Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облысымыздың Бас имамы мәлімдеді.
Аталмыш брифингте Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын Уәлиев, Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің наиб имамы Азамат Мурзаканов және Қостанай облысы әкімдігінің дін істері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Сапарғали Абдиев баяндама жасады.
Бұл мереке адамзат баласын ынтымаққа, ауызбіршілік пен қайырымдылық жасауға, қамқор болуға насихаттайды.
– Құрбан айт мерекесі мал сою науқаны емес. Биыл бұл күн маусым айының 6-8 жұлдызына түсіп отыр. Жалпы, «құрбан» сөзі «жақындау» дегенді білдіреді. Яғни, өзінің жасаған ізгі амалдары арқылы Алла Тағалаға жақын болу. Ал «айт» деген «мереке, қуаныш, мейрам» деп түсіндіріледі. Сол себептен келе жатқан «Құрбан айты» барша елімізге құтты, мүбәрәк болсын,-дейді Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы.
Құрбан шалу рәсімі үш күнге, ақшам намазы уақыты кіргенге дейін жалғасады. Негізінен ақыл-есі толған, балиғат жасына жеткен әр мұсылман үшін құрбан шалу міндет. Шариғат бойынша тұрмысы төмен кісілер үшін құрбандық шалу міндеттелмеген. Мұндай адамдар өз шамасына қарай айт мерекесін тойлауға болады.
– Құрбандыққа сиыр, түйе, ешкі, қой малдарын сою рұқсат етілген. Ауру, ақсақ-тоқсақ арық малдар құбандыққа шалынбайды. Түйе-5 жас, ірі қара-2 жас, ешкі, қой-1 жас алты айдан асқан болуы керек. Қаламызда құрбан шалу үшін арнайы орындар белгіленді. Федоров ауылына апарар жолдағы «Амиго» мал базары, екіншісі Тобыл қаласы Механизатор көшесі 5 мекен жайында орналасқан «Союз ТС» қасапханасы. Аталған жерлерде мешітімізден арнайы курстан өткен қасапшылар мен қызметкерлер сіздер үшін қызмет ететін болады, – деп толықтырды.
Сонымен қатар, құрбандықты барып шала алмайтын жандарға қашықтықтан отырып-ақ құрбан шалуға болатынын атап өтті. Qurban.Muftyat.kz сайты арқылы онлайн тапсырыс беруге болады.
– Қашықтықта отырып құрбан шалу карантин енгізілгеннен бастап өз жұмысын тоқтатқан емес. Бүгінгі күні өзіңіз қалаған бағаға, соятын малдың түрін таңдап тапсырыс беруге болады. Қостанай қаласы бойынша мал бағалары белгіленген. Ірі қара-600 мың, қой-85 мың теңге. Кейін тапсырыс берген адамға фото, видео жіберіледі, -дейді Бас имам Бектұрсын Торғайбайұлы.
Бас имамның айтуынша ірі қара малын 7 адамға дейін қосылып, құрбандық шалуына рұқсат етілген. Бірақ, біріккен адамдардын ниеті түзу болуы шарт. Содан кейін, құрбан етін үшке бөледі. Яғни, бір бөлігін өз отбасына қалдырып, екінші бөлікті туған-туыстары мен көршілерге таратса, үшіншісін жоқ-жітіктерге береді. Қазіргі таңда мешітте мұқтаж жандардын, көп балалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың арнайы тізімі жасалып жатыр. Осы тізім бойынша құрбан еттері таратылады.
Бұл күндері мешіт алдында ұлттық ойындар мен Айт шайын ұйымдастыру жоспарлануда. Айт күні кездескен әрбір жанмен амандасып, өкпе-ренішті ұмытып, татуласу керек. Сондай-ақ, қайтыс болған жақындарға Құран бағышталады. Сонымен қатар, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетіне сай, бір-бірімізден айттық сұрап, сыйлық беру-сауапты іс.
Гүлжан БӨЛЕГЕН,
суретті түсірген автор
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- РњРѕР№ Р В Р’В Р РЋРЎв„ўР В Р’В Р РЋРІР‚ВВВВВВВВРЎР‚
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77