Культура

Рудный қаласында өнер сүйер қауымды тоғыстырған «Вспышка талантов» атты халықаралық байқау өтті

Шығармашылыққа толы бұл іс-шара Қостанай облысының әр өңірінен жиналған жас таланттардың басын қосты. Байқауға жалпы саны 57 шығармашылық нөмір ұсынылды.

Би өнері – талғам мен сезімнің, жинақылық пен нәзіктіліктің көрінісін айшықтайды. Өнер жарысында аудан, қала, ауыл демей, әр жерден келген қатысушылар өздерінің ерекше қабілеттерін паш етті. Әртүрлі жанрда өнер көрсеткен балалардың арасында ерекше көзге түскендері де аз болмады.

Бұл байқауда Садчиков мектебінің «Жұлдыз» би ұжымы үлкен жетістікке жетті. Көптің арасынан суырылып шығып, жоғары деңгейдегі өнерімен көрермендерді таңдай қақтырған. Дана халқымыз «Өнерлі – өрге жүзер» демекші, бабы мен бағы қатар жанған бүлдіршін аруларымыз «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығып, бәйгеден оза шауып бас жүлдені қанжығаларына байлады. Бұл ұжымның өнері қазылар алқасын ғана емес, байқауға жиналған көрермендерді де тәнті етті.

Еркегүл Тоққужина 2012 жылдан бері көркемдік жетекші ретінде еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында ол 3 ұжымды биік белестерге жетелеп, түлеткен. Қазір ол өзінің төртінші би тобын өнерге баулып, тәрбиелеуде. «Жұлдыз» би ұжымында 8 бен 13 жас аралығындағы 18 қыз өнер көрсетеді, бұдан бөлек, кішкентай және орта жастағы топтар да жұмыс істейді.

– «Жұлдыз» ұжымының құрылғанына шамамен 5 жылдай болды. Әрине, осы уақыт аралығында топқа келушілер мен кетушілердің қарасы қалың болды. Дегенмен, қазіргі құрам – ең мықты, ең ынталы қыздардан құралған. Балалар мен ата-аналарының қолдауы – біздің жетістігіміздің басты кілті. Байқауда жеңіс белесінен көрінуміздің басты себебі де осында, – дейді «Жұлдыз» ұжымының көркемдік жетекшісі Еркегүл Тоққужина.

Бишілер өздерінің қарсыластарына мүмкіндік қалдырмай, жеңіске жету үшін ең жарқын және ең қызықты би нөмірлерін көрсетті. Ұжым жетекшісі балалардың әрбір қимыл-қозғалысын мұқият қадағалап, шығармашылық нөмірді жоғары деңгейде ұсынуға бар күшін салған. Бұл байқауға дайындық қысқа уақыт ішінде жүзеге асқанымен, балалар үлкен ықыласпен еңбектенді. Ұлттық нақыш пен заманауи биді шебер ұштастырған жас өнерпаздардың шынайы еңбегі мен жанкешті дайындықтары өз жемісін берді.

Көркемдік жетекшінің айтуынша, ұжым бұған дейін аудандық фестивальдер мен түрлі іс-шараларға қатысып келгенімен, ресми байқауларға алғаш рет шыққан.

– Біз Тобыл қаласында және ауылымызда ұйымдастырылатын барлық мәдени іс-шараларға белсенді қатысамыз. Балалардың қуанышын көру – мен үшін үлкен шабыт. Оларды қолдайтын ата-аналарына алғысым шексіз, – дейді ол.

Ұжымды тәрбиелеуде Еркегүл ерекше әдістерді қолданбайды. Оның айтуынша, балалармен бір толқында болу және олардың көңіл-күйін түсіне білу – басты қағида.

– Балалардың қызығушылығын арттыру үшін біз бірге видео түсіріп, қалаға серуендеуге шығамыз. Мұндай шаралар олардың топ ішінде өзін еркін сезінуіне, бір-бірімен жақын дос болуына көмектеседі, – дейді жетекші.

Байқауда қатысушылардың өнерін кәсіби қазылар алқасы бағалады. Олар балалардың орындаушылық шеберлігіне, сахнадағы өзін-өзі ұстауына, шығармашылық идеяларына назар аударды. Қостанай облысының түкпір-түкпірінен келген жас өнерпаздардың барлығы да үлкен дайындықпен келгенін байқау қиын болмады. Алайда Садчиковка мектебінің ұжымы жарық жұлдыздай жарқырап, бас жүлдені иелену арқылы өздерінің үздік екенін дәлелдеді.

Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА,
суретті ұсынған кейіпкер


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77