Біздің Қостанай

Шаңғы тебудің хас шебері

ХХІV қысқы олимпиада ойындарының қатысушысы Ксения Шалыгина жайында

Қытай елінің Бейжің қаласында өткен ХХІV қысқы олимпиада ойындарында Қазақстаннан 34 спортшы бақ сынап қайтқан болатын. Оның екеуі Қостанай облысының спортшылары.

Қысқы олимпиадада намысты қолдан бермей, жеңіс үшін күрескен спортшылардың ішінде жерлесіміз Бейімбет Майлин ауданына қарасты Новоильинов ауылының тумасы Ксения Шалыгинаның бар екенін мақтана айта аламыз.

Ксения Новоильинов ауылында дүниеге келген. Ата-анасы ауылшаруашылығымен айналысады. Ксенияның шаңғы тебуге деген қызығушылығы бастауыш сыныпта оқып жүрген кезінде пайда болады. Ол шаңғы тебудің шебері әкесі Владимирдің әрдайым қасында жүріп, спорттың осы түрін жақсы меңгереді. Бүгінде Ксенияның әкесінің сол ауылдың орта мектебінің жанында шаңғы базасын жасап, ауыл балаларын шаңғы тебуге баулып отырған жайы бар.

Ксения білім алған Новоильинов орта мектебінің директоры Елена Сметанинаның айтуына қарағанда, Ксения спорттың осы түріне ерекше ден қойып, көптеген жарыстарда бақ сынап, өзін жан-жақты шыңдай түскен. Бүгінде ол шыңғы тебу шебері атанып, сол ауылда спорттың осы түрін барынша дамытуға өзіндік үлесін қосуда.

Ксения Бейжің қаласында өткен үлкен додада намысқа тырысып, жарыстарда өзін көрсете білді. ХХІV қысқы олимпиаданың жабылуынан кейін елімізге табан тіреген Ксения Шалыгинамен хабарласып, додадан алған әсерін, әлемнің мықты спортшылары жиналған жарыстың қалай өткенін сұраған болатынбыз.

-Олимпиада маған қатты ұнады. Бейжің қаласында денсаулығым шамалы сыр берді. Бұл менің жарыста көрсеткен нәтижелеріме айтарлықтай әсер етті. Ауырып, мазам болмай өзімнің спорттық шеберлігімді жүз пайыз көрсете алмадым. Бірақ, бұл олмпиададан өзіме үлкен тәжірибе жинадым. Өйткені, әлемнің мықты деген спортшыларымен жарысу адамды шыңдай түседі. Мықты қарсыластарды көріп, мен де осылар сияқты мықты болуым қажет деп өзіңді іштей жігерлендіресің. Осыған байланысты өзіме мол тәжірибе жинақтап қайтқанымды айтқым келеді. Еліме келгеніме қуаныштымын, көңіл-күйім тамаша. Көп уақыт үйде болмаған қиын екен. Өзге  ел, халқыда өз жұртыңдай емес. Бойымды еліме деген қатты сағыныш биледі. Бір уақыт көңілім құлазып, отбасымды ет-жақындарымды, елімді сағындым. Менің осындай үлкен додада жүргенімде ата-анам, туыс-туғандарым, таныстарым тілеуімді тілеп, қолдау көрсетті. Сол кісілерге үлкен алғысымды білдіремін. Оның ішінде өзім білім алған Новоильинов орта мектебінің ұжымына ерекше ризашылығымды білдіргім келеді. Бір сөзбен айтқанда Бейімбет Майлин ауданының тұрғындарына да алғысым зор. Олар менің қысқы олимпиадаға аттанғанымды біліп, сәттілік тілеп үнемі қолдау көрсетіп отырды,-деді.

«Баласы атқа шапса, анасы үйінде тақымын қысады» дейді қазақ халқы. Спортшыларымыз шет елде бақ сынағанда, ел болып тілекші болдық. Бұл додадан мемлекетіміздің қанжығасы бос қайтты. Өкініш жоқ, болашаққа үміт артамыз. Үмытсіз шайтан деген де бар емес пе…

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77