ЖКХ

«Сергек» қауіпсіздік жүйесі тест режимінде жұмыс істеуде

Естеріңізге сала кетсек былтырғы жылдың күз айында «Аэропорт» және «Береке» шағын аудандарын қосатын тас жолдың жұмысы аяқталып, қолданысқа берілген болатын. Жалпы ұзындығы 1 километрді құрайтын, екі жолақты қозғалыс, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге арналған жол, жарық шамдары да қарастырылған.

Бұл жолды екі темір жол өткелі кесіп өтеді. Осыған орай қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша теміржол белгілері мен арнайы белгі шамдар да бар. Бұл тәртіпті әрбір жүргінші ұстануы қажет. Ол жайында аталмыш жолдың ашылу салтанатында қала әкімі де қатаң түрде ескертіп айтқан болатын. Сонымен қатар бұл жолмен екі шағын аудан арасына қоғамдық көлік яғни, автобус маршрутының ашылмауы да жүргіншілердің қауіпсіздігінің алдын-алумен байланысты екенін жеткізген болатын.

Екі шағын ауданды қосқан тас жолдың игілігін бүгінгі күні халық көріп отырғанына куәміз. Бір жағынан уақыт үнемділігі болса, таксимен жүретіндер үшін қаржы үнемділігі де сезілуде. Дегенменен, қашанда таяқтың екі ұшы болатыны белгілі. Осы орайда айтарымыз бүгінгі күні жүргіншілер өздеріне төнетін қауіпті ысырып қойып, аталмыш тас жол бойындағы темір жол өткеліндегі белгілерге мән бермей өте шығатындары да бар екен. Осындай жайттардың да орын алып жатқаны болашақта қайғылы оқиғаға алып келмесіне кім кепіл. Тіпті, темір жол өткелінде кептеліс болып жататынын да айтып шағымданушылар бар. Әрине, қанша адам болса сонша пікір. Осының бәрін ескере отыра қалалық әкімдік ең алдымен тұрғындардың өмір қауіпсіздігінің алдын алып, тәртіптің сақталуына баса назар аударуда. Соған байланысты бұл аумақта жуыр арада бейнебақылау жүйесі жұмыс жасайтын болады. Ол жайында тиісті өкіл органдарынан білуді жөн көрдік.

– Қостанай қаласындағы «Сергек» қоғамдық және жол қауіпсіздігі жүйесі тест режимінде жұмыс істеуде. Ағымдағы қолайсыз ауа-райына, соның ішінде қардың түсуіне байланысты жобаны іске қосу мерзімдері кейінге қалдырылғанын атап өткен жөн. Жалпы бейнебақылау камералары мен аппараттық-бағдарламалық кешендер Қостанай облысы полиция департаментінің мекенжай бағдарламасына сәйкес орнатылған. Қазіргі уақытта камераларды, аппараттық-бағдарламалық кешендерді калибрлеу және байланыс арналарын баптау бойынша жұмыстар жалғасуда, сондай-ақ ҚР заңнамасына сәйкес ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін сынау рәсімдері жүргізілуде. «Сергек» қауіпсіздік жүйесін енгізу жөніндегі жобаның маңыздылығын және осы бағдарлама бойынша ынтымақтастықтың барлық аспектілерін ескере отырып, бұзушылықтарды тіркеуді бастау рәсімі неғұрлым кеш мерзімге ауыстырылады. Жүйенің ресми басталу күні туралы әкімдіктің ұсынысы бойынша қосымша хабарлаймыз. Жоба аясында Қостанай қаласы әкімдігінің ұсынысы бойынша жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Береке» шағын аудандары мен «Аэропортты» жалғайтын жол учаскесінде, атап айтқанда темір жол өткелінде жалпы бейнебақылау камералары орнатылды. Қазіргі уақытта электр қуатын қосу процедуралары жүргізілуде, – деді облыстық ақпараттандыру басқармасының бізге берген мәліметінде.

– Мен бірнеше жылдан бері такси қызметінде жұмыс істеп келе жатырмын. Екі шағын ауданды жалғайтын жолдың ашылуы уақытқа біраз үнем болып отыр. Әрине, темір жол өткелінде қауіпсіздік ережесін сақтамайтындар кездесіп жатады. Ал, кептеліс болатын уақыт ол таңғы сегіз уақыты және кешкі жеті шамалары. Бұл кезде көбіне жүк пойызы өтіп жатады. Ал, басқа уақыттары жол ашық. Бұл жол халықтың өмірін жеңілдетіп отыр, тек қауіпсіздікті сақтау өз қолымызда, – деді такси жүргізушісі Самат Бақытбаев.

Жан ШАЙМЕРДЕН, суретті түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77