Біздің Қостанай

Садақ ату – төзім мен жігерді талап етеді

Бүгінде қаламыздағы «SAQ» дәстүрлі садақ ату клубының жұмысы жандана түскен

Садақ ату 1900 жылдан бері жазғы олимпиада ойындарының тізіміне енген мергендік спортының бір түрі. Бұл спорт түріне шыдамдылық, жүйке мықтылығы, өткір көз және қуатты қол қажет. Осының барлығы садақпен атқанда жеңіске жету үшін  қажет. Бүгінде спорттың бұл түрі әлемнің 140 елінде көрініс тапқан. Садақ ату көп күшті қажет ететін, соңғы жебеге дейін жалғасатын жарыс.

Елімізде садақ тарту спорты 1967 жылдан бастап дами бастады. 2021 жылдан бастап бұл дәстүрлі спорт түрі болып белгіленді.

Ықылым заманнан қару ретінде қолданылған садақтың қазақ халқы үшін ерекшелігі зор. Білекті батырларымыз кең байтақ жерімізге көз алартқан жауларымызды садақпен атып, найзаның ұшымен түйреп қорғағаны белгілі. Тіпті қазақтың жақұтына айналған «Қыз Жібек» фильмінде де Жібек арудың көзін байлап екі батырдың бірін өмірлік серігі ретінде таңдауында да садақтың жебесінің таңдалуы бекер болмаса керек. Көзін байлап, қолына қос батырдың жебесін ұстап біреуін қолында қалдырып екіншісін жерге тастай салуының да астарында үлкен мән жатса керек. Сондай-ақ садақтан атылған жебе қай жерге түссе сол жерге отауын құрамын дегені де қазақ халқының садақты кие тұтқанын көрсетсе керек.

Сондықтан садақ ату спортының дәстүрлі спорт түріне айнауы үлкен мәнге ие. Міне, осынау адамның бойында жігерлілікті, батылдықты, шыдамдылықты талап ететін спорттың бұл түрі өңірімізде де қанатын жайып келе жатқаны белгілі. Өткен жылы Қостанай қаласында «SAQ» дәстүрлі садақ ату клубы ашылған болатын. Бұл клубты ашып, қостанайлық жұртшылықты садақ атуға баулып жүрген алдына таудай мақсат қоя білген қазақтың қайсар қызы Аяулым Аппазова.

Аяулым өзі бала кезден садақ ату спортына ерекше қызығушылық танытқанын айтады. Өсе келе осы садақ атумен кәсіби түрде айналысып, өзі ғұмыр кешіп жатқан Нұр-Сұлтан қаласындағы садақ ату үйірмесіне барады. Кәсіби түрде айналысатын спорттан ол бірнеше жүлделі орындарға да ие болған. Бірақ тек жарыстарға ғана қатысып, қоймай елімізде садақ ату спортын барынша дамытуға өзіндік үлесін қосуды ұйғарады. Сөйтіп, өзі туып өскен өлкесі Қостанайға келіп «SAQ» дәстүрлі садақ ату клубын ашуды ұйғарады. Бұл ойы да жүзеге асып, Қостанай қаласының тұрғындарына бүгінде садақ атуды үйретіп жүрген жайы бар.

-Садақ ату төзімділікті, жігерді талап ететін спорт. Бұл оңай деп айта алмаймын. Садақ ататын адамның мінезі қатты болу керек. Оны тез меңгеруге болады деп айта алмаймын. Бірақ әркімнің өзінің қабілетіне орай. Бүгінде клубымыздың 16 тұрақты келушісі бар. Олардың жасы 10-45  аралығында. Клубқа 10 жастан бастап қабылдаймыз. Оқушылар мен студенттер үшін садақ атуды үйрену құны айына 10 000, ал ересектер үшін 15 000 теңге. Жетісіне 1,5 сағаттан екі рет жаттығу өткізіледі. Клубқа келушілерге ұсынылатын 9 садақ бар. Бұл садақтардың барлығын өзім Түркияның «Охчу баба» фирмасынан арнайы тапсырыспен алдырғанмын. Осы фирманың «Осман» деп аталатын моделі. Бұл садақтардың сапасы жоғары. Сондықтан осы клубты ашар кезде алдын ала тапсырыс жасаған болатынмын. Қазіргі таңда клуб мүшелері осы садақтармен атуды үйреніп жүр. Қостанайлықтардың садақ атуға деген қызығушылығы уақыт өте артып келеді. Мектеп оқушыларынан бастап, жастары 40-тан асқан кісілер де келіп, бір уақыт садақ атып, жүйке жүйелерін тыныштандырып, бір демалып қайтады. Садақ атудың денсаулыққа да пайдасы зор. Бұл қару түрі бір нәрсеге ренжіп, ішіне жинап, шыдамы таусылған жандардың ішкі жандүниесін сыртқа шығарып, бір жеңілдеп қалуына көмектеседі. Бір кісіге қатты қапы болып, ренжіген жандар, 1-2 сағат қатарынан нысанаға көздеп садақ атса біраз ашуының қайтқанын байқайды. Міне, садақ атудың басқа спорт түрлерінен ерекшелігі де осында болса керек,-дейді «SAQ» дәстүрлі садақ ату клубының директоры Аяулым Аппазова.

Қазіргі таңда клуб мүшелері садақ атудан өтетін түрлі жарыстарда бақ сынап, өздерін барынша шыңдау үстінде. Осы мақсатта толыққанды жаттығулар ұйымдастырылуда.

-Дәстүрлі спорт түріне қосылған садақ ату спортының болашағы зор деп білемін. Өкінішке орай, спорттың бұл түрінен спорт шеберлері көп емес. Әлі де басқа спорт сияқты толық насихатталып жүрген жоқ. Сондықтан болар, клубымызға келушілер көп деп айта алмаймын. Болашақта садақ атуға қызығушылық танытқан жандардың саны артса жақсы болар еді. Менің алдағы уақытта жергілікті халықтың арасында садақ атуға деген қызығушылықты тудырсам деген арман мақсатым бар,-дейді садақ атудың шебері.

Дәстүрлі садақ ату спорты өңірімізде қарқын алып, садақ атуды үйренемін деуші жас жеткіншектерге клубтың есігі әрдайым айқара ашық. Тек үйренсем деген ниет болса болғаны.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Суретті түсірген Владислав ВЫСОЦКИЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77