Облыста адалдық алаңы концепциясын ұстанған 11 кеңсе ашылды
Елімізде сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою бағытында нақты қадамдар жасалып, маңызды саяси шешімдер қабылдануда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында сыбайлас жемқорлық індетінің алдын алудағы мемлекеттің басты бағыттарын айқындады.
Қостанай облысысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Рүстем Болатовтың айтуы бойынша қатерлі індеттің тарауына орай, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жұмыстың онлайн форматына көшкен.
– Осыған орай, бүгінгі күні Департаменттің алдын алу шаралары бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде адалдық қағидаттарын қалыптастыруға бағытталған. Биыл ақпан айынан бастап, Агенттіктің бастамасымен республика бойынша «Адал көмек», «Антикор лайв» акциялары іске қосылды. Акциялардың басты мақсаты – онлайн режимде азаматтарға заңгерлік көмек көрсету, толғандыртқан сұрақтары бойынша кеңес беру. Осы уақытқа дейін онлайн форматта тікелей эфир, бейнеүндеу, бейнекеңес түрінде 17 мыңнан астам қаралымға ие болған 108 іс-шара ұйымдастырылды, – деп атап өтті Рүстем Сайлауұлы.
Бүгінгі күні онлайн формат тек қана мемлекеттік органдар қызметінде емес, сонымен қатар, өмірдің түрлі салаларында, оның ішінде мәдениет саласына да таралуда.
– Одан бөлек, ел Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын жүзеге асыру мақсатында облысымыздың өңірлерінде «Көмек алаңы» фронт – офистары жаппай ашылуда. Фронт – офистарда әрбір азамат қажетті қызметті «бір терезе» қағидасы арқылы алуға мүмкіндігі бар. Мұндай кеңселерге қажеттілік өте қажет, себебі бүгінгі күні елімізде жаңа өзгерістерге бейімделіп, онлайн жұмыс форматына көшу – заман талабы болып тұр. Кеңселердің басты басымдылығы – бұл азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау, барлық көмек алаңы кеңселері өз жұмысын қашықтықтан жалғастырып, халыққа қызмет көрсетуде, азаматтарға кеңес беріп, заңгерлік көмек көрсетуде. Азаматтармен өзара іс-қимылдың осы тетігін біз алдағы уақытта мүмкіндігінше одан әрі қолданатын боламыз, – дейді Рүстем Болатов.
Бұл ең алдымен мемлекеттік органдар мен азаматтық сектор арасындағы қашықтықты қысқартуға мүмкіндік беріп, халыққа көрсетілетін қызмет сапасына оң әсер етпек.
– Жалпы облысымызда осы адалдық алаңы концепциясын ұстанған 11 кеңсе ашылды. Алдағы уақытта аталған кеңселер аудандардың ірі ауылдық округтерде ашылуы жоспарлануда. Қазіргі таңда біздің қызметіміздің барлық бастамалары сенім, әділдік және парасаттылық сияқты құндылықтар арқылы жүзеге асырылады. Біз «сыбайлас жемқорлық» сөзін біртіндеп ұмытуымыз керек. Менің ойымша, бұл өткеннің ісі. Қоғамда адалдық, әділдік және сатылмаушылық сияқты ұғымдарды дамытуымыз керек. Адамдардың санасын өзгерту қажет. Бұл біздің ойлауымызды түбегейлі өзгертуді талап етеді, – деп баса айтты басқарма басшысы.
Айтылған құндылықтарды ескере отырып, Агенттік құрылымында үш жаңа департамент құрылды: парасаттылық, превенция және серіктестік.
– Агенттіктің түрлі салаларда жемқорлықтың алдын алу мақсатында жобалары ашылған. Мысалы, темір жол саласында «Адал жол», білім беру саласында «Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ», автожол саласында «Сапалы жол», бизнесте «Рrotecting business and investments». Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың, әлеуметтік сала объектілері бюджеттерінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасы жұмыс атқаруда. Алда бізді сыбайлас жемқорлықпен күрес және алдын алу шараларын одан әрі күшейту бойынша үлкен жұмыс күтіп тұр. Енді бұл жерде жемқорлықпен күресу оның алдын алу ол – тек қана мемлекеттік органдардың емес, сонымен қатар барлық азаматтардың міндеті, борышы. Сондықтан да, баршаңызды бірге жұмыс атқаруға шақырамын, – деп қорытты Рүстем Болатов.
Өз тілшіміз
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77