Біздің Қостанай Спорт

Самбодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ақжол Қайыржанұлы жөнінде

Облыс орталығында тұратын ерлі-зайыпты Қайыржан және Жаңагүл Қонысбайларды өңір тұрғындары жақсы біледі. Олар Қостанай облысы Жангелдин ауданының тумасы

Екеуі де еңбекқор, ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты берік ұстанған шаңырақта тәрбиеленіп, елі мен халқына адал қызмет етіп келеді.

Көпке танымал әулет

Біздің қазақ «Тектіден текті туады» деп босқа айтпайды. Бұл әулеттің бәйтерегі Қонысбай аға сол өңірге белгілі, ғұмыр бойы табан ақы, маңдай теріне сүйенген азамат. Оны құрдастары темірден түйін түйген жан ретінде ерекше құрметпен қарайды. Себебі, бейнеттен қашпайтын кісі зейнеткерлікке шыққанға дейін түрлі салаларда жұмыс істеді.
Торғай елді-мекенінің халқы оны бесаспап маман ретінде де өздеріне үлгі тұтты. Себебі, ол механик болған жылдары техниканың қыры мен сырын білгісі келген адамдар әрқашан оның көмегіне жүгініп, науқан кездерінде ақыл-кеңесін алатын.

Қарапайым ғана білікті аға ешқашан да алдына келген үлкенді-кішілі қауымнан білгенін аяған емес. Сондықтан болар, замандастары әлі күнге дейін оның іскерлік қырлары мен адамгершілігін өзгелерге жыр қылып айтады.

Ал, осы үйдің алтын діңгегі болып отырған Күлпәш апа мейірбан да дарқан мінезді. Ол ғұмыр бойы отағасының абыройын асырып, келімді-кетімді кісілерге қонақжайлық танытып, ешқашан дастарқаны жиналған емес. Мұндай кеңпейіл, жүрегі кең анадан кейінгілердің де үйренері де аз болмады.

Осынау ынтымағы жарасқан әулетте үш ұл мен бір қыз кішкентайынан тәлімді тәрбие алғандықтан балалары да өсе келе ата-анасындай болуға тырысты. Әрине, олардың әрқайсысының өзіндік орны бар. Осы шаңырақтың бір перзенті Қайыржанның сөз саптауынан, күнделікті тіршіліктегі талпыныстарынан «Әке көрген оқ жанар» демекші, жанұяда ғибратты өнеге көргендігін пайымдау қиынға соқпайды.

Ініміздің қолынан келмейтіні жоқ. Ол әрдайым «Жігітке жеті өнер де аз» деген қағиданы ұстанады. Өте көпшіл, адамдармен тез тіл табысады. Өзінің ептілігінің арқасында қысқа мерзімде облыс орталығынан тұрмысқа жайлы жеке үй тұрғызды.

Қазіргі таңда өзінің жеке кәсібі бар. Бір орында тұрғанды ұнатпайды. Үнемі ізденіп, тың идеяларымен айналасындағы адамдарды қуанышқа бөлеп, шынайы алғысқа ие болып жатқаны. Үлкенге құрмет, кішіге ізет танытудың да

Инабаттылықтың жарқын үлгісі

Үстіміздегі жылы жарты ғасырлық мерейтойын атап өткен қазақы мінезді, шымыр да қажырлы бауырымыздың құдай қосқан қосағы Жаңагүл де ақылына көркі сай, инабатты да ибалы қарындастардың бірі. Осы жанұямен араласатын адамдар әрдайым оның ашық-жарқын мінезін, қонақ күтудегі ешкімге ұқсамайтын дара қасиетін айтудан жалықпайды.

Әрбір перзент өз ата-анасына еліктеп, көргенін қайталайды. Солардың өмірдегі көшірмесі іспетті. Ол рас. Жаңагүл де ұлтымыздың барлық қадір-қасиеттері сақталған киелі Торғай ауылында дүниеге келді.

Өзі көп балалы отбасында өсті. Асқар таудай әкесі Сүлеймен Тайшыбеков нағыз ауылшаруашылығының таптырмайтын сегіз қырлы бір сырлы маманы болды. Ауылдық жерде жыл он екі ай науқанды жұмыстар бір сәт толастамайды. Елді-мекенде тұрған соң біздің қазақ қорада мал, есік алдында көкөніс дақылдарын өсіреді.

Әулет басшысы артта қалған жылдары есепші болды. Сонымен қатар бөлімше басқарушысы және басқа да жауапты қызметтерді де абыроймен атқарды. Үйден ерте кетіп, жұмыстан кеш қайту оның күнделікті дағдысына айналған-ды. Осы шаңырақтың берекесін келтірген Зәуреш Әбдіраққызы да жастайынан бейнетқорлығымен ауылдастарының ыстық ықыласына бөленді. Сауда саласында мінсіз атқарумен қатар жеті баланың ардақты анасы атанды.

Бес қызының бәрін де ес білгеннен үй шаруасына бейімдеді. Олардың саналарына табиғаттарына тән білуге тиіс жайларды сіңірді. Сондықтан да қыздарының бәрі де әрбір үйдің бақытын тасытып, жақсылық пен ізгіліктің дәнін септі. Инабатты келін атанып, ата-енелеріне қамқоршы болды.

Қазір аталған отбасында тәрбиеленген балалардан бесеуі тірі. Жаңагүл болса сонау мектеп қабырғасында жүрген кезден бастап, білімге өте құштарлық танытты. «Талапты жетер мұратқа» деген бар емес пе. Алдына болашақта ұстаз болсам деген мақсат қойды.

Өзге құрбылары секілді орта мектепті тәмамдағаннан кейін Арқалық қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық институтқа түсті. Осы елімізге белгілі жоғары оқу орнынан қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықты.

Асыл арманына қол жеткізген соң ол таңдаған кәсібі бойынша қызмет атқарды. Білікті ұстаз Қостанай қаласындағы № 11 орта мектебінде бастауыш сыныптарға дәріс берді. Сөйтіп, өзінің жақсы қырларымен көзге түсіп, шәкірттерінің мемлекеттік тілді терең меңгеруіне өзінің лайықты үлесін қосты.

Бұл күндері сол білім ордасында кітапханашы болып жұмыс істейді. Аталмыш мамандықтың да өзіндік ерекшеліктері бар. Жаңагүл тек ғана оқушыларға кітап оқуға бағыт-бағдар беріп қана қоймайды. Түрлі тақырыптарда кездесулер мен маңызды іс-шаралар өткізуге ұйытқы болады. Кітап қоры да жылдан-жылға артып келеді.

Ұлдары сенімдерін ақтады

Жақында олардың шаңырақтарында болып, асықпай сұхбат алдым. Өткен жылдары жергілікті телеарна журналистері Қайыржан мен Жаңагүлдің сыйластығы жарасқан отбасы жайлы тағылымды бағдарлама дайындаған болатын. Қазір қарап отырсақ, ерлі-зайыптының отау құрғандарына ширек ғасыр болып қалыпты. Қос ұлдары Жамбыл мен Ақжолға ата-ана ретінде ғибратты тәрбие берді. Балалары да кішкентайынан тіл алғыш, зейінді.

Әр перзенттің өзіндік ерекшелігі, қарым-қабілеті, парасат-пайымы, қызығушылығы болатындығы айдан анық. Тұңғыштары Жамбыл 23 жаста. Ол сонау мектеп табалдырығын аттағалы бері ұстаздары мен сыныптастары арасында өзіндік ізденістерімен дараланды.

Бұл зеректігі Қостанай шаһарындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқып жүргенде жарқырап көрініп, сондағы талапты да дарынды шәкірттердің бірі болды. Білім ордасын сыныптастарының алды болып тәмамдады.

Жамбыл өте қағылез, үлкен мен кішіге жанашыр, ата-анасына қамқор, уақыттың қадірін білетін бала болып өсті. Өзгелер секілді қолына білім ордасын аяқтағаны жөнінде тиісті құжат алған соң өзінің көптен бері көкейінде жүрген шешімін әке-шешесіне айтты.

Кім баласының шығар тауы биік, елі мен халқына адал қызмет ететін білгір маман болғандығын қаламайды дейсіз. Ата-анасы да оның жүрек қалауына қарсылық танытқан жоқ. Содан бозбала Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы медициналық университетіне студент болып қабылданды.

Алғыр жігіт мұнда да алғы шептен көрінді. Жоғары оқу орнының қоғамдық денсаулық сақтау факультетін үздік аяқтады. Өзінің тынымсыз ізденісінің арқасында «Үздік жас ғалым», содан кейін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасындағы «Үздік түлек-2024» байқауының жеңімпазы мәртебесін жеңіп алды.

Ата-анасына осындай ұлды тәрбиелегені үшін бірнеше рет Алғыс хаттар жіберілді. Бұл да үлкен құрмет емес пе. Сол кездері әкесі Қайыржан мен шешесі Жаңагүлдің төбесі көкке бір елі жетпей қалды. Оның есімі жақсы ырыммен ұлтымыздың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевқа ұқсаған дарынды азамат болсын деген ізгі ниетпен қойылған. Бұл да поэзияға жаны құштар. Оңашада өзінің ой-толғаныстарынан туған өлең шумақтарын жазады. Қолы боста ағаштан түрлі жәдігерлер жасайды. Қазіргі таңда ол грант бойынша Жапонияда магистратурада білім алып жатыр.

Ақжолдың спорттағы жетістіктері

Қайыржан Сәрінжіптің әулетіндегі екінші ұл Ақжолды да бұл күндері спорттың дзюдо, самбо және қазақша күрес түрлерінің білікті мамандары болашағы жарқын дарынды жас ретінде мақтанышпен ауызға алады.

Өйткені, ол қазірдің өзінде қала, облыс, республиканы былай қойғанда, Азия және әлем чемпионаттарында еліміздің атын шығарып, биіктерді бағындырып үлгерді. Олимп шыңына көтеріліп, көк туымызды көкте желбіретуді армандамайтын жігіттер жоқ шығар.

Кейіпкеріміз де өзінің жастығына қарамастан осы кезге дейін талай жарыстар мен турнирлерге облыс атынан қатысып, қайтпас қайсар, аса төзімді де намысты спортшы екендігін дәлелдеді. Осы арада сөзіміз дәлелді болу үшін нақты деректер мен дәйектерге сүйенгенім жөн болар.

Әкесі Қайыржанның айтуына қарағанда, екі баласы да «Болар бала бесігінде бұлқынар» демекші, сонау мектеп қабырғасынан бастап білім мен спортқа бейімділік танытты.

Ол кенже ұлы Ақжолды сегіз жасынан бастап қаланың бір шетіндегі «Арлан» спорт клубына алып барды. Оның алғашқы жаттықтырушысы Аркадий Ахметов. Білікті бапкер кішкентай баланың көзінен жанайын деп тұрған отты, ерекше құлшынысты көріп, бірден қабылдады.

Осында спорттың дзюдо түрімен айналысты. Айналдырған екі айдың ішінде өзін көрсетіп, 24 келі салмақтағы дәреже бойынша кеншілер қаласы Рудныйдағы жарыста жүлделі ІІ орынға ие болды. Бұл көрсеткіш оны қанаттандырып, болашақ үлкен сайыстарға даңғыл жол ашты.

Содан кейін 8-16 жас аралығындағы көптеген облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда жүлдегер атанып, өзіне деген сенімі арта түсті. Оның атын спорт сүйер қауымға танытқан жүлделерінің бірқатарына тоқталып өтелік. Мәселен, Ақсу қаласындағы бірінші халықаралық жарыста 35 келі салмақ бойынша жеңімпаз атанды. Теміртаудағы республикалық сайыста да топ жарды. Сондай-ақ, дзюдодан жасөспірімдер арасында Астанадағы ашық біріншілікте 38 келі салмақ дәрежесінде алғы шептен көрініп, І дәрежелі диплом алды.

Қазақ күресінен 2002-2003 жылдары туылған жасөспірімдер арасында «Жас барыс» деп аталатын облыстық турнирде 42 салмақ бойынша дараланып, көзге түсті.
Арқалық шаһарында өткен самбо және қазақ күресінен Қазақстанның спорт шебері Рамазан Сыздықовты еске алуға арналған дзюдодан Х республикалық турнирде 46 келі салмақ бойынша І орынды жеңіп алғаны жадында мәңгілік сақталып қалды. Уақыт өте 74 келі салмақта қазақ күресінен ересектер арасындағы ұйымдастырылған Қостанай аудандық «Тобыл қыраны» турнирінде І орынды иеленді.

Өткен 2024 жыл Ақжол Қайыржанұлы үшін өте жемісті болды. Өйткені, ол спорттық самбо түрінен алдымен Қазақстанның, кейін Азияның чемпионы болды. Көп ұзамай Кипр мемлекетінің Ларнака қаласында әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанып, күллі қазақ елінің атын шығарып, дүние жүзіне паш етті.
Ол Қостанай өңірлік университеті спорт факультетінің түлегі. Оны аяқтаған соң өзінің мамандығы бойынша әдіскерлік қызмет атқарады. Ақжолдың алдағы уақытта да биік шыңнан көрініп, талай асуларды бағындыратынына нық сенімдіміз.

Оразалы ЖАҚСАНОВ,
сурет кейіпкерден
алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77