10 регион Біздің Қостанай Социум

Садчиков ауылдық округінің болашағы мен бүгінгі тынысы

Ауылдың тарихы 1885 жылдан бастау алады

Қостанай ауданында орналасқан ауылдық округтарының бірі-Садчиков жайында.

Садчиков ауылдық округі Садчиков және Константиновка ауылдарын қамтиды, мұнда барлығы 2355 адам тұрады, оның ішінде Константиновка ауылында шамамен 730 адам, ал қалғандары Садчиков ауылында тұрады. Садчиков ауылының тарихы 1885 жылдан бастау алады, әсіресе ауыл шаруашылығы саласында өз орны бар. Ауылда кітапхана, мәдениет үйі, дәріхана да бар. Дәріхана осыдан үш-төрт жыл бұрын ашылған. Қазіргі таңда ауылдың жетістіктері өте көп.

Кеңес заманында Садчиков ауылы танымал оқу-шаруашылық ретінде белгілі болған. Әртүрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруде тәжірибелер жүргізілген, сондықтан ауылда өсімдік және мал шаруашылығы салалары жақсы дамыды. Бүгінгі күні округте «Олжа Садчиковская» сияқты ірі кәсіпорындар жұмыс істейді, олар дәнді дақылдар өсірумен, сүт өнімдерін өндірумен айналысады. Кәсіпорынның өнімдері Костанай облысында және басқа аймақтарда сұранысқа ие.

– Ауылдағы инфрақұрылымды жақсарту үшін мемлекет ауылдық аумақтардың дамуына айтарлықтай қаржы бөліп келеді. 2021 жылы мен әкім болып тағайындалғаннан бастап, инфрақұрылымды жақсарту жобаларын жүзеге асыра бастадық. Садчиков ауылына құны 1 миллиард 200 миллион теңгені құрайтын су құбыры салынды, ауылдарда газ және электр қуатымен 100% қамтамасыз етілген. Биыл бірнеше жол салынды, ал келесі жылы тағы 30 жол жобасы қолға алынбақ, – дейді округ әкімі Нұрлан Айтмағамбетов.

Округте 15 дүкен жұмыс істейді, жуырда Константиновка ауылында жаңа дүкен ашылды. Экономиканың дамуы – тұрғындарға жұмыс орындарын құру. Ауыл халқының көпшілігі өз округінде жұмыс істейді, ал кейбірі Қостанайда еңбек етеді. Қалада тұратын мұғалімдер, агрономдар сияқты мамандардың ауылға келуі жиіледі, бұл жергілікті экономиканың дамуын көрсетеді.

Округте ауыл шаруашылығы кәсіпорындары белсенді дамып келеді, «Олжа Садчиковская» сынды ірі кәсіпорындар бар. Олар кең көлемде егін егіп, мал азығын дайындайды. Біз мал шаруашылығына бағытталған жаңа бастамаларға қолдау көрсетіп, жаңа кәсіпорындар ашу жұмыстарын қолдаймыз.

– Бізде халыққа өз ісін ашуға қолдау көрсететін бағдарламалар бар, әсіресе мал шаруашылығы саласында. Жаңа кәсіп бастау үшін арнайы алаңдар ұсынамыз. Сонымен қатар, округтегі мектептер мен медициналық мекемелер арқылы халықты қолдап отырамыз.

Садчиков және Константиновка ауылдарында мектептер бар, олардың әрқайсысында 400 және 98 оқушы оқиды. Біз балалар үшін ыңғайлы жағдай жасауға тырысамыз. Мәдениет саласында округте мәдениет үйі жұмыс істеп тұр, оның жанында фольклорлық ансамбльдер бар, олар әртүрлі іс-шараларға, тіпті телеарналарға да қатысып отырады.

Иә, жастар осында қалғысы келеді. Бізге мұғалімдер, агрономдар сияқты жас мамандардың келуі артты. Ауылымызда үйлердің бағасы жоғары болғандықтан, көпшілігі осында қоныс тепкісі келеді. Біз өмір сүруге ыңғайлы жағдай жасау үшін жұмыс істеп жатырмыз: балаларға арналған алаңдар ашып, инфрақұрылымды дамытуды жалғастырудамыз.

Садчиков ауылдық округіндегі негізгі кәсіпорындардың бірі – 1998 жылы құрылған «Садчиковское» ЖШС. Кәсіпорын дәнді, дәнді-бұршақты және майлы дақылдарды өсірумен қатар, тұқым шаруашылығымен және сүтті бағыттағы ірі қара мал өсірумен айналысады. Ауыл тұрғындары үшін «Садчиковское» тек жұмыс орны ғана емес, сонымен қатар аймақтың тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз ететін маңызды экономикалық фактор болып табылады. Көптеген ауыл тұрғындары онда ондаған жылдар бойы еңбек етсе, кейбіреулері 20 жылдан астам уақытын осы кәсіпорынның дамуына арнаған.

Болашақта инфрақұрылымды жақсартуды, өмір сүру және жұмыс жағдайларын көтеруді жоспарлап отыр. Инвестиция тартуды және жаңа жұмыс орындарын құруды көздейді. Егер қазіргі қарқынды сақтайтын болса, жастар осында қалып, өз болашағын Садчиков және Константиновкада құратынына сенімді.

Ауыл тұрғындары әкімге жиі сұрақтар қояды. Көптеген мәселелер қаңғыбас иттерге байланысты. Иттерге қатысты мәселе қиындап тұр, өйткені заңға сәйкес оларды қамқорлықпен ұстау қажет, бірақ кейде оларды қолға үйрету немесе қауіпсіз ету қиынға соғады. Иттерді ұстау және арнайы орындарға жеткізу жұмыстарын жүргізуде, дегенмен олар қайтадан көшеге шығып кетеді.

— Біздің ауыл жыл сайын өсіп-өркендеп келеді, үнемі жаңалықтар болып жатады. Мәселен, ауылымызға су құбырын тартып, жол белгілерін орнатып, инфрақұрылымды жақсартуға көңіл бөлінді. Бұрын мұндай болмаған еді. Қазір ауылға көшіп келушілер де көбейді. Әкіміміз де өте жақсы кісі, бұған дейін бізде мұндай басшы болған жоқ. Жұмыстың жүріп жатқанын бірден аңғаруға болады. Ауыл тоқтап тұрған жоқ, үнемі дамып, алға басып келеді, — дейді ауыл тұрғыны.

Әкімнін айтуынша, қоғамдық көлікке қатысты да мәселелер бар, әсіресе қыс мезгілінде. Жеке тасымалдаушылардың бұл бағытты субсидиялағысы келмейтіндігі салдарынан қиындықтар туындауда. Мәселені шешуге тырысуда, алайда әзірше нәтиже аз.

Ауылдық округ әкімі Нұрлан Айтмағамбетов 2021 жылы әкім болып тағайындалды. Тұрғындардың айтуынша осы үш жыл ішінде ауылда көптеген жұмыстар жасалды.

Болашақта балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инфрақұрылымды жақсарту үшін жарық шамдары мен қосымша аялдамалар орнату жоспарымызда бар. Жолдардың кейбірі асфальтталып, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасалды.

Садчиков ауылдық округі дамып келеді, бұл ауылдың болашағы жарқын боларына сенімдіміз. Ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту, жаңа жобаларды іске асыру мақсатында жұмыс жалғасады.

Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77