Біздің Қостанай

Әскери борыш – абыройлы міндет

Қаламыздағы №6697 әскери бөлімінде сарбаздарға арналған тәрбие жұмыстары жүріп жатыр

Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздардың арасында жұмбақ өлім көбейіп бара жатқанын әлеуметтік желілер мен телеарналардан көріп, біліп жүрміз. Осынау қоғамды дүрліктіріп отырған жағдайға байланыста, редакциямызға  қаламыздағы №6697 әскери бөлімінің қызметкерлері хабарласып, бүгінде өздеріне шақырылған жақында ант қабылдайтын сарбаздармен өткізіліп жатқан тәрбиелеу жұмыстарының барысы жайында жазуымызды сұраған еді.

Бүгінде қаламыздағы №6697 әскери бөлімінде еліміздің Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласынан келген барлығы 200-ден астам сарбаз екі жетілік дайындықтан өтуде.

Отан алдындағы борышын өтеуге келген сарбаздарға арналған бұл тәрбиелеу жұмыстарының маңызы зор. Өйткені, әскерге біреуі жоғары оқу орнын бітіріп, жұмыс істеп келсе, кейбіреуі мектепті аяқтаған бетте түсіп жатады. Мұндай жағдайда шақырылған сарбаздардың барлығы бірдей темірдей тәртіпті талап ететін әскери өмірге дайын бола бермейді. Көпшілігінің ішінде көпке дейін әскери өмірге үйрене алмай, қиналатындары кездеседі.

Қазіргі таңда өңірімізге келген сарбаздардың оқыған мамандықтарына қарай қай сала бойынша борышын өтейтіні анықталып жатыр. Олдардың 20-сының көлік жүргізу куәлігі бар екен. Байланыс жүйесінде жұмыс істеймін дейтіндердің саны 56, араларында осыған дейін асханада қызмет еткен 5 аспаз да бар. Сонымен қатар электр саласын да жақсы меңгергендері де кездеседі. Міне, осылар қолдарынан келетін сала бойынша жұмыс істейтін болады.

Сарбаздардың бірінші этап бойынша ант қабылдауы өңірімізде күн санап коронавирус дертіне шалдыққандардың саны артуына байланысты онлайн режимде өткізілді. Балаларының ант қабылдау салтанатына келе алмай, тек үйлерінде отырып тамашалаған ата-аналарға кейін келіп, балаларымен жолығуға толық мүмкіндік бар. Өз өңірден баласымен жолуғаға келген ата-аналарға бір жыл да 2-3 рет кездесулеріне  рұқсат беріледі. Сондай-ақ ата-аналары келген сарбаз таңертеңгі сағат 9:00-ден, кешкі 18:00-ге дейін босатылады.

-Жалпы, жаңадан шақыртылған сарбаздар әскери өмірге екі апта ішінде үйреніп кетеді. Әрине, олар моральдік тұрғыда мықты болса. Ер баланы о, баста отбасында ерке, моральді әлсіз етіп тәрбиелемеу керек. Ұл әрдайым әкесінің қасында темірдей тәртіпті көріп өсуі қажет. Қазір әрине, өкінішке орай, анасына жақын, ерке, ұрысқанды көтере алмайтын моральдік тұрғыда әлсіз ұл балалар көп өсіп келеді. Қазақ қашанда ұл әкеге қарап өсуі керектігін бекер айтпаған.

Анасының қасында, әйелдің тәрбиесін көріп өскен ұлдардың көпшілігі әскердің темірдей тәртібіне көпке дейін көндіге алмайды. Тіпті кейбірі моральдік тұрғыда шаршап қалады. Бірақ біздің әскери бөлімде жаңадан шақырылған сарбаздарға арналған тәрбиелеу жұмыстары жылдан-жылға өзінің жемісін беріп келеді. Олар өзге өңірлерден қаламызға келгенде, басында отбасын сағынып жүретіні белгілі. Осындай жастарды біздің офицерлер құрамы жылы қабақпен қарсы алып, олардың нағыз жігерлі де, намысты жауынгер болып қалыптасуы үшін бар күштерін аямайды.

Өзім атап өткендей, әскери бөлімдегі тәрбиелеу жұмыстарына офицерлік құрам да қатысады. Сонымен қатар сарбаздармен әскери психолог та жұмыс жасайды. Олардың мінез-құлқын сырттан бақылап, сөзге тартып, ойын дұрыс бағытқа бұрады. Әрине, моральдік тұрғыдан әлсіз сарбаздар да келіп жатыр. Бірақ оларды біз алдын ала байқап, жеке жұмыс жасап, бір жылдың ішінде өзіне сенімді ер азамат қылып шығаруды мақсат етеміз. Бүгінде бәрі де өз қалауымен әскерге келген. Сондықтан олар іштей дайын жандар. Біз тек бір жыл ішінде оларды әскери тәртіпке үйретіп, кез-келген шақта ұрысқа дайын тұра алатын жауынгер ретінде дайындауда еңбек етіп жатырмыз.

Сарбаздар жексенбі күні демалады. Үйлеріне хабарласып, отбасы мүшелерімен сөйлесіп, амандықтарын біліп, өздерінің жағдайларын жеткізеді. Ай сайын берілетін 3000-нан аса теңгеге темекі, шұлық басқа да қажетті ұсақ-түйектерін алады. Сонымен қатар әскери бөлімдегі клубқа жиналып, музыкалық аспартарда ойнап, ән шырқайды. Осылайша жеті сайын демалыстарын қызық да, мәнді өткізеді,-дейді №6697 әскери бөлімнің тәрбие жұмыстары бойынша басшының орынбасары Данияр Нұрғожаев.

Сонымен қатар бүгінде жаңадан шақырылған сарбаздармен жұмыс жасауда  әскери   бөлімнің психологы Сергей Шиманчуктің өзіндік әдіс-тәсілі бар.

– Мен жаңадан келген сарбаздарды бірінші сыртынан бақылаймын. Әскери психолог болып қызмет етіп келе жатқаныма биыл алты жыл. Ал психолог маман болып жүргеніме 20 жылдан асты. Адамды алыстан танимын. Оның ойын бірден оқимын. Тіпті мектепті бітіріп, бірден әскерге шақырылғандарды да сөйлеспей-ақ біліп тұрамын. Әрине, бірінші кезекте әскери өмірге үйрену олардың мектептен кейін немесе жоғары оқу орнынан кейін келгеніне тікелей байланысты. Мектепті бітіріп, жоғары оқу орнында оқыған, жұмыс істеген сарбаздардың түсінігі әлдеқайда өзгеше. Өйткені, олар орта көрген, көптеген адамдармен кездесіп, тіл табысқан  жандар. Ал кеше ғана мектеп бітіргендердің жағдайы өзгеше. Олармен арнайы психологиялық жұмыс қажет.

Әскерге шақырылғандардың ішінде көбісінің атында несиелері болады. Олар оны бір жыл көлемінде төлей алмайтындарын айтып, мұндай жағдайда не істеу керек деп сұрап жатады. Мұндай кездері олардың ата-аналары да шарасыз күйге түсетіндері де белгілі.  Бүгінде Каспий және онлайн жылдам берілетін несиелердің төлемдерін сарбаз әскерде болған кездері тоқтата тұру мүмкін болмай отыр. Ал өзге банктер үшін ата-аналары балаларының әскерде екенін растайтын анықтама тапсырса, ай сайынғы төлемді тоқтатып, үстімақы қоспай, сарбаздың әскерден оралып, жұмысқа орналасуын күтеді. Бұл ретте Халық банкте жұмыс дұрыс жолға қойылған. Халық  банк арқылы несие алған сарбаздардың несиесі толық тоқтатылып, үстемақысыз, қайтадан олардың өздерінің төлегенін күтеді. Міне, бұл да сарбаздар үшін үлкен мәселе. Бұл бүгінде үкімет тарапынан қаралып, толық жауабы берілмеген жағдайлардың бірі.

Міне, осы жағдайлар бойынша сарбаздармен жұмыс жасалады. Олар әскерде жүріп, қаржы  мекемелерінің алдында үлкен қарызға батып кететіндеріне қиналады. Көбінесе, онлайын жылдам ақша беретін қаржылай мекемелердің жастардың басына үлкен қауіп төндіретінін атап өткім келеді. Тез берілетін несиенің қайтарымы да өте көп. Және олар несие алушының жағдайына қарамайды. Өздерінің белгілеген үстемақыларын міндетті түрде қосады.

Осындай әлеуметтік, материалдық мәселелер жастардың моральдік тұрғыда шаршатып, арты қайғылы оқиғаларға жалғасуына себепкер болады. Әрине, мұндай кездері психолог мамандардың ақыл-кеңесі өте қажет. Мен барынша олармен ойын түрінде тест, тренингтер өткізіп, өмірге, болашаққа сеніммен қарауға көмектесемін,-дейді әскери психолог.

Сарбаздардың әскери өмірге көндігіп, үйреніп кетуіне арналған тәрбиелеу жұмыстарымен танысуға барған біз, бірқатар сарбаздармен жолығып, оларды сөзге тартқан едік.

– Мен Ерементау қаласынан келдім. Отбасында жалғыз ұлмын, бес әпкем бар. 11 сыныпты бітіріп, әскерге аттандым. Өйткені, болашақта әскери қызметкер болғым келеді. Мектепте оқып жүргенде шаңғы тебу мен биатлонмен айналысқанмын. Спортты жақсы көремін. Әскери тәртіпке үйреніп жатырмын. Маған бәрі ұнайды. Болашақта армандағанымдай әскери қызметші боламын,-дейді Диас Ибрагимов.

– Өзім жоғары оқу орнында эколог мамандығын тәмамдағанмын. Әскерге өз қалауыммен келдім. Нұр-Сұлтан қаласында тұрамын. Әскери өмір маған қатты ұнап жатыр. Болашақта әскери қызметкер болсам деймін,-дейді сарбаз Максим Колягин.

– Әскерге дейін Көкшетау қаласындағы мейрамханалардың бірінде даяршы болып жұмыс істедім. Отбасымда анам, әпкем және мен. Әкем қайтыс болған. Ана мен әпкемнің қамқоршысы да тірегі де өзім. Сондықтан Отан алдындағы борышымды өтеп, намысты да қарулы жауынгер атану үшін әскерге келдім. Көлікті жақсы жүргіземін. Сондықтан әскерде осы саланы таңдадым,-дейді Равиль Ахметов.

Әскери өмірден хабар-ошарсыз сарбаздар үшін екі жетілік тәрбиелеу жұмыстарының алар орны ерекше. Олар осы уақыт ішінде рухани бекіп, мінездері қатайып, өмірге деген көзқарастары есейіп шыға келетіні белгілі. Ер балаға әскерге барып, Отанына деген сүйіспеншілігі оянып, жауынгер ретінде қалыптасу маңызды болса керек.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Суретті түсірген Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77