Қоғамдық дәретханалар – бұл көбіне назардан тыс қалатын, бірақ қала тұрғындары үшін аса маңызды нысандардың бірі. Жаз мезгілінде демалыс орындары мен саябақтарда серуендейтін адамдар көбейетіндіктен, мұндай санитарлық тораптардың жай-күйі ерекше назар аударуды талап етеді.
Осыған орай біз Қостанай қаласындағы бірқатар саябақтар мен демалыс орындарын аралап, қоғамдық дәретханалардың жағдайын тексеріп көрдік. Бұған дейін ақпан айының соңында да тексеріп көрдік, ол кезде көбі қыс айларында жабық тұрғандығын байқадық.
Жастар бульвары
Бірінші барған нүктеміз – Жастар бульварындағы дәретхана. Күн сайын сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Іші таза, су, сабын және дәретхана қағазы бар. Бағасы: 7 жасқа дейінгі балаларға – тегін, 7–15 жас аралығындағы балаларға – 30 теңге, ересектерге – 50 теңге. Иіс сезілмейді, қызметкері сыпайы, тәртіпке мән береді. Бұл – сенімді, стандартты нұсқа. Әсіресе балалармен жүрген аналарға, зейнеткерлерге ыңғайлы.
Орталық
Қаланың орталық жағалауында жаңа санитарлық кабиналар орнатылған. Бірден көзге ұрып тұратын — таза, ұқыпты, кең әрі заманауи түрі. Иіс жоқ, жиі тазартылып отыратыны байқалады. Мұндай нысан — қаланың қоғамдық орындарға деген жауапкершілігін көрсететін үлгі.
Қалалық жағажайда 2023 жылы жаңа дәретханалар орнатылған. Екі жылдан кейін де таза күйінде тұр. Есіктері дұрыс жабылады, иіс жоқ, ішіндегі жағдай жақсы. Барлығы екі нысан бар – ерлер мен әйелдер. Әрқайсысында ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған стенд бар. Мұның бәрі бюджеттен, естеріңізге сала кетейік, 23,2 млн теңгеге жұмсалды. Кіру тегін.
Әрине, триатлон паркі жанындағы кірпіштен салынған дәретханаға баруға болады, бірақ ондай қадамға бармауға кеңес береміз. Сыртын жуырда сырлап, көрікті еткенмен, іші сол бұрынғы қалпында – санитариялық талапқа сай емес, жағымсыз иіс пен қоқыс толы.
Бұған дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміндегілер бұл нысанның шұңқырын тазалап көруге уәде берген болатын. Алайда шілде айында ведомство өкілдері нақтылады: дәретхана триатлон паркін дамытудың екінші кезеңінде бұзылады. Қазір оны тазарту мүмкін емес, себебі ішіне бұтақтар мен түрлі қоқыстар тасталған.
Содан бері триатлон паркі пайдалануға берілді, адамдар келіп демалуда. Ал ескі дәретхана әлі де тұрған күйі, айналаның көркін кетіріп тұр. Оны нақты қашан алып тастайтыны әзірге белгісіз.
Орталық саябақ — адамдар ең көп келетін орын. Кафелер, аттракциондар, балалар мен спортшылар — барлығы қоғамдық дәретхананы қажет етеді. Мұнда дәретхана сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Ересектерге — 80 теңге, балаларға — 40 теңге. Бағасы сәл жоғары болғанымен, тазалығы соған сай: қағаз, сабын бар, тіпті хлордың иісі сезіледі — бұл санитарлық өңдеудің белгісі.
— Әрине, баламен бірге кірсең де, екі адамға ақша төлеу керек — сәл қынжылтады. Бірақ басқа жерлермен салыстырғанда мұндағы тазалық — кейбір кафелерден де жақсы, – дейді немерелерімен қыдырып жүрген қостанайлық Ирина.
Тағы бір тұрақты санитарлық орын — Сити-орталық маңында. Мұнда да халық көп. Жақын маңда «Март» пен ЦУМ сауда орталықтары бар, оларда да дәретхана бар, бірақ сауда залына кіру, бірдеңе сатып алу керек болуы мүмкін. Сондықтан бөлек орналасқан қоғамдық дәретхананың маңызы зор.
“Старый город” дәмханасының ғимаратының шетіндегі дәретхана қазір жабық тұр. Бұрынғы кезде бұл ауданда қоғамдық дәретхана болған. Қазір жабық, нұсқау да, түсіндірме де жоқ. Ал маңайда серуендейтін аймақ бар, балалармен жүрген адамдар жетерлік. Алайда балама жоқ: не үйге қайт, не жақын кафе ізде.
Жаңа саябақ
Жалпы, қалалық дәретханаларды тексеруіміз осы жерден басталды. Себебі тұрғындар тарапынан шағымдар жиілеп кеткен. Әсіресе демалыс орындарында орналасқан қоғамдық дәретханалардың жағдайы көпшілікті алаңдатып отыр. Сол себепті жағдайды өз көзімізбен көріп, тексеріп шығуды жөн көрдік.
Бұл саябақтағы дәретхана таза болғанымен, бірқатар кемшіліктер бар. Негізгі мәселе — жарықтың болмауы.
— Кешкісін мүлдем қараңғы. Ішінде сөмке ілетін ілгек те жоқ. Жұмысы кешкі сағат 20:00-де аяқталады, бірақ саябақта кешке дейін адамдар серуендейді. Әсіресе жазда күн ұзақ, халық кешке дейін осында демалады. Сол себепті дәретхана жұмысы да соған сәйкес болуы керек, — дейді жергілікті тұрғын.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына жауапты «Жаңа Өмір» ЖШС өкілдері бұл мәселені шешуге уәде берді. Уақыт көрсетеді. Жөндеу жұмыстары жүргізілетіні айтылды, алайда нақты мерзімі белгісіз.
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда қалалық дәретханалардың жағдайы кезең-кезеңімен ретке келтірілуде. Дегенмен, бұл бағытта жүйелі бақылау мен нақты іс-шаралар қажет. Себебі мұндай нысандардың санитарлық жағдайы қала мәдениетінің көрсеткіші деуге болады.
Жеңіс саябағы
2021 жылдан бері қираған күйде тұрған Жеңіс саябағындағы дәретхана 2023 жылы жөндеуден өтті. Қазір жұмыс істеп тұр және тегін! Кіре берісте бақылаушы жоқ, бірақ іші таза, иіс те, қоқыс та жоқ. Жеңіс саябағына қызмет көрсететін мердігер – «Қазақ саңыраулар қоғамы «қоғамдық бірлестігінің Қостанай Оқу-өндірістік кәсіпорны»ЖШС. Ол таңғы 8:00-ден кешкі 20:00- ге дейін ашық. «Керуен» саябағы, Әуежай шағын ауданы: биодәретхана болған, бірақ оны ТКШ бөлімінің қызметкерлері алып тастады. 2022 жылы мұнда жаз мезгіліне арнап биодәретханалар орнатылған. Бірақ тұрғындар санитарлық мәдениетке мән бермеген.
— Түк қалдырмады, кіріп кетуге ұят болды. 2022 жылы қыркүйекте алып тастады, содан бері ештеңе орнатылмады, — дейді тұрғындардың бірі.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы саябағы жайында жазудың өзіне ұяламыз. Ең жағымсыз әсер қалдырған дәретхана — Гашек жағалауындағы осы саябақта.
Иісі — төзуге келмейді, есіктері жабылмайды, кабиналар ашық.
— Біз мұнда тек екеу болып кірмесек болмайды, бірі есікті ұстап тұрады, екіншісі кіреді. Қорқынышты, әрі өте ыңғайсыз, — дейді сол жерде кездескен тұрғындар.
Жөндеу бірнеше жылдан бері қажет, алайда нәтиже жоқ.
Биодәретханалар үміт бар ма? 2024 жылы Қостанай әкімдігі 2,6 млн теңгеге 20 биодәретхана сатып алды. Олар Наурыз, Қала күні сияқты мерекелерде орнатылады деп жоспарланған. Бұл — жақсы бастама. Дегенмен мұндай кабиналар күнделікті де қолжетімді болғаны дұрыс еді, әсіресе стационарлық дәретханалар мүлде жоқ аудандарда.
Қоғамдық дәретханалар — ұят емес, керісінше қаланың тұрғындарға деген көзқарасының көрсеткіші. Қуантады: Қостанайда санитарлық талаптарға сай келетін орындар бар. Бірақ сонымен бірге, дәретханасыз қалған немесе ескерусіз қалған аудандар барын да ұмытпау керек. Біздің рейд жергілікті билікке ой салар деген үміттеміз. Өйткені әр адам өзін жайлы сезініп, қажеттілігін мәдениетті түрде өтей алуға құқылы.
Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген Лариса БОЖКО
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- РњРѕР№ Р В Р’В Р РЋРЎв„ўР В Р’В Р РЋРІР‚ВВВВВВВВРЎР‚
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77