Жуырда Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың 140 жылдық мерейтойы оның кіндік қаны тамған өңірде кеңінен аталып өтті. Осы рухани шара барысында Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің Бас имамы Шоқан қажы Әмірханов ұлы тұлғаға арналған медальмен марапатталды. Мен оған арнайы жолығып, көкейде жүрген бірқатар сауалдарымды қойған едім.
– Шоқан қажы, сіздің әулетіңіз жайлы сөз болғанда есіме ардақты әкеңіз Ғазиз түседі. Жұртшылықтың айтуы бойынша, ол кісі артында өшпес ізін қалдырған қайраткер болған көрінеді. Бүгінгі сұхбатымды осынау ардақты абыз ағадан бастаған жөн секілді?
– Қазақта «Әкең өлсе өлсін, әкеңді көрген кісі өлмесін» деген тағылымды сөз бар. Осы күнге дейін әулетіміздің тірегі болған Ғазиз Әмірханов жайлы көп естимін. Ол шын мәнінде ерекше жан болатын. Негізі Алматы қаласындағы қазіргі Абай атындағы педагогикалық университетінің түлегі.
Өзі ұзақ жылдар бойы ағарту саласында қызмет атқарды. Кезінде бірқатар мектептерді басқарды. Аудандық оқу бөліміне жетекшілік етті. Мақтағаным емес, қандай қызметте болсын оны беріле атқаратын. Сондықтан да шығар, еңбегі жанып, қаншама лайықты марапаттарға ие болды. Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі атанды.
Оның тұла бойы тұнған шежіре-тін. Білмейтіні жоқ еді. Үлкенмен де, кішімен де бұрыннан танитындай емін-еркін сөйлесіп, тонның ішкі бауындай араласып кететін. Мұны мен жас болсам да қасында көп жүргендіктен жақсы білемін. Қазір сол күндерді сағынышпен еске алсам, көңілім құлазиды.
– Ғазекең еліміз егемендік алғаннан кейін алғашқылардың бірі болып, қасиетті Меккеде қажылық міндетін өтепті. Торғайда мешіт салдырып, оған жанашырлық танытыпты. Сол жайлы да тілге тиек етудің орайы келген сияқты?
-Оқырмандар өз әкесін мақтады деп ойлап қалмасын. Оның дін саласындағы атқарған істері де кейінгі жастарға қай жағынан алсақ та өнеге, жүрегі мейірімге толы-тын. Әрдайым айналасына нұрлы шуағын шашып, шапағатын тигізіп жүретін қайырымды ақсақал еді.
Қазақ елі өз алдына тәуелсіз мемлекет атанған соң талай мұсылман бауырларымызға көптен арман болған қасиетті Меккеге қажылық сапарға баруға жол ашылды. Сәті келіп, ол да бірқатар иман жүзді ағайындармен бірге өзінің парызын өтеді.
Біздің балалық шағымыздың ізі қалған Жангелдин ауданының орталығында мешіт ашуға тікелей мұрындық болды. Сол жердегі ағайындар да оны қолдады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бұл Алланың жердегі құлшылық үйі де пайдалануға беріліп, халыққа есігін айқара ашты. Содан бері де қаншама жылдар өтті. Қазір ол нағыз имандылық ордасына айналып, қалың жұртшылықты айрандай ұйытып отыр.
Әулетіміздің тірегі Торғайдағы музей кешенін жаңғырту мен оның бедел-абыройын асқақтатуға да бір кісідей ықпалын тигізді. Оны айналасындағы үлкенді-кішілі қауым әлі күнге дейін түрлі басқосуларда іскерлік қырларын жыр қылып айтады.
– Сіз Ғазиз Әмірханұлы туралы жүрек жарды лебізіңізді білдірдіңіз. Анаңыз Гүлшаруан Қапалбайқызы да кезінде отағасымен бір жоғары оқу орнында оқып, білім ордаларында мұғалімдік қызмет атқарыпты. Бір шаңырақта қанша бала өстіңіздер. Солар жөнінде де таратыңқырап айтып берсеңіз?
-Бала үшін ата-ананың орны бөлек қой. Бақи болып кеткен яғни біз үшін ардақты жандарды қимастық сезіммен жиі ауызға аламыз. Әмірхановтар әулетінің мәртебесін көтерген аяулы шешеміз Гүлшаруан да өте кішіпейіл, өмірден көргені мен түйгені мол ғажайып кісі болатын.
Ол өмірлік қосағымен бақытты тіршілік кешті. Ғұмыр бойы бір-бірін толықтырып, ұл мен қыздарын кішкентайынан еңбексүйгіштікке, адамгершілікке, кісі баласына қиянат жасамауға, ешкімнің ала жібін аттамауға баулыды.
Өзгелерге тек жақсылық жасауға құлшынып тұратын қымбатты анамыз Алматы облысының қызы-тын. Ол да жоғарыда аталған университеттің биология-химия факультетін тәмәмдаған. Бүкіл жастық шағын өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге арнады.
Жалпы, олар тоғыз баланы өз қатарынан қалдырмай өсірді. Бәрі де ата-анасына еліктеп, ұстаздық мамандықты таңдады. Тұңғышы – Гүлмара (Майраш), кенжесі -Махаббат. Қостанайлықтар оларды жақсы біледі. Мысалы, әпкем Ләззат қазір Астана шаһарында тұрады.
– Әулеттеріңіздегі ұл-қыздардың бәрі де дарынды. Әрқайсысы өз саласының білікті мамандары. Әйтсе де Қостанай халқы өнер үшін туылған айтулы домбырашы, марқұм Абай Ғазизұлын құрметпен еске алып жататындығын білеміз. Осы жөнінде бірер сөз?
– Ол Шымкент қаласындағы мәдениет институтын аяқтады. Әрине, осы өнерпаз ағама өзге жігіттер секілді үлкен қалаларда жұмыс істеуге толық мүмкіндік болды. Бірақ, оны киелі Торғай өзіне тартты да тұрды. Бұған ата-анасы және жерлестері шексіз қуанды.
Содан өзі туып-өскен Жангелдин аудандық саз-музыка мектебінде домбырадан дәріс беруді қолға алды. Ол ұжымда қызмет ете жүріп, халық ақыны Нұрхан Ахметбеков атындағы аудандық мәдениет үйі жанынан ұйымдастырылған «Ғасырлар пернесі» фольклорлық-этнографиялық ансамблінде орындаушы-солист, музыкалық жетекші болып жұмыс істеді. Кезінде осы ансамбльді қазақтың көне аспаптарын зерттеуші, этнограф-ғалым Болат Хамзиннің өзі құрған болатын.
Уақыт өте Қостанай қаласына келіп, мәдениет бөлімі жанынан «Мирас» атты фольклорлық-этнографиялық ұлттық аспаптар ансамблінің негізін қалады. Артта қалған жылдар ішінде дарынды бауырымның алдынан жүздеген шәкірттер домбыра тартуды үйреніп, күй өнерінің өздеріне белгісіз қырлары мен сырларын меңгерді. Тағы бір ерекше тоқталар жай, ол Қостанай педагогикалық институтындағы өнер факультетінің алғашқы ұйымдастырушыларының бірі.
Осынау талантты ағамның ғұмыры да қысқа болды. Елордамыз Астанаға барып, жауапты қызметке білек сыбана кіріскенде бәрімізді терең мұңға қалдырып дүниеден озды. Артында жары мен балалары қалды.
Алайда, Қостанайдағы оны қадірлейтін азаматтар өзі қызмет атқарған «Мирас» мәдениет үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатты. Бұл да болса оған көрсетілген үлкен құрмет екендігі даусыз.

– Қазақ халқы Алаш ардақтысы, көрнекті ағартушы, қоғам қайраткері, ақын-жазушы Міржақып Дулатовты ерекше ардақ тұтады. Бірде өзіңізден оның жаназасын шығарғандығыңыз жөнінде естідім. Бұның да түсінген адамға маңызы өте зор. Әсіресе, кейінгі жастар білгені дұрыс емес пе?
– Міржақып Дулатов ұлт мақтанышы. Ол да киелі Торғай өңірінде туып өскен. Артында өлмес-өшпес рухани мұра қалдырған қайталанбас тұлға. Тек оқырмандар Тәуелсіздіктің арқасында ғана толық біле бастады. Оның құнды шығармалары әрбір исі қазақтың кітап сөресінде сақтаулы.
Сол өңірге келген адам Жангелдин ауданының орталығындағы музейге ат ізін салмай кетпейді. Енді сіздің сауалыңызға нақты жауап беретін болсам, сонау 1992 жылғы күзде көршілес Ресейдің Карелия аймағының Сосновец бекетіне бір топ азамат сапарға шықты. Оларды белгілі жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қайсар Әлім бастап барды. Екі мемлекет арасындағы жасалған келісімге сәйкес Міржақып атамыздың сүйегін туған жері Қызбел ауылынан 45 шақырым жердегі Бидайық елді-мекеніне алып келді.
Кейінгілердің білгені дұрыс. Аталған бабамыздың жатқан жерін ең алғаш тапқан міржақыптанушы Марат Әбсемет екендігін айрықша атап өткен жөн. Меніңше, әрбір қазақ ол кісіге дән риза болса керек.
Міржақып Дулатовтың сүйікті қызы Гүлнәр апамыздың арманы көзі тірісінде әкесінің сүйегін кіндік қаны тамған жерге әкелу еді. Сол ниетіне қол жеткізді. Арада уақыт өткен соң ауылға көрнекті тұлғаның есімі берілді.
Дәл сол кезде мен Жангелдин аудандық мешітінің Бас имамы қызметін атқаратынмын. Алланың жазуымен қыркүйекте Міржақып бабамыздың жаназасын шығару маған бұйырды. Ал, 2022 жылы Алаш арысының атынан оның ұрпағы Бақберген Өтеулиннің өтініші бойынша «Бәдәл» қажылықты өтеу бақытына ие болғанымды ерекше сезіммен айтқым келеді. Өзіме сонау бір жылдары Гүлнәр Дулатова ақ жол тілеп, бата бергені де жадымда сақталып қалды.
– Былтыр өзіңіздің көп жылғы еңбегіңіз жанып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған «Мүфтият үздігі – 2023» номинациясы бойынша республикада «Үздік қала имамы» атандыңыз. Қазіргі кезде сіз басшылық ететін Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешіті хақында әңгімелеп берсеңіз?
-Шынында да сол жыл мен үшін есте қаларлықтай жемісті болғаны сөзсіз.Ұзақ жылғы еңбегім ескеріліп, осындай мәртебелі марапатқа ие болдым. Соны дер кезінде бағалаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына және басқа да дін қайраткерлеріне шексіз алғысымды білдіремін.
Қазіргі таңда «Жайлаубай ата» мешітінде менімен бірге жиырмаға жуық адам қызмет атқарады. Мұндағы мамандардын бәрі де заман талабына сай білім алған, дін саласын жетік білетін азаматтар.
Аталмыш имандылық ордасын белгілі кәсіпкер Төлеген Жайлаубаев және онын әулеті өз қаражатына тұрғызған болатын. Кім мәңгілік дейсіз. Бұл іскер азамат Төлеген ағамыз да бақилық болып кетті. Алайда, оның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде сақталады.
Мешітте түрлі танымдық-тағылымдық жағы мол іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады. Қайырымдылық мақсатта мүмкіндігі шектеулі жандарды, жетім балаларды қамқорлыққа алып, үнемі қолдау көрсетеміз. Имандылық ордасының жанында екі айлық курстар жұмыс істейді. Оны бітірген шәкірттерге арнайы сертификаттар тапсырылады. Биыл Құран жарысы да болып өтті.
Жақында Мәуліт мерекесі де ойдағыдай ұйымдастырылды. Онда Мәуліт-шариф оқылды.Халық көп жиналды. Жастардың алған әсері мол.
– Өзіңіздің дін жолына түскеніңізге де көп болды. Бұл күндері Бас имам ретінде қандай мәселе жиі мазалайды. Сонымен қатар отбасыңызға да қысқаша тоқталсаңыз?
-«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген рас екен. Киелі шаңырағымыздағы әке-шешемнің ықпалы менің осындай дін жолына түсуіме де септігін тигізген секілді.
Мен 1967 жылы Торғай селосындағы зиялы әулетте дүниеге келдім. Осы жерде 1984 жылы орта мектепті ойдағыдай аяқтадым. Содан кейін әкемнің ақ батасын алып, алдымен Жамбыл облысы Мерке селосындағы медіресеге түсіп, діни білімімді көтердім. Ізденісімді жалғастырып, Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбәрәк» Египет ислам университетінде оқыдым.
Бертін Пәкістан мемлекетінің астанасы Исламабадта «Дағуа» академиясындағы, сонан соң Египеттегі «Әл-Азһар» университетіндегі және Алматыдағы республикалық имамдардың білімін жетілдіру институтының курстарында тәлім алдым. Мұның бәрі де менің таңдаған кәсібімді шыңдап, біліктілігімді көтеруге тікелей әсерін етті.
Ал, енді еңбек жолымды балалық шағымның ізі қалған «Оспанқожа» мешітінде Бас имамдықтан бастадым. Тәжірибем толыққан кезде Торғай облысының өкіл имамы болдым. Қазіргі жауапты қызметіме дейін Қостанай аудандық мешітті басқардым.
Отбасыма келетін болсам, құдай қосқан қосағым Қарлығаш та діни медіресенің түлегі. Сүйікті жарым екеуміз үш баламызға тәлімді тәрбие бердік. Бәрі де алдына үлкен мақсат қойған. Соған жету жолында талпыныс жасап жатқандары қуантады.
– Таяуда Міржақып Дулатовтың 140 жылдығы Жангелдин ауданында кеңінен аталып өтті. Онда қаншама танымдық-тағылымдық шаралар ұйымдастырылды. Біздің өңірден екі дін қайраткеріне мерейтойлық медаль тапсырылғаны бәріміз үшін үлкен мәртебе емес пе?
– Осы даңқты жерлесіміздің ғибратты ғұмырын насихаттауда әрі жас ұрпақтың санасына сіңіруде айтарлықтай үлесін қосқан азаматтарға құрмет көрсетілді. Көпшілік алдында облыстың Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы мен маған мерейтойлық медальды Алаш ардақтысының туған жиені Ерлан Сатыбалдиевтің өзі табыс етті.
Әңгімелескен
Оразалы ЖАҚСАНОВ,
сурет кейіпкерден алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
