Культура Новости

Әсерлі сәттер мен жылдар

Суретшінің көрмесі 65 жылдық мерейтойына арналды

Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің бейнелеу өнері бөлімінің ұйымдастыруымен суретші Александр Воткалдың «Әсерлі сәттер мен жылдар» деп аталған дербес көрмесінің ашылуы болып өтті.

Бұл іс-шараның мақсаты-заманауи бейнелеу өнерін жастарға дәріптеу. Сонымен қатар олардың бойында мәдениет пен өнерге деген құрметті арттыру.

Қиялы ұшқыр суретшінің көрмесінің ашылу салтанатына шаһарымыздың жоғары оқу орындары мен колледждерінің оқытушылары мен студенттері қатысты. Сондай-ақ жиын барысында қала тұрғындары мен қонақтары, суретшілер мен шығармашыл зиялы қауым өкілдері, көркем туындылардың жасалу тарихымен танысады.

Суретшінің өмірбаянына қысқаша тоқталып кететін болсақ, ол бұл жолғы көрмені өзінің 65 жасқа толу мерейтойына орай ұйымдастырып отыр. «Әсерлі сәттер мен жылдар» атты дербес көрмеге  автордың қолынан шыққан мүсіндер, жұмыстардың  фотосуреттері, нобайлар қойылды.

Александр Воткал Қостанай облысының Аманқарағай кентінде дүниеге келген. 1961 жылдан 1971 жылға дейін Урицкий мектебінде оқыды, мектепте оқып жүрген кезінде сәндік-қолданбалы өнердің қызықты бағыттарының бірі – ағаш ұсталықпен айналысты. Александр мектепті бітіргеннен кейін Рудный индустриалды институтына оқуға түсіп, 1979 жылы институтты табысты аяқтады. Шығармашылықта жаңа бағыт-мүсін жасаумен айналысты, суретші белгілі қостанайлық автор Леонид Белоусовтан тәлім алды.

Суретшінің Леонид Прокопьевичпен өткізген қызықты 10 жылы бекер өткен жоқ. 1980 жылы ол бірінші рет Қостанай қаласында өткен әуесқой авторлардың көрмесіне қатысты. 1989 жылы Мәскеу қаласы үшін «Заңсыздық пен қуғын-сүргін құрбандарына» арналған ескерткіш дайындау бойынша өткізілген Бүкілодақтық ашық байқауға  қатысады.

Суретші 1990 жылдары безендіру жұмыстарымен белсенді айналысты.  Александр Воткал Қостанай қаласындағы «Железнодорожный» балабақшасы, Затобол кентіндегі «Балалар әлемі» дүкені, Рудный, Шадринск, Касли қалаларындағы мекеме ғимараттарын безендірді.

Александр Воткал өзінің алғашқы дербес көрмесін «Менің қалам-Қостанай» деп атады және ол 2002 жылы облыстық Шығармашылық үйінде ұйымдастырылды. 2008 жылы «Достық үйінде» оның екінші дербес көрмесі өтті. 2010 жылы автордың өз шеберханасында үшінші дербес көрмесі ашылды, ал жеті жылдан кейін «KOSTANAY PLAZA» сауда және ойын-сауық орталығында төртінші дербес көрмесі өтті.

2013 жыл автор үшін маңызды жыл болды. Ол Мәскеу қаласындағы  Суретшілердің Халықаралық Федерациясының Суретшілер Шығармашылық  Одағының мүшесі атанды.

Александр Николаевич қалалық және облыстық көрмелерге белсене қатысады – мысалы, қостанайлық суретшілердің «Рух пен шығармашылық тұтастығы» (2017) атты қорытынды көрмесі, «Шабыт пен шығармашылық галереясы» (2018) көрмесі.

Александр Николаевич Мәскеу, Санкт-Петербург, Минск, Лондон, Пекин, Люксембург, Рим қалаларында өткен қазіргі заманғы өнердің «Өнер аптасы» халықаралық көрме-байқауларының бірнеше мәрте лауреаты.

Суретші туындылары Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында және Рудный, Қостанай, Касли, Челябі қалаларында жеке коллекцияларда сақталған.

Оның көрмесі осы жолы да қала тұрғындарының тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Оған жиналғандар суретшінің қарым-қабілетін, дүниетанымын жоғары бағалап, әр құпияға толы дүниелерге тереңнен көз салды.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77