Социум

«Өркениеттен оқшауланған»: неге Қазақстанның көптеген ауылдарының тұрғындары қыс пен көктемде табиғаттың тікелей сынағымен бетпе-бет қалады?

Бұл жағдай тұрғындардың жайлылығына ғана емес, ең алдымен олардың қауіпсіздігіне, медициналық көмекке, әлеуметтік қызметтер мен білімге қолжетімділігіне тікелей әсер етеді, «ТоболИнфо» хабарлайды.

Ауылдық елді мекендердің көлік қатынасы мәселесі Қазақстанда әлі де ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бірқатар өңірлерде бір жағдай жыл сайын қайталанады: көктемде жолдарды тасқын су шайып кетсе, қыста қалың қар басады. Соның салдарынан тұрғындар іс жүзінде сыртқы әлемнен оқшауланып қалады.

Бұл мәселенің жекелеген емес, жүйелі сипатқа ие екенін республикалық және тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары үнемі көтеріп келеді. Ел картасындағы осындай «ауыр нүктелердің» бірі — Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданына қарасты Журавлевка ауылы. «ТоболИнфо» тілшілері аудан орталығынан және басқа елді мекендерден оқшау қалған кезде адамдардың қалай өмір сүріп жатқанын көзбен көру үшін осы ауылға арнайы барды.

ЖЫЛ САЙЫН ІЗІМ-ҒАЙЫМ БОЛАТЫН ЖОЛ

Журавлевка — аудан орталығы Айет ауылынан небәрі бес шақырым жерде орналасқан шағын елді мекен. Қашықтық аз көрінгенімен, көктемгі тасқын, күзгі нөсер жауын және қыстағы қалың қар кезінде дәл осы бірнеше шақырым жол үлкен кедергіге айналады.

Әр көктем сайын ауылды аудан орталығымен байланыстыратын жолды тасқын су шайып кетеді. Жергілікті тұрғындар үшін бұл жағдай әлдеқашан төтенше құбылыс болудан қалған — ол жыл сайын қайталанады.

Ауыл тұрғындарына азық-түлікті өздері жасаған өткелдер арқылы жеткізді

2024 жылы су тасқыны кезінде ауыл толықтай оқшауланып қалды, көлік қозғалысы тоқтап, қатынас тек арнайы техника арқылы ғана қамтамасыз етілді. Күн сайын суды ағызу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарға азық-түлік пен бірінші қажеттіліктегі тауарлар жеткізілді.

— Біз жеке кәсіпкерлермен бірлесіп ауыл тұрғындарына көмек көрсеттік. Әрбір отбасын есепке алып, адам санын анықтап, азық-түлікпен қамтамасыз еттік, — деп түсіндірді ауылдық округ әкімі Ерлан Назарбаев.

Алайда ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл — бір реттік жағдай емес, мәселені жүйелі түрде шешу қажет.

— Біздің жолды алғаш рет жеті жыл бұрын, тіпті одан да ертерек шайып кеткен. Содан бері бұл мәселе шешілген жоқ. Жыл сайын бір көрініс қайталанады. Тіпті жазда жауын жауса да, жолмен жүру мүмкін болмай қалады, – дейді жергілікті тұрғын Әлия Жұмабаева. – Азық-түлік әкелді, бірақ оны қалай жеткізгенін көру керек еді. Арқанның көмегімен беріп отырды. Біріншіден, бұл қауіпті, екіншіден, біз басқа адамдарға тәуелді болдық.

Айта кету керек, ауылда газ желісі жоқ, үйлер пешпен жылытылады. Ал жолдың жарамсыз күйі газ баллондарын жеткізуде де айтарлықтай қиындық туғызады.

Ата-аналар балаларын мектепке жіберуге қорқады, автобустың ойыққа түсіп кетуінен қауіптенеді

— Соңғы екі айға жуық уақыттан бері бізге газ әкелінбей отыр. Мердігерлер келгісі келмейді. Неге десеңіз, жол ірі қиыршық таспен жабылған, көліктердің дөңгелектері жиі жарылып қалады, — дейді Журавлевка ауылының тұрғыны Әлия Жұмабаева.

Ауылдық округ әкімі мәселенің бар екенін мойындайды, алайда жағдайдың көп жағдайда халықты газ баллондарымен қамтамасыз ететін мердігер ұйымдарға байланысты екенін айтады.

— Мердігерлер көбіне жұмыс көлемінің аздығына байланысты ауылдарға барғысы келмейді. Олар үшін көлемі үлкен елді мекендерге барған тиімді. Бұл бізге тікелей байланысты емес, дегенмен біз олармен тағы да келіссөз жүргізіп, Журавлевка ауылына ай сайын тұрақты түрде келуін сұраймыз, — деп хабарлады құрамына Журавлевка кіретін Айет ауылдық округінің әкімі Ерлан Назарбаев.

МӘСЕЛЕНІҢ ТАМЫРЫ

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, Журавлевкаға апаратын жол мәселесі билік тарапынан шешіліп жатыр, алайда бірқатар қиындықтар туындаған.

Ауыл тұрғындары жолдың нашар жағдайынан зардап шегеді

— Биыл біз Журавлевка ауылына кіреберіс жолға ерекше назар аудардық. «Аудандық маңызы бар Красносельское — Журавлевка автомобиль жолындағы су өткізгіш құбырды орташа жөндеу» нысаны бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарына келісімшарт жасалды. Жұмыстар аяқталғанымен, жолды тексеру барысында су өткізгіш құбыр конструкциясының зақымданғаны анықталды. ТҮКШ бөлімі мердігерге кепілдік міндеттемелер аясында ақауларды жою туралы бірнеше рет хат жолдады. Компания жұмысты орындайтынын хабарлағанымен, бүгінгі күнге дейін міндеттемелерін орындаған жоқ. Осыған байланысты біз сотқа жүгіндік және шешімді күтіп отырмыз. Ал құбырлар орнатылуы тиіс жерде уақытша түрде топырақ, қиыршық тас пен тастар төселіп, тұрғындар, оның ішінде оқушылар үшін қауіпсіз қатынас қамтамасыз етілді, – деп түсіндірді ТҮКШ бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Донас Жақсылықов.

Сонымен қатар Жақсылықов бұл жолдың үнемі бақылауда екенін атап өтті.

Ал ауыл тұрғындарының бұл мәселеге қатысты өз көзқарасы бар. Олардың айтуынша, жолдың жағдайы ең алдымен балаларға қатты әсер етеді. Ауылда мектеп жоқ, сондықтан оқушылар күн сайын көршілес елді мекенге мектеп автобусымен қатынауға мәжбүр. Жаңбыр жауса немесе боран соқса, балалар үйде қалуға тура келеді.

Ауылда газ жоқ, тұрғындар пешті көмірмен жағуда

— 2024–2025 оқу жылында тасқын кезінде оқушыларды тасымалдау мүмкін болмады, жол толықтай жарамсыз күйге түсті, – деп хабарлады білім бөлімі.  Мұндай күндері оқу үдерісі ZOOM, WhatsApp платформалары және электрондық журнал арқылы интерактивті тапсырмалар көмегімен қашықтан форматта жүргізілді. Барлық оқушылар интернетпен қамтамасыз етілген, байланыс жылдамдығы онлайн сабақтарға қатысуға мүмкіндік береді.

Алайда мұғалімдер мен ата-аналардың өздері де қашықтан оқыту  мәжбүрлі шара екенін мойындайды. Ол әсіресе мұғалімдермен тікелей байланыс пен тұрақты оқу ырғағы маңызды саналатын жасөспірімдер үшін дәстүрлі оқу үдерісін толық алмастыра алмайды.

Жолдың нашар жағдайы тағы бір мәселені туындатып отыр – такси қызметінің қымбаттығы. Тұрғындардың айтуынша, аудан орталығына бару құны қалаға қатынайтын автобустың бағасымен шамалас.

— Аудан орталығына жету үшін такси жүргізушілері 1800 теңге сұрайды, ал арақашықтық небәрі бес шақырым. Қостанайға баратын автобуспен (100 шақырымнан астам)  жол ақысы бұдан да арзан. Бірақ мәселе тек бағада емес, жүргізушілер Журавлевкаға бару керектігін естісе, көліктерін бүлдіріп алмау үшін бірден бас тартады, — дейді ауыл тұрғыны Аккемер Жумабаева.

Жергілікті тұрғындар Журавлевкаға апаратын жолдың тек осы ауыл халқы үшін ғана емес, басқа да адамдар үшін маңызды екенін атап өтеді.

Жолды ұстап тұрған құрылым бұзылып жатыр

— Мұнда бүкіл облыстан адамдар бұлаққа келеді. Сонымен қатар бұл жерде зират бар, облыс тұрғындары марқұм жақындарын жиі осы жерге жерлейді. Бар болғаны бес шақырым жолды жеті жылдан бері жөндеп бере алмай отыр, – дейді Қасым Жумабаев.

АЛДА ҚЫС

Бұл кезең Журавлевка ауылының тұрғындары үшін ең күрделі уақыттың бірі. Қарағанда қар жолдағы ой-шұңқырларды тегістейтіндей көрінеді. Алайда іс жүзінде жолды үнемі қар басып қалады, ал тазалау жұмыстары біркелкі жүргізілмейді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мердігер ұйымдардың жұмысы әрдайым үйлесімді бола бермейді, оның салдары бірден сезіледі.

Жолдағы ірі қиыршық тас көліктердің дөңгелегін зақымдайды

— Қыста жолды қар басады. Кейде ауылдың ішін тазалап, аудан орталығына баратын жолды қар астында қалдырады немесе керісінше болады. Әкімдікте мұны техниканың үлгермеуімен түсіндіреді. Алдымен аудан орталығы мен оған жақын ауылдар тазартылмайынша, техника бізге жетпейді. Кейде бірнеше күн бойы күтуге тура келеді, — дейді ауыл тұрғыны Қасым Жумабаев.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары мұндай жағдайдың басты себебі мердігерлердегі техниканың шектеулі болуы екенін айтады. Көп жағдайда компаниялардың небәрі екі-үш техникасы ғана бар, сондықтан барлық учаскеге бір мезгілде қызмет көрсетуге физикалық тұрғыдан үлгермейді.

Сенімсіз құбыр су тасқыны кезінде жолдың бұзылуына қауіп төндіреді

— Бейімбет Майлин ауданында жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарын бес мердігер ұйым атқарады. Техника үнемі дайындықта болып, жолдарды патрульдеуге, қардан тазалауға және жол бөліктеріне көктайғаққа қарсы материалдар себуге пайдаланылады. Әсіресе жолы тар әрі қар үйінділері пайда болу қаупі жоғары учаскелерге ерекше назар аударылады, — деп хабарлады Донас Жақсылықов.

Қыс мезгілі ата-аналар үшін де үлкен сынаққа айналады. Қар басқан, тар жол мектеп автобусымен қатынауды қауіпті етеді. Көптеген ата-ана ауа райы күрт нашарлаған күндері балаларын мектепке жіберуге алаңдайды.

— Автобус осы жолмен жүрген сайын уайымдаймыз. Жол өте тар, қар, мұз… Балалар құлап кетуі немесе жол апатына ұшырауы мүмкін деп қорқамыз. Кейбір оқушылар интернатта тұрады, ал қыста жол жабылған кезде демалыс күндері үйіне жете алмай қалады, – дейді ауыл тұрғыны Әлия Төлебаева.

Мәселені түбегейлі шешу әзірге мүмкін болмағандықтан, жергілікті билік қолдан келгенше халыққа қолдау көрсетуге тырысып отыр.

Кері бағыттағы қозғалыс көліктер үшін қауіпті тудырады

— Жол қармен бітеліп, автобус өте алмаған кезде мен өзім «Нива» көлігімен интернаттағы балаларды алып, үйлеріне жеткіздім, – деп атап өтті ауылдық округ әкімі. — Қыс басталғаннан бері жағдайды үнемі бақылап отырамын, қажет болған жағдайда балаларды үйлеріне жеткізуді қамтамасыз етуге дайынмын.

ТҮКШ бөлімінде ірі қар жауған жағдайда Журавлевкадан басқа ауылдар арқылы айналма жолмен шығуға мүмкіндік бар екенін түсіндірді.

— Иә, жол ұзарады, бірақ патрульденіп, тазартылып отыратын айналма бағыттардың арқасында жедел қызметтердің қатынауын қамтамасыз етуге болады, – деп нақтылады бөлім мамандары.

БАҚЫЛАУДА

Жолдың болмауы Төтенше жағдайлар қызметі  сияқты құрылымдар үшін де қосымша жүктеме туғызады.

— Көктем мезгілінде біз су тасқыны қаупі бар учаскелерді аралап, жағалауды нығайту, су өткізгіш құрылыстарды тазалау және бөгеттер тұрғызу жұмыстарын жүргіземіз. Бұл жолдардың шайылып кету қаупін азайтып, ауылдардың қолжетімділігін сақтауға мүмкіндік береді, — деді ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою басқармасының инженері Аружан Ахметжанова. — Қазіргі таңда Бейімбет Майлин ауданында толықтай оқшауланған елді мекендер жоқ. Ауа райы күрт нашарлаған жағдайда барлық ауылдарға балама бағыттар арқылы қатынау мүмкіндігі болады.

Өркениеттен үнемі оқшауланып қалатын ауылдардың жай-күйі облыстық мәслихат депутаттарына да жақсы таныс. Себебі ұзақ күтіп, сабыры таусылған ауыл тұрғындары барлық мүмкін мекемелерге, соның ішінде халық қалаулыларына да жүгінеді.

— Қазір, әсіресе қыс мезгілінің басталуына байланысты, ең өзекті мәселе – жолдарды тазалау. Мысалы, Бейімбет Майлин ауданына қарасты Журавлевка ауылының тұрғындарынан өтініш түсті. Ауыл аудан орталығына жақын орналасқанына қарамастан, тұрғындар ТҮКШ бөлімі мен мердігер ұйымдардың өз міндеттерін тиісінше атқара алмай отырғанына шағымдануда, – дейді облыстық мәслихат депутаты Динара Үтебаева. — Менің ойымша, ауылдық елді мекендерге жеткілікті деңгейде көңіл бөлінуі тиіс. Соңғы уақытта оң үрдіс байқалып отыр, адамдар қалалардан ауылдарға көшіп, шаруашылықпен айналысуды жөн көруде. Дұрыс қолдау мен қамқорлық болған жағдайда, бүгінгі ауылдар, әсіресе көпбалалы, еңбек етуге дайын отбасылар үшін тартымды бола алады. Бұл  шынымен де маңызды әрі болашағы бар бағыт, ол жүйелі көзқарасты талап етеді. Біз өз тарапымыздан мәселенің түп-тамырын анықтауға әрдайым тырысамыз. Өкінішке қарай, көп жағдайда түйткіл адал емес мердігерлерге тіреледі. Журавлевка ауылындағы жағдай соның айқын дәлелі – мәселе ұзаққа созылып отыр.

БҰЛ  БІР АУЫЛДЫҢ ҒАНА МӘСЕЛЕСІ ЕМЕС

Журавлевка ауылының мысалында «ТоболИнфо» тілшілері Қазақстанның ондаған ауылында елді мекенге жету мүмкін болмай қалған кезде адамдардың қалай өмір сүретінін көрсетуге тырысты. Өйткені әр облыста жылдың белгілі бір мезгілінде сыртқы әлемнен оқшауланып қалатын ауылдар бар.

Мәселен, «Азаттық радиосының» мәліметінше, Абай облысында да бірнеше ауылдың тұрғындары жыл сайын жолдың шайылып кетуі мәселесіне тап болады. Аягөз ауданында су тасқыны Аягөз–Бозай автожолындағы көпірді қиратып, жергілікті тұрғындар өзеннен құтқарушылардың көмегімен өтуге мәжбүр болған.

2024 жылы BaigeNews.kz Ақмола облысы Бурабай ауданындағы Қаражар ауылының тұрғындары балаларымен бірге өзенді кешіп өтуге мәжбүр болғанын хабарлаған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, сол кезде олар бір жарым ай бойы сыртқы әлемнен толықтай оқшауланып қалған. Жолды су шайып кетіп, су өткізгіш құбырлар орналасқан көпір көлік қатынасына жарамсыз болып шыққан.

Көптеген ауылдарда адамдар күтіп, шағымданудан шаршаған. Сондықтан олар нақты әрекетке көшкен. «Орал апталығының» хабарлауынша, осы жылдың 9 желтоқсанында Батыс Қазақстан облысындағы 12 ауылдың тұрғындары Жалпақтал – Көмекші бағытындағы ең проблемалы жол учаскесіне шығып, оның жағдайына және жөндеу жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанына наразылық білдірген. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мердігер жолды жөндеу мен күтіп-ұстау жұмыстарын сапасыз жүргізуде. Жаңбыр жауған кезде және қар еріген мезгілде бұл жол мүлде жүріп өтуге келмейді.

Бұл ауылдардың барлығын біріктіретін ортақ мәселе  инфрақұрылымның нашар күйі немесе оның мүлде болмауы. Ал жолды жөндеуге және қалпына келтіруге қаражат бөлінген күннің өзінде де жиі кездесетін кедергілер бар: климаттық тәуекелдердің жеткілікті ескерілмеуі, мердігерлер жұмысының сапасын бақылаудың әлсіздігі, адал емес мердігер ұйымдар. Соның салдарынан мәселенің шешілуі жылдарға созылып кетуі мүмкін.

Ал шын мәнінде, жолдың болмауы мен тұтас ауылдардың оқшаулануы тек тұрмыстық қолайсыздық қана емес, адамдардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді. Мұндай жағдайда ең сенімді әрі ұзақ мерзімді шешім — барлық кезеңде толық бақылау жүргізілетін сапалы инфрақұрылым қалыптастыру.

«Бұл жарияланым Еуропалық Одақтың «CARAVAN: Шынайы тарихтар арқылы аудиторияның тұрақтылығын арттыру» жобасы аясында Internews ұйымымен қаржыландырылды. Жарияланым мазмұны үшін жауапкершілік толықтай «ТоболИнфо» ақпарат агенттігіне жүктеледі және ол Еуропалық Одақ пен Internews ұйымының көзқарасын міндетті түрде білдірмейді».

Асхат НУРТАЗИН, Асем БАЙКАНОВА,

видеоны түсірген Абиль ДОЩАНОВ, 

Нуржан СМАИЛОВ, Шафаис КАРИМОВ,

суреттерді түсірген Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77