Аяқ киімді жөндеп қана қоймай, оны жаңалап беру Олег Якимчуктің сүйікті ісі
Олег Якимчук өз алдына жұмыс істеп, нәпақасын тауып отырған жан. Ол колледж бітіргеннен кейін электрик болып жұмыс істеген екен. Дегенменен өз жолын осы кәсіптен тапқан.
Олег Якимчук Ресейдің Орал қаласына барып сол жақта да еңбек етіп көреді. Сол қалада жүрген кездері досының аяқ киім жөндейтін шеберханасына барып бос уақытында қолқабыс етіп жүреді. Кейін осы іске қызығушылық танытып, аяқ киімді жөндеп қана қоймай қалпына келтіру жұмыстарын да игеріп алады. Уақыт өте келе Қостанай қаласына қайта оралған Олег Игоревич отбасын құрып, өз алдына жеке кәсібін ашып, аяқ киім жөндеудің жаңашылдығын алып келіп, тұтынушыларға ұсынуды жөн санайды. Дегенменен өз алдына еңбек етудің қиыншылығы мен ауыртпалығы да жоқ емес. Осы тұста оны өмірлік серігі Виктория ғана қолдаған көрінеді. Жұмысыңды бастап көр, басқа біреуге жұмыс істеуге кез келген уақытта үлгіруге болады деген екен. Туған туыстары мен таныстарының көбі аяқ киім жөндеу ауыр әрі кір жұмыс, табысы көп емес деген сияқты пікірлерін білдіреді. Одан бөлек қалада аяқ киім жөндейтін шеберханалар көп, ісің алға баса ма? дегендей ойларын айтады. Бірақ Олег Игоревич өз ісін жаңа бағыттан бастайды, яғни жыртылған аяқ киімді тігіп, жөндеп қана қоймай оны бояп, бастапқы қалпына келтіріп беруді көздейді.
Алған бетінен қайтпаған шебер бүгінде өз ісін ашып, жұмысын да бастап кеткен. Әрине, маусымға байланысты жұмысы да қыза түскен. Бір жағынан әлеуметтік желідегі инстаграм парақшасы арқылы тапсырыс берушілердің қатары да арта түскен. Біздің қаламызда аяқ киімге реставрация жасау енді ғана дамып келе жатқан сала болғандықтан бағасы да қымбат болуы мүмкін деген ой болар оқырмандарда. Ол жайында шебердің өзінен де сұрап білдік.
– Әрине, аяқ киімге реставрация жасау біздің қаламыз үшін жаңашылдықтың бірі деп айтуға болады. Бұл сала бізге енді ғана келіп жатыр. Бұл кез келген аяқ киімді қайта қалпына келтіру дегенді білдіреді. Ал, бағасы жұмыстың сапасына байланысты деп айтуға болады. Мысалы бұрыннан аяқ киім жөндеп келе жатқан шеберлердің жұмысынан біздің жұмысымыз өз алдына ерекшеленеді. Өйткені мен әрбір аяқ киімді сапалы жөндеу мен қатар оны тігіп желімдеген кезде оны өте ұқыпты етіп жасауға баса назар аударамын. Ал реставрация жасау дегенміз аяқ киімді бояп оны бастапқы қалпына келтіру. Жазда тапсырыс аздау болады, өткені жеңіл аяқ киімді жөндеуге келе бермейді, ал қыркүйектен бастап жаз шыққанға дейін екі аптаның жұмысы алдын ала күтіп тұрады.
Ал, реставрация жасау бағасы жиырма мыңнан жоғары аяқ киім үшін тиімді деп айта аламын. Кейбір адамдар сапалы таза былғарыдан емес, арзандау аяқ киімді әкеліп жатады әрине, мұндай жағдайда менің айтқан бағамды төлегеннен жаңа аяқ киім сатып алған тиімдірек. Көбіне мұндай реставрацияны өзіне қымбат аяқ киім сатып алуға мүмкіндігі бар адамдар жасатады. Мысалы орта бағадағы жүз мың мен үш жүз елу мың теңгенің аяқ киімдерін көбірек әкеледі, жеті жүз мың, тоғыз жүз мың, бір миллион теңгенің фирмалық аяқ киімдерін де реставрацияға әкеліп жатады. Соған қарағанда қала тұрғындарының біразы арзан аяқ киім кимейтін сияқты, – дейді шебер.
Олай болса нағыз еңбек адамы деп осындай екі қолға бір күрек тауып, өз алдын еңбек етіп отырған жандарды айтуға болады.
Қымбат НАҒАШЫБАЙ,
сурет кейіпкерден алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77