Орманда тұтанған өрт желмен тез өршіп, көптеген елді-мекендерді шарпыған
Әулиекөл ауданына қарасты орманы қалың Аман қарағай елді-мекенінде тұтанған өрт тез жайылып, сол маңдағы ауылдардың халқына үлкен залал алып келді. Аяқ астынан өрт тұтанып, үйіміз жанып кетеді деген үш ұйықтаса ойына келмеген ауыл тұрғындары әлі күнге дейін есенгіреп жүргендей.
Бірақ табиғи аппаттың қашан болып, қандай зардап шектіретінін алдын ала біле алмайсың ғой. Қалың орманды жағалай орналасқан Аман қарағай ауылынан өрт шығып, сол маңдағы үйлерді жалын шарпыды.
Міне, осы тұтанған өрттен үйлерін тастап қашып кеткен отбасылардың бірі Аманшиндер.
-Ештеңеге алаңдамай, демалыс болған соң 9 сыныпта оқитын баламның киім-кешектерін дайындап жүрген едім. Бір жағынан 6 айлық және 2 жастағы баламды далаға шығарып ойнатып отырғанмын. Бірден түтіннің иісін сездім. Бұл не деп үйдің сыртына шығып қарағанымда, орман жақтан шығып жатқан түтінді байқадым. Әрине, соңғы күндері ауарайы қатты ысып кетті ғой соның салдарынан орманның өртеніп жатқан болар дедім. Мұндай үлкен өрт болады деген ойыма келген жоқ. Балаларымен түтіннің иісі тиеді екен деп оларды үйге кіргіздім. Көршілеріміз де түгел далада жүрген еді. Олар да түтіннің иісінен үйлеріне кіре бастады. Иісі өте қатты болды.
Осылай отырғанымызда үйімізге жергілікті әкімдіктің қызметкерлері келіп, бізді аудан орталығына Әулиекөлге апаратындарын айтты. Өзіммен тек құжаттарды ғана алдым. Тез жиналып, автобусқа отырдық. Бізді Әулиекөлге әкелді. Онда да түтіннің иісі қатты шығып тұр екен. Ол кезде өрт аудан орталығына да жеткен. Бұл жерге көп бөгелмей, Айсарыда тұратын ата-анама жетіп алуды ойладым. Ата-анаммен тұратын кенже інім Асылханға хабарластым. Үш баламен Әулиекөлде отырғанымды, мұнда түтіннің иісі қатты шығып тұрғанын айтып едім, ол бірден алып кетемін деді. Сөйтіп, жағалай өрт өршіп тұрғанда, балаларыммен Айсарыға келдім.
Бүгін де осындамыз. Өйткені, кішкентайым 6 айлық ғана. Балаларым кішкентай. Оларға күйіктің исі тиіп кете ме деп қорқамын. Сондықтан әлі де ата-анамның үйінде болатын шығармын. Үйімізді сол қалпында тастап кеттім. Күйеуім жұмыста жүр. Көршілерден сұрап біліп жатырмын. Үйіміз өртенбеген екен. Соған қуанып ортырмын,-дейді Аманқарағай ауылының тұрғыны Ботагөз Аманшина.
Орманнан шыққан өрт 43 мың гектарға жайылып, қаншама елді-мекендерді шаршып, көлік жүретін тас жолдар жабылған еді. Бүгінде өрт толық тоқтатылып, табиғат апатының келтірген шығыны есептеліп жатыр. Сондай-ақ өрттен жалғыз баспанасынан айрылған жандарға да қажетті қайырымдылық жұмыстары жүргізілуде. Әрине, қаншама жанның бір мезетте баспанасыз қалуы үлкен қасірет болса керек. Алдағы уақытта өрттен жапа шеккен отбасыларға мемлекет тарапынан толық көмек көрсетілетін болады.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген Шыңғыс САБЫРОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77