы орталық базардан бастаған екен. Кім де болса қыстың қаһарлы аязы мен жаздың аптап ыстығында базарда еріккеннен тұрмайтыны белгілі. Алтынай Таласпаева мамандығы бойынша орыс тілі пәнінің мұғалімі, қиын-қыстау жылдары жұмыс орнынан қысқартуға ілігіп жұмыссыз қалғанын да жасырмайды. Сол сәтте ешбір ойланбастан отбасын, бала-шағасын асыраудың қамымен алғашында базарға сатушы болып орналасады. Кейін өзінің жеке азық-түлік бөлімін ашуға кіріседі. Қанша тырысып баққанымен қолға тиетін пайдасы аз, ал азық-түліктің кейдір түрі мерзімі өтіп, тез бүлінгіш болғандықтан асыра пайдаға кенелмегенін де айтады. Осы ретте араға бес жыл салып олар отбасылық бизнестің басқа түрін қолға алуды ұйғарады. Сөйтіп, ойлана келе тұрмысқа қажетті заттар бөлімін ашуды ойластырып, тіпті қомақты сомманы таныстарынан қарызға алады. Осы сәттен бастап отбасылық кәсіптері алға басады.

– Біз отбасымызбен 2000 жылдардан бастап орталық базарда еңбек ете бастадық. Тұрмыстық заттар бөлімін ашатын уақытта әкем екеуміз алғаш рет Алматыдан зат әкелдік. Ол кезде естеріңізде болса ас үйдегі қолданатын тақтайшалардың түр-түрі енді сәнге еніп жатқан кез болатын. Соны әкеліп, саудамыз жақсы жүре бастады. Біз інім Азамат екеуміз студент болсақ та сабақтан келе сала базарға қарай асығатынбыз. Өйткені анамызға көмектесу керек болатынбыз. Өздеріңіз білетіндей ол кезде базарда сауданы далада жасайтынбыз, ешқандай жағдай жасалмаған, өте қиын болды. Әрбір істің өз қиындығы бар, бәрі бірден бола қалды деп ойлау өте қате пікір. Ол кезде отбасымызбен жалдамалы жатақханада тұрдық.

Жағдайымызда мәз емес еді.

Ал, сәндік бұйымдарды сатуымыз 2005 жылдан басталды деп айтуға болады. Оның да өзіндік қызық оқиғасы бар. Бір күні базарда маған бейтаныс қыз келіп сіздер Алматыға барып тауар әкелесіздер ғой. Маған таспен көмкерілген белдік алып келсеңіз деп өтініш жасады. Мен бірден келісе кеттім де, сол жерде әлгі қыздың белінің өлшемін алдым. Келесі тауарға барған кезде жанағы қыз сұрағандай өте сәнді белдікті алып келдім. Ол кезде Қостанайда ондай белдіктерді табу қиынырақ еді. Бағасы да он мыңның көлемі болу керек, әлгі қыз қымбатсынды ма бірақ, жанағы тапсырысын келіп көріп алмай кетті. Сол кезде саудада тәжірибем жоқ екенін түсіндім, өйткені тапсырыс берушіден алдын-ала төлем де алмағанмын. Енді тұрмыстық заттар сататын бөлімде бұл белдік не қылып тұрады деп көңіл-күйім түсіп кетті. Бірақ, өзім сәнді бұйымдарды жақсы көргендіктен Алматыдағы жанағы сәнді бұйымдарды көріп, өзім де сол сала бойынша жұмыс істегім келді. Бұл ойымды анам да бірден құптап өзіңнің қалауын болса базардан орын тауып алып, өз ісіңді бастап көр деп қолдау білдірді. Содан ең бірінші арзан заттарды әкеліп көрдім. Арзан болғанымен талғаммен қымбат әрі сәнді көрінетін сән бұйымдарын әкеле бастадым. Уақыт өте келе жабық бутикке көштік. Ассортимент кеңейе бастаған соң бутикті де кеңейтуге тура келді. Бұл ретте анам мен інім де қолдау білдіріп, отбасымызбен осы салаға бет бұрдық. Анам көбінесе қаржы жағын басқарады, кіріс-шығыс жағы сол кісінің қолында. Ал, інім екеуміз сұранысқа ие заттарды әкеліп тұруға тырыстық. Осылай 25 жыл базарда еңбек еттік. Осы уақыт аралығында біздің тұрақты сатып алушыларымыз да пайда бола бастады. Қазір сол уақытта балабақшаға барған балалар мектеп бітіріп, отбасылы болса да бізге келіп әшекей-бұйымдар алып тұрады.

Әшекей-бұйымдардың түр-түрін әкеліп жатамыз. Сонда да тұтынушылардың сұранысы бар. Бұрындары тек Алматыдан ғана тауар әкелетінбіз, қазір біздің дүкенде Тайланд, Қытай, Турция елдерінің де заттары бар. Біздің қаланың қыз-келіншектері өте сәнқой деп айта аламын. Оны олардың талғамдарынан да байқауға болады, – дейді Айгүл Таласпаева.

Бүгінде Таласбаевтар отбасының адал термен еңбек етіп, кез-келген қиындыққа мойынсынбай қала орталығынан ашып отырған «Мир Украшений» дүкенінен тек қана сән бұйымдарын ғана емес, сонымен қатар қолөнер саласына қажетті заттарды да табуға болады. Ең бастысы дүкенде қолжетімді баға мен келушілерге деген ерекше ілтипатты көруге болады. Анасы мен балаларының бастамасы болған кәсіпке қазір отбасының немерелері де қолқабыс етуде. Бұл дегеніміз отбасындағы адал еңбекке деген тәрбие мен үлгінің көрінісі. Әйел адам қаншалықты нәзік әрі сезімтал болғанымен қандай істі болсын игере алатынына осы нәзік жандар тағы бір дәлел бола алды деп айта аламыз. Жақсы өмір мен жайлылықты әрбір жан тек еңбек терімен ғана жасай алатынын да осы жерден көруге болады.

Жан ШАЙМЕРДЕН, суретті түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77