Біздің Қостанай

Серікбай Оспанов: «Шынтуайтында, Абай жазған қара сөздер саны 44 қана»

Кітапхана ішінен Абайға арналып көрме ашылды

Л.Толстой атындағы облыстық кітапхана ішінен Абайдың 175 жылдығына арналған кітап көрмесінің ашылуы болды.

«Абай дана – Абай дара қазақта» атты кітап көрмесіне зиялы қауым, ғалымдар, ЖОО оқытушылары мен студенттері және әскери қызметкерлер қатынасты.

Көрмені ұйымдастырушылардың бірі, кітапхана қызметкері Ботакөз Бекболатов кітапхана қорынан жүзден астам басылымдар ұсынылғанын, барлығы төрт бөлімнен тұратынын айтады. Бірінші бөлімде ойшылдың өмірбаянын баяндайтын әдебиеттер ұсынылған.

– Бұл жерде біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын негізге алған болатынбыз. Мемлекет басшысы адамдарды ұлы философ, ойшылды оқуға шақырады. Сондықтан біз оқырмандарымызды Абай шығармашылығымен кеңінен таныстырамыз. Көрменің екінші бөлімінде ақынның шығармашылығы қамтылды. Сөрелерде сіз өлеңдер, поэмалар және «Қара сөздерін» кезіктіре аласыз. Бұл шығармалардың барлығы бүгінгі күнге қатысты әрі өзекті, – дейді әмбебап оқу залы бөлімінің меңгерушісі Ботакөз Бекболатова.

Ойшыл туралы жазған авторлардың еңбектері үшінші бөлімде. Мұнда Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын көруге болады. Сонымен қатар, көрмеде ақынның шығармашылығына шолу жасайтын көптеген әдебиеттер ұсынылған.

Төртінші бөлімде Абай Құнанбаев шығармаларының орыс, ағылшын және неміс тілдеріне аудармалары қойылған.

Абай – түпсіз терең тұңғиық қой, – дейді ақын Серікбай Оспанов.

– Абай туралы қанша білгің келсе де, білмегенің көп болып шығады. Жаңа ғана Абайтану кітабының 2-томын қайталап қарап отырып, өзім үшін тағы бір жаңалық тауып алдым. Әлдеқайда ертеде өмір сүрген Әмір Қайқауыс деген ойшылдың кітабы мен Абайдың шығармашылығының ұқсастығы көп. Сандарына дейін сәйкес келеді. Қайқауыста 44 тарау, ал Абайда 45 қара сөз бар. Шынтуайтында, Абай жазған қара сөздер саны да 44 қана. 38-ші қара сөзі өз алдына бөлек діни шығарма болған. Дін туралы айтуға тыйым салған кеңес одағы кезінде М.Әуезов «Мынау жақсы шығарма ілігіп кетсін» деп, 38-ші қылып қосып жіберген. Бұдан бөлек, өзге де идеялық ұқсастықтары толып жатыр. Данышпандық ойларының Ыбырайдың және Ахметтің жазғандарымен ұштасатын тұстары да көп. Мұның себебі, біріншіден, ойдың бірлігі, екіншіден, халық қамын ойлаудан шыққан нәрселер. Бірақ, шынымен де, қазақта Абайдан асқан дана жоқ екені даусыз. Негізі, Абай әлемінің шексіздігін бір ауыз сөзге сыйдыру мүмкін емес, – дейді Серікбай Оспанов.

Президент Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы Абай шығармаларынан тәлім алып, ұлт болып ұйысуға бағыттайды, дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Алмасбек Әбсадық.

– Абайды білу үшін, шығармасына терең үңілу қажет. Абай бірден игерілмейді. Академик Асқар Жұмаділдаев айтады «Балаларға Абайды оқытып қажеті жоқ, олар бәрібір түсінбейді» деп. Сол секілді Абайды оқу үшін, түсінуі үшін, адам оған дейін де көп оқуы қажет. Ал, кешегі Қ.Тоқаевтың мақаласы қалың қазақ қоғамын Абайға бекіндіру мәселесіне көп көңіл бөлген секілді көрінеді. Себебі, мақала мемлекетті қалай жандандырамыз, жаңғыртамыз, дамуын қалай ширатамыз деген мәселеге Президент, Абайға үңілу керек екенін айтады. Абайдың көп айтқан сөзі «әділет» болатын. «Қайрат пен ақыл жол табар, Қашқанға да қуғанға, Әділет шапқат кімде бар, Сол жарасар туғанға» дейді. Міне, Қасым-Жомарт Кемелұлының айтып отырғаны нағыз жолдағы «әділет және шапқат» (шапқат – мейірім). Біз қандай қоғам құруымыз керек, әрине әділетті, мейірімді қоғам құруымыз керек. Сонда түйіткілді түйіндер өзінен-өзі жүйеленіп шешіле қалады, – дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Алмасбек Әбсадық.

Салтанатты жиын барысы студенттердің Абай өленін оқумен сабақтасып отырды. Келушілерге арнап жас өнерпаздар ән айтып, күй орындады.

Сералы МЫРЗАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77