Қалалық кітапханада «Зұлмат жылдар жаңғырығы» атты кітап көрмесі онлайн жүйесі арқылы көпшіліктің назарына ұсынылды
Елімізде 1997 жылдан бері жыл сайын 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні аталып келеді. Миллиондаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасына суарылған тарихымыздың шерлі беттерін парақтайтын айтулы датаға орай Н.Островский атындағы қалалық кітапханасында «Зұлмат жылдар жаңғырығы» атты кітап көрмесі онлайн жүйесі арқылы жұртшылыққа көрсетілді.
30-жылдардағы репрессиялар тек қана жеке адамдарды құртып-жойғандығымен емес, сонымен бірге күллі тарихымызға, қоғамдық санаға жасаған реставрациясымен де жиіркенішті болды. Жасанды жаралар салдарынан елім деп еңіреген талай азаматтың өмірі қиылып, сіңірген еңбектері жоққа шығарылғаны баршамызға мәлім. Жазықсыз сотталғандардың, өз халқына деген сүйіспеншілігі үшін зардап шеккендердің, туған жерінен қудаланғандардың рухына бас иетін Қостанай жұртшылығы 2003 жылдың 31 мамырында ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап ескерткіш орнатқан. Бұл дата Қазақстан үшін айрықша мағынаға ие екендігіне тоқталған кітапханашылар, онлайн жүйесі арқылы көрмемен танысқан оқырмандарға ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, жаппай жазалаудың сол бір қиын қыстау кезеңдегі тағдырлары тәлкекке түскен саяси қуғын-сүргін құрбандары және сол аштықтың зардабын тартып, өздері де бір өліп, бір тірілген тірі куәгерлер көздерімен өріп, бастарынан өткерген зұлмат жылдар трагедиясын баяндайтын еңбектер қатарын ұсынды.
Белгілі журналист, филология ғылымдарының кандидаты Сапабек Әсіптің «Қазақ қасіреті» атаулы еңбегімен танысқан оқырмандар «көкірек көзіміз ашылып, жер қадірін білуге, ата мекен үшін күресті, өмірлік мақсатымыз деп түсінуге көмектесетін еңбек екен» деген пікірін білдіріп, кітапқа онлайн арқылы сұранысын білдірді. Ал, «Қазақ қалай аштыққа ұшырады», Бейбіт Қойшыбаевтың «Жазықсыз жапа шеккендер», Захариддин Қыстаубаевпен Балжан Хабдинаның құрастыруымен шыққан «Қызылдар қырғыны» зерттеулерінен оқырман жазықсыз жапа шеккен абзал азаматтардың бірсыпыраларымен таныса алды.
Сонымен қатар бұл кітаптарда сөз етілген 1931-1933 жылдардағы тоталитарлық жүйе тұсында тағдыры тәлкекке түсіп, небір сұмдықты өз бастарынан кешіріп, тірі қалғандардың аянышты тағдырлары экран сыртындағы оқырмандарды енжар қалдырмасы анық. Алаш партиясының қатарында болған ұлт зиялыларының өмір жолы мен қызметін баяндайтын, бұрын-соңды ғылыми-тарихи айналымға түспеген көптеген құжаттар қамтылған Ордалы Қоңыратбаевтың «Тұрар Рысқұлов», Жолтай Әлмашұлының.
«Сұлтанбек Қожанов» атаулы еңбектері де көрермен назарына ұсынылды. Ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргін, тоқырау заманын қамтыған ең ірі көркем туындылардың бірі – Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» трилогиясы да көрермен назарына жол тартты. Шебер суреттелген бұл көркем шығармамен таныс оқырман зілбатпан салмақ түскен жүрегінің төс сүйегін тесіп шығардай тепкіленіп, бұлқынғанын айтып, бейнекөрмеге пікір жазып қалдырып жатты. Сондай-ақ көрмеде баспасөз материалдарына да орын берілді. «Қазақстан тарихы: әдістемелік» журналының 2020 жылғы 1 нөмірінде «Қазақстан аумағындағы Кеңестік «еңбекпен түзеу» легерлері» атты жарық көрген мақала және «Мәдениет» журналында 2019 жылдың 1 санында жарық көрген «Тозақ жылдар» атты мақаламен де оқырмандар таныса алды.
Кітапханашылар бейнешолу соңында зұлмат жылдар тарихы көңілін алаңдатқан, тарих көшіне тағы бір назар салғысы келетін оқырмандарды, көрермендерді кітапхананың оқу залына келіп кітап көрмемен жақынырақ танысуға шақырды.
Ботакөз Әділбекқыз
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77