Бүгінде кәсіподақтардың рөлі қоғамда ерекше маңызды. Әсіресе медицина саласында еңбек ететін адамдар үшін кәсіподақ сенімді тірек пен қорған. Себебі дәрігерлер мен медбикелер күн сайын үлкен жауапкершілік пен ауыр жүктемеге тап болады. Осындай жағдайда олардың құқығын қорғайтын ұйымның болуы аса қажет.
Кәсіподақ дегеніміз не?
Кәсіподақ – бұл қызметкерлердің заңды құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғау мақсатында құрылған қоғамдық ұйым. Оның басты міндеті – еңбек жағдайын жақсарту, әділ жалақы төлеуді қамтамасыз ету, жұмыскерлердің денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау. Кәсіподақтар қызметкерлер мен жұмыс беруші арасындағы көпір іспеттес. Олар келісімшарттар жасасуға қатысып, заң бұзылған жағдайда көмек көрсетеді. Сонымен қатар кәсіподақ мүшелеріне тегін заңгерлік кеңес, материалдық көмек, шипажайлық демалыс және түрлі жеңілдіктер ұсынады. Қысқаша айтқанда, кәсіподақ – қызметкерлердің мүддесін қорғайтын, олардың дауысы бола алатын ұйым. Ал медицина саласында ол дәрігер мен медбикенің еңбегі әділ бағаланып, олардың құқығы қорғалуы үшін жұмыс істейді.
«SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы республикалық қоғамдық бірлестігінің Қостанай облыстық филиалының төрайымы Татьяна Булгацевич медицина қызметкерлері қандай мәселелермен жиі жүгінетінін айтып берді.
Айтуынша, филиалға жыл сайын 1500-ден астам өтініш түседі. Оның жартысынан көбі жалақыға қатысты сұрақтар, еңбекақыны есептеу, үстемеақылар, еңбек демалысы мен сауықтыру төлемдері, категориялық төлемдер және т.б.

– Кез келген адам үшін еңбек жағдайы мен жалақы басты орында, сондықтан өтініштердің көбі осылар бойынша, – дейді ол.
Ал шамамен 30%-ы еңбек қатынастарына байланысты мәселелер, жұмыс орнын ауыстыру, сыйақы төлеу, тәртіптік жазалар. Қалған 20% – бұл ұсыныстар мен ескертулер, олар Денсаулық сақтау министрлігіне немесе Мәжіліске жолданады.
Кәсіподақ қызметкерлерге құқықтық көмек көрсету мақсатында Қостанай облыстық кәсіподақтар бірлестігінің «Заң клиникасымен» бірлесіп жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда медициналық ұйымдарға барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Егер мәселені мекеме ішінде шешу мүмкін болмаса, келісім комиссиясы құрылады. Ал екі тарап келісімге келмеген жағдайда, іс сотқа немесе Еңбек инспекциясына жіберіледі.
– Мысалы, пандемия кезінде жедел жәрдем қызметкерлерінің артық жұмыс уақытына байланысты үлкен дау туындаған еді. Қаржы бақылауы бұл төлемдерді заңсыз деп таныған, нәтижесінде қызметкерлерге ақшаны қайтару қаупі төнген. Кәсіподақ сотта медицина қызметкерлерінің мүддесін қорғап, облыс әкімі мен прокуратураға жүгінді. Нәтижесінде мәселе шешімін тауып, қызметкерлер өз еңбекақысын сақтап қалды, – дейді төрайым.
Агрессия фактілері
Соңғы жылдары медицина қызметкерлеріне қарсы агрессия мен зорлық-зомбылық фактілері де көбейген. Мұның себебі-дәрігер жетіспеушілігі, кезектің ұзақтығы, дәрі-дәрмек тапшылығы және шамадан тыс жұмыс.
– Біз әріптестерімізге құқықтық, психологиялық және қаржылық көмек көрсетеміз. Сот процестерінде қолдау білдіреміз, – дейді Татьяна Булгацевич.
2019 жылдан бастап біздің кәсіподақтың төрағасы Сапарбек Серікұлы Дюсеновтың бастамасымен медицина қызметкерлеріне қарсы жасалған зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейту туралы бірнеше рет ұсыныс жасалды. 2025 жылы ҚР Қылмыстық кодексіне арнайы 158-1-бап енгізу туралы шешім қабылданды, ол осы айда мәжілісте қаралуы тиіс.
– Біз депутаттардың оң шешім қабылдайтынына үміттенеміз. Ал әзірге медицина қызметкерлеріне шабуыл жасалған жағдайда біз әріптестерімізге құқықтық, психологиялық және қаржылай көмек көрсетіп, сотта қолдау білдіреміз, – дейді төрайым.
Бүгінде Қостанай облыстық филиалында 11,5 мыңнан астам кәсіподақ мүшесі бар. Әр қызметкер жалақысының 1%-ын кәсіподаққа аударады. Оның 65%-ы бастапқы ұйымдарға қайтарылады- бұл қаражат мүшелерге материалдық көмек көрсетуге, сыйлықтар мен мерекелік іс-шаралар өткізуге жұмсалады. Қалған бөлігіне шипажайлық емделу, заңгерлік қызмет, спорттық жарыстар мен кәсіби байқаулар төленеді. Жыл сайын 300-ден астам медицина қызметкері кәсіподақ есебінен шипажайда емделеді. Жолдама құнының 50%-ын кәсіподақ төлейді, ал қалғаны қызметкер есебінен. Биыл балаларға арналған демалыс лагері де ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, 2022 жылдан бастап Ақмола облысы Ақкөл орман шаруашылығы аумағында жаңа шипажай салынып жатыр. Ол іске қосылған соң ай сайын қосымша 300 адамды сауықтыру мүмкіндігі туады.
Жолдамалар ең алдымен ауыр дерттен айыққан, оңалту қажет ететін, жиі ауыратын және денсаулық сақтау саласының ардагерлеріне беріледі. Кейде ол адал еңбегі үшін марапат немесе мерейтойлық сыйлық ретінде ұсынылады.
Басты мақсат
Кәсіподақтардың басты міндеті – қызметкерлердің құқығын қорғау. Бұрын көпшілік кәсіподақты тек мерекелік шаралар мен сыйлық таратумен байланыстыратын. Алайда бүгінде бұл түсінік өзгерді. Енді кәсіподақ – нақты әрекет ететін, заңдық, әлеуметтік және адами тұрғыда өз мүшелерінің мүддесін қорғайтын ұйымға айналды.
Медицина саласында кәсіподақтың жұмысы бірнеше бағыттан тұрады. Ең алдымен, бұл — заңнамалық деңгейдегі қорғау.
Медициналық қызметкерлердің еңбегін жеңілдетіп, пациенттердің сапалы көмек алуына жағдай жасау үшін заңдар мен нормативтік актілерді жетілдіру қажет. Осы бағытта кәсіподақ Мәжілістегі жұмыс топтарының құрамында белсенді жұмыс істейді. «Еңбек» депутаттық тобы арқылы депутаттық сауалдар жолданып, заңнамаға өзгерістер енгізу ұсынылады.

Қостанай облыстық филиалының басшысы атап өткендей, «SENIM» кәсіподағы Денсаулық сақтау министрлігінде ресми түрде сарапшы ұйым ретінде аккредиттелген. Бұл – кәсіподақтың тек әлеуметтік емес, сонымен қатар мемлекеттік деңгейде шешім қабылдау процесіне қатыса алатынын көрсетеді. Мұндай жұмыс көзге бірден көрінбеуі мүмкін, бірақ ол дәрігерлердің еңбегін лайықты жағдайда орындауы мен халыққа сапалы қызмет көрсетуіне мүмкіндік береді.
Кәсіподақтың екінші бағыты — білім беру және ақпараттық қолдау. Мұнда медицина қызметкерлеріне құқықтық сауаттылық бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Дәрігерлер мен фельдшерлерге шабуыл, қорқыту немесе қылмыстық қудалау жағдайында қалай әрекет ету керектігі үйретіледі. Мұндай оқыту медицина қызметкерлерінің өз құқықтарын қорғаудағы сенімділігін арттырады. Үшінші бағыт — нақты көмек көрсету. Бұл құқықтық, заңгерлік, сондай-ақ қаржылай қолдау түрінде жүзеге асырылады.
Кәсіподақ әрбір медициналық қызметкердің қасында болып, қажет жағдайда адвокаттар мен сарапшыларды тартады, сот процестерінде қолдау көрсетеді. Сонымен қатар ұйым өкілдері тәуелсіз сараптамалық комиссиялар құрамында жұмыс істейді. Бұл комиссиялар кәсіби жауапкершілікті сақтандыру жүйесіндегі кемшіліктерді анықтап, оны жетілдіру бойынша Денсаулық сақтау министрлігі мен сақтандыру компанияларымен бірлесе жұмыс атқарып келеді.
Осылайша, кәсіподақ – тек ұжымдық ұйым емес, ол нақты ісімен дәрігерлердің мүддесін қорғайтын, заңнаманы жетілдіруге ықпал ететін, мамандардың кәсіби және әлеуметтік қорғанысын қамтамасыз ететін күшке айналған. Медицина қызметкерлері үшін кәсіподақтың болуы – жай ғана формалдылық емес, олардың артында сенімді тірек бар екенін дәлелдейтін нақты кепіл.Жақында кәсіподақ шабуылға ұшыраған жедел жәрдем фельдшеріне көмек көрсетіп, дәрігер Антон Кистанов ісі бойынша да құқықтық қолдау білдірді.

– Біз сот шешіміне қанағаттанған жоқпыз, адвокат апелляциялық шағым түсірді, біз де өз қарсылығымызды дайындап жатырмыз, – деді кәсіподақ төрайымы.
Медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғауда кәсіподақтың үлесі зор. Себебі олар тек мереке өткізетін ұйым емес, нақты қолдау көрсететін, әділдік үшін күресетін құрылым.
Аяжан СЕРІК,
суреттерді ұсынған кейіпкер
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
