Өткен сәрсенбі күні Қостанайдағы Әл-Фараби көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің тұрғындары төтенше қызметтердің кенеттен келуіне куә болды. Үйдің жанына екі өрт сөндіру көлігі, жедел жәрдем және ТЖД мамандары жетті — тұрғын үйде өрт шықты деген хабар түскен.
Кейін белгілі болғандай, дабылдың себебі — тоғызыншы қабатта тұратын қарт кісінің алаңдаушылығы болған. Домофон дәнекерлеу жұмыстары кезінде шыққан күйік иісін байқап, өрт шықты деп ойлап, бірден құтқару қызметіне хабарласқан. Алайда, бұл жағдай жалған дабыл болып шыққанына қарамастан, қоңырау заң бұзушылық болып саналмайды.
Біз мұндай жағдайлар қаншалықты жиі кездесетінін білу үшін Қостанай облысының ТЖД-на сауал жолдадық.
— Биылғы жылдың алғашқы үш айында Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаментіне 65 өрт туралы хабарлама келіп түсті, алайда олардың ешқайсысында өрт фактісі расталмады. Мұндай жағдайлардың басым көпшілігі мұқият тұрғындар, көршілер немесе куәгерлер тарапынан қоңырау шалу нәтижесінде орын алады. Олар жылыту жүйелерінен шыққан бу, желдету кезінде пайда болған түтін, күйген тамақтың немесе металл кесу кезіндегі иістерді өрт белгісі деп ойлап қалады. Мұндай хабарламалар жалған шақыруға жатпайды, өйткені азаматтардың шынайы алаңдаушылығы мен зейінділігіне негізделген, — деп түсіндірді департамент өкілдері.
ТЖД өкілдері өрт фактісі расталмаған жағдай мен әдейі жалған шақырудың ара-жігін ажырата білу керек екенін ескертеді. Егер адам өрт жоқ екенін біле тұра, әдейі жалған хабар берсе — бұл әрекет жалған шақыру болып есептеледі. Мұндай жағдайларда әкімшілік, кей кездері қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Құтқарушылардың айтуынша, өрттің аздап та болса белгілерін байқасаңыз, бірден 112 нөміріне хабарласқан жөн. Шынайы қауіп-қатерді елемей қалдырғаннан гөрі, артық сақтанған дұрыс.
Аяжан СЕРІК,
суретті түірген Лариса БОЖКО
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77