Біздің Қостанай

Құрылыс – төзімділік пен жауапкершілікті талап етеді

35 жыл қатарынан құрылыс саласында еңбек етіп келе жатқан Светлана Мұхаметжанова жайында

Құрылыс – жеңіл жұмыс емес әрине. Қысы жазы бір үзілмейтін құрылыс жұмыстары үлкен қиыншылықпен жүріп жатады. Бұл ретте құрылысшылардың біліктілігіне де көп нәрсе байланысты. Менің бүгінгі кейіпкерім Светлана Мұхаметжанова 35 жыл қатарынан құрылыс саласында қызмет етіп келеді. Бүгінде ол «БК-Строй» құрылыс компаниясында 2007 жылдан бері жаңадан салынған көп қабатты тұрғын үйлерінің ішкі жұмыстарымен айналысады. Ол яғни қабырғаға тұсқағаз жабыстырар алдында қабырғаны тегістейді, кейін тұсқағаз жабыстырады және керек жерлерін сырлайды, әктейді. Міне, осындай бөлмелердің ішіндегі жұмыстарды жүзеге асырады.

Жалпы, менің кейіпкерім Светлана Мұхаметжанова Ресей елінде дүниеге келген. Оның ата-анасы Любовь пен Виктор ол 11 жаста болғанда Қазақстанға жұмыс бабымен келген. Сөйтіп, Қостанай ауданы Пешков ауылына орнығады.

Светлана Мұхаметжанова осы Пешков ауылындағы орта мектепті тәмамдап, қазіргі Тобыл қаласындағы Ауылшаруашылық колледжінде 1982-1985 жылдар аралығында ауылшаруашылығы құрылысының шебері мамандығын игеріп шығады.

-Мен қалыма құрылыс колледжінің дипломын алған бетте, мамандығым бойынша жұмыс істеуді бастап кеттім. Құрылыста 1990 жылдарға дейін үздіксіз істедім. 1990 жылдары ел үшін ауыр болды. Соның ішінде құрылыс саласы тоқырап, жұмыс тұрып қалды. Сол кездері күнкөріс үшін базарда саудамен айналыстым. Кейін уақыт өте құрылыс жандана түскенде алғашқылардың бірі болып өз мамандығыммен жұмыс істеуді бастадым. Содан бері үздіксіз құрылыс саласында еңбек етіп келемін, – дейді еңбекқор жан.

Бүгінде Светлана Мұхаметжанова ұлы Радион екеуі «БК-Строй» құрылыс компаниясында ішкі жұмыстар бригадасында еңбек етіп жүр. Жұмыстары өздеріне ұнайды. Ұлын да бала кезден құрылыс саласына бейімдеп өсірген. Жалақыларына да көңілдері толады.

– Қостанай қаласында соңғы жылдары көп қабатты тұрғын үй құрылысаны ерекше көңіл бөлініп, жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Өзім жұмыс істейтін құрылыс компаниясы уақытпен санаспай сапалы үй тұрғызып жатыр. Сапа жолында жұмыс істеу мақсатында бізге яғни құрылысшыларға талап жоғары. Сондықтан әр істеген ісімізге жауап береміз. Мысалы, мен қабырғаны түзу тегістемесем, кейін оның үстіне тұсқағаз жабыстырғанда қабырға қисайып көзге бірден түседі. Бұл бірінші кезекте құрылыс компониясының сапасыз үй салғанын білдірер еді. Міне, сондықтан біз бригада болып, әрқайсымыздың жұмысымыз үшін жауап береміз. Бір ұжымда жұмыс істегеннен кейін, бір-біріміздің кемшілігімізді қарап, дер кезінде дұрыстап отырамыз. Осылайша, пәтерлердің қабырғаларын түзу сылап, әдемі етіп тұсқағаз жабыстырамыз. Бір қарап отырған жанға тұсқағаз жабыстыру екінің қолынан келе беретін оңай дүние көрінуі мүмкін. Бірақ бұл олай емес. Бұған да көп жылғы тәжірибе керек. Сонымен қатар жабыстыратын тұсқағаздың сапасы да маңызды рөл атқарады. Өзім бұл жұмысқа әбден төселіп алғандықтан, қандай сападағы тұсқағаз болса да жоғары деңгейде жабыстыра аламын, – дейді ол.

Жалпы, қай жұмыста болмасын қойылатын талап жоғары. Осы талаптан шығу үшін маманға біліктілік пен мол тәжірибе керек. Бүгінде өз саласында мол тәжірибе жинап, қарапайым еңбектен бақытын тауып жүрген Светлана Мұхаметжанова көпке үлгі боларлық жан.

Ол күнделікті ауыр жұмысынан үйіне келіп, немересі Еваны құшақтап, мауқын басып, шаршағанын ұмытады. Алтын асықтай немересі балдан да тәтті. Жасы 56 келген құрылыс саласының білгірі Светлана Мұхаметжанова, қалтасындағы бар ақшасына немересінің қажетін алып, оның соған шаттанып қуанғанын көріп, демалысын өткізеді.

Қарапайым еңбек етіп өмірден өз бақытын тауып, әр күнін шаттықпен өткізіп жүрген жанға таң қаласың да тамсанасың.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77