Көрмеге кескіндемеші биылғы жылы орындалған жүзге жуық жұмысын ұсынды.
Николай Торшин – Қостанай меценаттар клубының 2018 және 2005 жылдардағы «Қазына» сыйлығының екі мәрте лауреаты. Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының «Құрмет» төсбелгісімен марапатталған. 2013 жылы «Мәдениет саласының үздігі» құрметті атағы берілді.
Суретшінің басты ұстанымы – табиғатпен үздіксіз байланыс орнату. Осы ұстанымды өз шығармашылығының өзегіне айналдырған Николай Торшин шыншыл әрі поэтикалық реализм өнер мектебінің көрнекті өкілі. Табиғаттан шабыт алып, айналасындағы өмірді зерттеудегі ерекше әдісі оны ешқашан бей-жай қалдырған емес.
– Бұл көрме мен үшін үлкен әсер қалдырды. Сіздердің өнер жолындағы еңбектеріңізді көріп, шығармашылықтарыңызға тәнті болдым. Шеберлігіңізді жастарға үйретіп, шеберлік сабақтарын өткізсеңіз, өнеріңіз одан әрі өркендейтін еді деп ойлаймын, – деді ҚР Суретшілер одағының мүшесі Вадим Быков.
Көрмеге ерекше құрметпен келген қаламгер Анатолий Чернушка да өз ықыласын білдірді. Ол 2023 жылғы көрмеден ерекше әсер алғанын айтып, сол сәтті бейнелеген туындысын Николай Торшинге сыйға тартты.
– Суретші өзінен кейін мәңгі сақталатын бейнелерді қалдырады, жаңбырдың сылдыры, балалардың шат күлкісі. Мұның бәрі – тіршіліктің шынайы бейнесі, өмірдің мәні, – деді ҚР Суретшілер одағының мүшесі Светлана Шалунова.
Николай Торшин табиғаттың әр бөлшегінен әсемдік тауып, сол әсемдікті көрерменіне жеткізе біледі. Суретшінің шығармалары бай түстер палитрасымен, композициялық ізденістермен ерекшеленеді. Қаламгер көптеген тақырыптық жұмыстар, пейзаждар, портреттер, этюдтар мен суреттер жазды. Әрбір жұмысы – автордың табиғатпен және қоршаған ортамен үнқатысуының куәсі. Суретшінің шығармашылық есеп түріндегі көрмесі оның ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен ізденістерін қорытындылайды.
– Мен осы көрмем арқылы өз ойларымды, сезімдерімді, табиғаттың көркемдігін өнер тілімен жеткізе алғаныма қуаныштымын. Әр туындым – менің жанымның бір бөлшегі, өмірге деген көзқарасымның бейнесі. Көрмені тамашалауға келген әрбір жанның туындыларымнан ерекше әсер алып, өз жүрегінде бір жылулық сезінгенін байқадым. Көрмеге келген барлық өнерсүйер қауымға алғысымды білдіремін, – деді суретші Николай Торшин.
Николай Торшиннің «Жан шуағы» атты дербес көрмесі бір ай бойы жұмыс істейді.
Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА,
суреттерді түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77