Біздің Қостанай Социум

«Құрмет» орденінің иегері, әнші Манапбек Кәдіров жайлы әңгіме

Дәстүрлі әнші Манапбек Кәдіров 1969 жылы қаңтар айында қазағы қалың, ән мен күйдің нағыз ордасы болып табылатын Жамбыл облысы Талас ауданына қарасты Ақкөл ауылында дүниеге келді.

Қанат ұшса қатаяды

Ән әлемінде өзіндік орны бар талантты ініміз сонау мектептің алтыншы сыныбында оқып жүрген кезінде-ақ өзінің болашағын сахнамен байланыстыратындығын ұстаздары мен туған-туысқандарына дәлелдеді.

Анасы жағынан туыстығы бар Үрзада кішкентай болса да елгезек ұлдың музыкаға деген құштарлығы мен таудай талабын айқын сезді. Сондықтан да оған білгенін үйретуден жалықпады. Мұның есінде ең алғашқы орындаған «Еркем-ай» әні мәңгілік жатталып қалды. Өзі білім алған алтын ұяның тұрақты әншісіне айналды. Мектептегі түрлі концерттік бағдарламалар оның қатысуынсыз өтпейтін.

Ақкөл – талай ел мақтанышына айналған мәдениет майталмандарының алтын ұясы. Осы жерде кіндік қаны тамған дара тұлғалар Алтынбек Оразбеков пен Дүйсенбек Өмірәлиевтерді кім білмейді. Қандастарымыз олардың есімдеріне әбден қанық.

«Қанат ұшса қатаяды» демей ме? Манапбек өзі әлі бала болса да бойындағы талғампаздық қасиеті сол кездің өзінде қалыптаса бастады. Жоғары сынаптарда жүргенде есімдері бүкіл исі қазақтың аузында жүрген атақты әншілер Қайрат Байбосынов пен Жәнібек Кәрменовтердің жүректі қозғап, терең ойға жетелейтін туындыларын теледидарлардан көріп, таспаларға жазып алатын. Ертең есейгенде сол ағаларындай сахна жұлдызы болсам деп армандайтын.

Несін айтасың, жылдар алға жылжыған сайын жасөспірімнің әнге деген құштарлығы дами түспесе, еш төмендеген жоқ. Аудандағы мектепаралық сайыстарға қатысып, қабілетін барынша ұштай түсті. Елді-мекендегі жақын-жуықтар «Көресіңдер, түбі осы Сапарбайдың баласынан нағыз сахна саңлағы шығады» десті. Уақыт өте олардың айтқандары айдай келіп, ұлтының атын өзге елдерге де танытты.

1986 жылы алдына үлкен мақсат қойған 17 жастағы бозбала бұрынғы Жамбыл қаласындағы кезінде Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев негізін қалаған «Алатау» ансамбліне келді. Бұл уақытта оның жетекшісі Мұхтар Рахманқұлов еді. Ол ауылдан келген жас жігіттің батылдығына тәнті болып, дауысын тыңдады. Сынақтан сүренбей өтіп, әйгілі өнер ұжымына әнші болып қабылданды.

Осылайша халқымыздың сүйіспеншілігіне бөленген біртуар өнерпаздардың ықпалын сезініп, ширады әрі өзіне деген сенімі нығая түсті. Әскер қатарында болып, өзінің азаматтық борышын өтеп келді. Содан кейін қайтып оралып, «Алатаудағы» қызметін одан әрі жалғастырды.

Атақты әншілердің тағылымы

Манапбек әріптес ағаларынан көп жайды көңіліне түйді. Кәсіби әртіс болу үшін жоғары білім алу қажеттігін де түсінді. Көп ойланып жатпастан талай өзі секілді жастарға қанат бітірген Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияға құжатын тапсырды. Бұл өнер ордасының да талапкерге қоятын өз сынақтары бар. Одан да ойдағыдай өтті.

Ең қуаныштысы әрі өзін бақытты сезінгендігі өткен жылдары дауысын тек таспалардан ғана еститін Жәнібек Кәрменовтың класына шәкірт болып қабылданды. Әрине, ол шуақты әрі шығармашылыққа толы күндерді ешқашан ұмытпайды. Тәлімгерінің көрсеткен өнегесі өте мол. Оның өзіне тән сабақ беру тәсілі, әрбір шырқалатын әннің шығу тарихына ден қоятындығы бұларға үлгі болды. Шіркін, Жәкеңнің дарынды тани білетіндігі, сөзге шешендігі мен қаламгерлік қыры өз алдына бөлек әңгіме.

Ол қарамағындағы әрбір бозбаланың қарым-қабілетін жақсы білетін. Оның талантын шыңдау мен дарынын ашуға айрықша көңіл бөлетін. Тіпті бұлардың екінші әкелеріндей болып кеткен еді. Тағдырдың жазуына не шара. Кенеттен қайтыс болғанда қайғырмаған қазақ жоқ.

Көрнекті өнер қайраткері дүниеден өткен соң, Манапбекке жақында ғана Қазақстанның Еңбек Ері мәртебелі атағына ие болған Қайрат Байбосынов пен атақты әнші Бекболат Тілеуханов дәріс берді. Осылайша жоғарыда аталған білім ордасының қабырғасында оқыған жылдары бұл өз кәсібінің биік шыңдарына көтерілген корифейлерден тағылым алып, үнемі тың ізденісте болды.

Кешегі ауылдың баласы сол кезеңде әншіліктің өзіне тән қыры мен сырын меңгерумен қатар сахнаның мәдениетіне айрықша назар аударды. Үлкен қаладағы концерттік бағдарламаларды жібермей тамашалап, арман биігіне жақындай түсті.

1994 жылы өзімен бірге оқып жатқан бір топ болашақ жас мамандар Қостанай өңірінен арнайы шақырту алды. Сөйтіп, онға жуық жас маман солтүстікте жатқан қалаға табан тіреді. Содан бергі өмірі осы шаһармен тығыз байланысты.

Өзімен бірге атбасын бұрған жігіттер мен қыздар Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның жанынан «Ақжелең» деп аталатын фольклорлық ансамбльді құруға тікелей атсалысты. Сол жылдары облыстың әкімі әрі қазақ руханиятының жанашыры, мемлекет және қоғам қайраткері Кенжебек Үкин болатын. Аймақ басшысы арамызға қосылған талантты жігіттер мен қыздарға қолдан келген жағдайдың бәрін жасады.

Баспанамен қамтамасыз етті.

Сонымен қатар бұларды мәдениет басқармасының басшысы Римма Ғайсенова мен филармония директоры Владимир Рыдченко жылы жүзбен қарсы алып, алаңсыз қызмет атқаруларына барлық мүмкіндікті туғызды.

Жаңа ансамбльдің құрамында дәстүрлі әнші Манапбек Кәдіровтен басқа домбырашы Ержан Рысметов және оның зайыбы сым қобызшы Сауле Маманова, қобызшы Батырбек Байназаров пен домбырашы Лаура Шахметовалар болды. Оның алғашқы жетекшісі дәулескер күйші Әлімжан Әбсадықов. Ол қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы музыкалық колледжде жауапты қызметте.

«Ақжелеңнің» атақ-даңқы қысқа мерзім ішінде күллі елімізді былай қойғанда, көршілес мемлекеттер мен шетелдерге танылды. Өнерпаз жастар өздерінің консерваторияда тиянақты білім алғандарын, әу баста мамандықтарын босқа таңдамағандықтарын іс жүзінде көрсетті.

Осы арада сөзіміз нақты болу үшін деректер мен дәйектерге сүйенгеніміз жөн болар. Ансамбль құрамы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50 жылдығына орай Мәскеу қаласында өткізілген Халықаралық сайыста жүлделі екінші орынды жеңіп алды.

1997 жылы Манапбек әріптесі Нұрбек Тапалов екеуі Қазақстанның атынан Солтүстік Кореядағы ұйымдастырылған Халықаралық фестивальда ерекше көзге түсіп, арнайы дипломға ие болды.

Жүректен шықпаған жүрекке жетпейді

Дәстүрлі әнші өзінің бойындағы ешкімге ұқсамайтын шеберлігін әрі дара әншілік қолтаңбасын 2003 жылдан бастап өнер сүйер қауымға мойындатты. Алдымен Тараз қаласында өткен Халық ақыны Кенен Әзірбаев атындағы байқауда екінші орынға көтеріліп, лауреат атанды. Содан кейін Башқұртстанның астанасы Уфадағы «Бір дәмләк» деп аталатын Халықаралық сайыста топ жарып, бірінші орынды иеленді.

Сондай-ақ арада екі жыл өткен соң Алматыдағы республикалық «Егемен болмай, ел болмас» атты термешілер сайысында жүлделі үшінші орынды иеленіп, халқымызға кеңінен танылды.

Уақыт өте елордамыз Астанада «Мәдениет және тарих» атты Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Халықаралық байқауда Бас жүлдені жеңіп алып, өзінің дара туған жарқын дарын екендігін байтақ елімізге паш етті.

Ол ТМД елдерінде ұйымдастырылған сайыстарда да өзінің кәсіби әрі болашағынан үлкен үміт күттіретін тұлға екендігін айқын дәлелдеді. Бұған
2016 жылы Ресейдің Екатеринбург қаласындағы «Берега надежды» деп аталатын Халықаралық байқауда бірінші орынды иеленіп, қазақ елінің абыройын асқақтатты. Осындай тынымсыз еңбегі мен өнердегі жетістіктері лайықты бағасын алып, бірқатар марапаттарға ие болды.

2019 жылы «Мәдениет саласының үздігі» атанса, үстіміздегі жылы мәдениет және өнер қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің қолынан «Құрмет» орденін алды.

Манапбек Сапарбайұлы репертуарына талғампаздықпен қарайды. Қазір оның орындауында 150-ден астам туынды бар. Олар негізінен халық әндері, руханиятта өшпес ізін қалдырған көрнекті және заманауи композиторлардың жұртшылықтың үлкен ықыласпен қабылданған әндері.

Ол әсіресе, үлкен сахналарда жанына аса жақын Біржан сал мен Ақан серінің халық жүрегіндегі туындыларын, Ахмет Байтұрсыновтың «Аққұм», Кенен Әзірбаевтың «Көк шолақ», «Бастау», Нұржан Наушабаевтың «Көкен-ай», Естай Беркімбайұлының «Юран-ай», Шәмші Қалдаяқовтың «Сыған серенадасы», Ілия Жақановтың «Түнгі сыр», Жәнібек Кәрменовтың «Бабалар», Серікбай Оспановтың «Тобыл ағады» секілді әндерін ерекше сезіммен әрі шабытпен орындайды.

Мәкеңнен өзі шығармашылығын жоғары бағалайтын еліміздегі замандастары туралы айтып беруін сұрағанымызда ол Еркін Шүкіманов пен Ерлан Рысқалидың нағыз табиғи дарын екендігін мақтанышпен ауызға алды.

Сонымен қатар мәдениет қайраткері шырқалатын туындыларына сәйкес сахналық киімге де айрықша көңіл бөледі. Әрбір шығарманың мәтіні, әуені және оның шығу тарихына да назар аударады. «Жүректен шықпаған ән жүрекке жетпейді» деген қағиданы берік ұстанады.

«Шәкіртсіз ұстаз тұл» демей ме. Жоғарыда айтып өткенімдей, болашағынан үміт күттіретін інілеріне де қамқорлық танытады. Бұл ретте өзінің сенімін ақтаған дәстүрлі әнші Қыдырбек Қиысханның алар орны бөлек. Бұл күндері оның өнерін талғампаз қауым жақсы біледі.
Қазақ елінің абыройын биікке көтеріп келе жатқан бауырымыз өзін отбасында бақытты сезінеді. Сүйіп қосылған жан-жары Сәулемен бірге 2001 жылы жеке шаңырақ көтерді. Ол ұстаз ретінде өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, тәуелсіз мемлекеттің нағыз патриоты болуға тәрбиелеп, әріптестерінің құрметіне бөленді.

Ерлі-зайыптылар қос ұлдары халқының тіректері әрі адал азаматтары болса деп армандайды. Тұңғыштары Мәулен Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің түлегі. Ол да «Әке көрген оқ жонар» демекші, ән айтуға құштар. Сазгерлік және асабалық өнері де бар. Ал кіші ұлы Арон 14 жаста. Сегізінші сынып оқушысы.

Манапбек Кәдіров ұжымында өте беделді. Филармония басшысы Бағдат Оспанов оны өнер ордасындағы тәжірибелі әрі білікті әншісі ретінде кейінгі жастарға үлгі етіп отырады.

– Әнші болу үлкен еңбекқорлықты, үнемі ізденісті, терең білімді қажет етеді. Сондықтан жастайымнан алдыма үлкен мақсат қойып, соған жетуге талпындым. Кәсібімді шыңдау үшін жоғары білім алдым. Ұстаздардан да жолым болды. Алайда, әрбір адамның арманына жету жолында ата-ананың да алар орны бөлек. Сондықтан ол кісілердің алдында мәңгілік қарыздармын.

Біздің отбасымыз өнер десе ішкен асын жерге қоятын. Менің бауырым Жанатбек те елге белгілі әнші. Оны қостанайлықтар да жақсы біледі. Бұл күндері Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясында қызмет атқарып, халықтың алғысына бөленіп жүр, – деді Манапбек

Сапарбайұлы менімен болған әңгімесінде.

Оразалы ЖАҚСАНОВ,
сурет кейіпкерден
алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77