Біздің Қостанай

Ұстаз ұлағаты

Жазушы-педагог Спандияр Көбеев жөнінде

Даңқты жерлесіміз Спандияр Көбеев 1878 жылы Торғай облысы Обаған болысына қарасты №3 ауылда, Құрманбай өткелі деген жерде, қазіргі Қостанай облысының Меңдіқара ауданы Ақсуат ауылында дүниеге келген.

Әкесі Көбей Жансүгіров мұсылманша хат таныған, өзі еңбекқор, қолөнерімен күн көрген. Шешесі Айтбоз қайратты, елге қадірлі жан екен. Олардың отбасында Әбжан, Оспан, Кәмел, Мизам, Мұқаш, Спандияр және Тайкенже есімді жеті ұл болған.

Әкесі Спандиярды 9 жасында башқұрт молдасына мұсылманша оқуға береді. Одан баласын ұрып-соқпауын сұрайды. Спандияр молдада бар болғаны 8 күн ғана оқып, молданың жазалауына төзбей қашып кетеді.

Сол 1887 жылы Сауытбай байда мектеп ашылады. Бұл мектепті қазақтың аса көрнекті ағартушысы, ақыны және педагогі Ыбырай Алтынсарин ашқан еді. Жергілікті байлардың қарсылығына қарамастан Спандияр Ы.Алтынсариннің көмегімен осы мектепке оқуға түседі. Ол 1892 жылы мектепті жақсы аяқтайды. Ауылдық мектепті бітіргеннен кейін, Обағандағы орыс-қазақ болыстық мектебінде оқиды.

Бұдан кейін Қостанайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ училищесінде оқыған. Оқуын жақсы тәмәмдап, Орынбор мұғалімдер семинариясында жалғастырмақ болып өтініш жазады. Онда училище атына бір бос орын сақталған-ды. Сол орынға Өтетілеуов деген бай баласы Үмітбайды кіргізбек болады.

Инспектордың алдына Өтетілеуов деген бай баласымен, Спандияр ағасы екеуі барады. Бай инспекторға өз баласының осы орынға лайық екенін айтса, Спандиярдың ағасы одан әділетсіздікке жол бермеуін сұрайды.

Бай «Бергенге қанағат ет. Кедейге оқу емес, жұмыс істеген жөн. Инспектор мырза кімнің қайда оқу керектігін жақсырақ біледі», – дейді. Спандияр Көбеевке «Сен үшін түк те істей алмаймын» деген инспектордың жиіркенішпен айтқан сөзі өте ауыр тиеді.

Мұғалім болуды армандаған жас 1898 жылы Қостанай қаласындағы ауыл мектептеріне мұғалімдер даярлайтын екі жылдық педагогикалық сыныпқа келеді. Оны 1901 жылы аяқтайды.

Спандияр Көбеев өзінің мұғалімдік қызметін 1901 жылы 15 тамызда Ырғыз уезінің Толағай болысындағы Кішіқұм деген жерде бастайды. Содан ол өзінің бар ғұмырын халық ағарту ісіне арнады.

1902-1905 жылдары Петропавл уезі Ақмола облысының Қаратал болысына қарасты Нілді ауылдық мектебінде мұғалім болады. Сол уездің Көктерек болыстық мектебінде, Петропавлда, Пресногорьковтағы 2 сыныптық орыс-қазақ училищесінде жұмыс істейді.

1918 жылы өзінің туып-өскен жері Меңдіқараға қайта оралып, Түбек бастауыш мектебінде қызмет етеді. 1925-1935 жылдары Боровской қазақ мектебінде, 1935 жылдан өмірінің соңына дейін Ақсуат орта мектебінде бала оқытады.

Ұлағатты ұстаз Крылов мысалдарын қайта өңдеп, жаңадан тағы да аударып, 44 мысалды «Үлгілі тәржіма» деген атпен 1910 жылы Қазанда жеке кітап етіп бастырады. Балаларға арналған шығармалардың тапшылығынан, Ы.Алтынсариннің хрестоматияларын өзіне үлгі етіп, бастауыш мектеп үшін хрестоматия құрастырады.

1912 жылы жарық көрген «Үлгілі бала» деп аталатын бұл хрестоматияға өзі аударған Крыловтың мысалдарын енгізеді және орыс жазушыларының балаларға арнаған шағын әңгіме-өлеңдерін қазақ тұрмысына лайықтап жазады. Табиғат, оның құбылыстары туралы, өсімдіктер мен жануарлар жайлы балалар ұғымына сай қысқа әңгімелер, мысалдар береді.

Спандияр Көбеев 1913 жылы ауыл өмірі, әйел тағдыры мен теңсіздігіне қатысты «Қалың мал» романын жазған. «Қалың мал» романы – қазақ әдебиетіндегі прозалық шығармалардың алғашқы үлгілерінің бірі.
Жазушы-педагог одан әрі оқытушылық қызметін жалғастыра береді. Балаларға ана тілі мен орыс тілінен сабақ берген ұстаздың ұзақ жылғы еңбегі еленіп, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы 1939 және 1949 жылдары екі рет Ленин орденімен марапаттаған.

«1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалі берілген. 1944 жылы 13 маусымда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен «Қазақ КСР-не еңбек сіңірген оқытушы» атағын алады.

Педагог-жазушы қоғам қайраткері ретінде де кеңінен танылды. 1947 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне Қостанай облысы Меңдіқара ауданынан халық депутат етіп сайлайды. Ұзынкөл ауданы Ершов сайлау округінен Еңбекшілер депутатттарының облыстық Советінің депутаттығына ұсынылады. Сонымен бірге Бейбітшілікті қорғаудың республикалық комитетінің мүшесі болған.

Спандияр Көбеевтің музей қорындағы қолжазбаларына зер салсақ, ол бала тәрбиесіне аса зор мән берген. «Баланың үй тәрбиесі» мақаласын «Баланы жастан деген қазақта бір мақал бар. Бұл мақал шынында да, дұрыс мақал»,- деп бастайды.

«Семьяда жалғыз өскен баладан көп семьялы үйдің баласын тәрбиелеу өте жеңіл болады. Бұл балалар бірі үлкен, бірі кіші, бірі аға, бірі қарындас, апалы-сіңлілі болып бір семьяда, бір тәрбиеде болып өседі. Бұндай семьяның ата-анасы бәрінің қамын бірдей жейді. Бір ішетін тамақ, киетін киім, оқу-тәрбие жұмысы бір қатарлы, бір ағыммен болып тұрады. Бірінің біріне жаны ашып, бірінің мұқтажын бірі сезіп-көріп отырады. Жалғыз өскен балада бұндай қалыптың бірі де болмайды.

Баланы жақсылап, тәрбиелеп өсірсек, ол біздің болашақ бақытымыз, қуанышымыз, егер балаға жасында қарамай, бетімен өскен болса – ол бізге зор қайғы-қасірет, кейде көз жасын іркуге де тура келеді», – деп жазыпты. Ата-ана баласының кіммен, қалай ойнап жүргеніне дейін бақылап отыру керектігін де ескерткен.

Тәжірибелі педагог бала тәрбиесінің қыр-сырына үңіле отырып, әрбір нәрсеге зор мән береді. Мәселен, 1952 жылы 25 қазандағы жазбасында: «Баланың өмірінде кездескен істің бәрі де оған үлкен маңызды іс болып табылады. Мысалы, балаға кигізген жаңа көйлек, шапан, небір аяқкиім, небір басына киген бөрік – соның бәрі де балаға үлкен оқиға, әрине, баланы киіндіру, ішіндіру де ата-ананың міндеті және ата-анасы міндетім деп баласына сатып әпереді, жөндеп тәрбиелейді, ал балаға соның өзі үлкен жұмыс болып табылады. Балаға сол сатып алып берген киімдерді жөндеп ұста, жөндеп күтіп ки деудің өзі зор тәрбие болып табылады», – деп қалам тербеген.

Ұстаздың кейбір ойлары бүгінгі күнге дейін өз мәнін жоймаған. Баланы еңбекке баулып, шынықтыруды, олардың жасына лайық киноға баруын, тіпті мұғалімнің киім киісі, өзіне қарауын да баса айтады. Мысалы, «Баланың семьядағы тәрбиесі» мақаласында «Балаларын жақсы киіндіріп, жақсы тамақпен тамақтандырып, оқуына түрлі жағдай туғызып, өсірсе болады деп есептеулер болады. Ол семья баласы сабақ оқуға жараған соң баласын машинаға мінгізіп оқитын мектебіне апарып салып, сабағы біткен кезде машина жіберіп, баласын алдырып, күндіз сабақ уақытында үлкен переменде жейтін тамағын салып, не сатып алып жеуге күнделікті ақша беріп отырады. Оқушы балаға ата-анасы, не сол үйдің үлкендері жағдай туғызу деген жақсы нәрсе керек-дағы. Бірақ сол бала сондай туғызған жағдайға ауаланып кетуі ықтимал – сол ауаланудың арқасында өзі сықылды жолдастар тауып алып, тіпті көңілсіз – ата-анасы ренжитін, былайғы қоғам ренжитін іс болуы да ықтимал. Неге десеңіз ол баланың мұқтаж еш нәрсесі жоқ. Өзі сықылды жолдастар тауып алып, орынсыз жерге жүріп кету әдетіне айналып кетуі де мүмкін.

Сабаққа баратын жері алыс болса, көлік ұйыстырып, қала арасы болса, машинамен апарып, алып-келіп жүрмей-ақ мектепке жолдастары болып жаяу баруы керек. Біз балаларымызды еңбекке баулуға міндеттіміз ғой. Балаларымыз дағы білім алатын жеріне, еңбекке үйренетін жеріне еңбек етіп барсын.

«Баланың ойдағыдай өсуі үшін ең алдымен үй ішінің ересек адамдардың өздері тек ақылмен ғана емес, ісімен де, мінез-қылығымен де үлгі болуға тиіс», – деген ой тастайды. Отбасындағы тәрбиеде ұсақ-түйек есебінде көңіл аудара бермейтін жайларға оқытушы терең мән беріп, педагогтік тұрғыдан талдаулар жасайды.

«Балаларды оқуға ынталандыру тәрбиесі туралы» қолжазбасында «Кейбір ата-ана баласын жақсы оқыту үшін оған: Жақсы оқып келсең, саған ананы алып беремін, мынаны алып берем, – деп қызықтырады. Сөйтіп баланың ұғынуынша, оның жақсы оқуы, ата-ана тарапынан «берілуге тиісті» белгілі бір «сыйлыққа» байланысты болып шығады.

Бала жақсы оқуды өзінің міндеті деп санамайтын болады. Жақсы оқу ата-анадан «сыйлық алу» үшін ғана керек деп санайтын болады. Кейбір ата-ана балаларының жақсы оқуын көздеп ақыл айтқанда, балаларына мүлдем теріс тәрбие беретін сөздерді айтып, қызықтырмақшы болады.

Жақсы оқысаң, оқуды тез бітіресің… Ал оқуды тез бітірсең, үлкен қызметкер боласың, ақшаны көп табасың деген сияқты сөздерді айтады. Сөйтіп баланы ғылым, өнер-білім иесі болуға, халыққа қызмет ететін, қоғамның саналы, білімді құрылысшысы болуға үгіттеудің орнына оқуға теріс көзқарас, таяз мағыналы, теріс түсінік береді. Мектепке баланың жақсы қарауы, күнбе-күн тікелей әсер етіп отыратын әр алуан нәрселерге көзқарастан туады.

Баланың білімге, кітапқа, әдебиет және көркемөнер шығармаларына, еңбекке көзқарасы жақсы болса, осы айтылғандарға ол қызығатын болса, онда ол бала мектепке де, оқытушыға да, оқуға да жақсы қарайтын болады. Ал осы көзқарасты қалыптастыратын ең алдымен, ата-ана мен мектеп, – деп жазады.

Спандияр Көбеев көркем әдебиеттің тәрбиедегі рөлін де жоғары бағалаған. Бала тәрбиесіне қатысты бір қолжазбасында: «Патриоттық тәрбие беруде тамырын тереңге жіберген халықтық дәстүрі бар жоғары идеялы адамшылық туын көтерген, халыққа қызмет етуге шақыратын, өз халқының үлгілі көркем әдебиетінің маңызы орасан зор. Әдебиет дәрісінен сабақ беретін оқытушылар мұны жақсы ұғынулары керек», – деген.

Атақты педагог «Өлкетану, музейлерге бару, туған өлкені тану саяхаты, атақты адамдармен кездесу т.б. осылар сияқты мектептен тыс жүргізілетін жұмыстар жастарға патриоттық тәрбие берудің маңызды құралы болып табылады»,- деп санаған.

Ол тәрбие мәселесі және қазақ мектептерінде орыс тілін оқыту туралы мақалаларымен де белгілі. Оның мақалалары республикалық газет-журналдарда басылып отырған. Қоғамда болып жатқан жаңалықтарға баспасөз арқылы өзіндік үн қосқан, өз ауылының және мектептің тыныс-тіршілігіне арналған мақалалар да жазған.

Ұлағатты ұстаз оқу үрдісін тәрбиеден жеке бөліп қарастырмайды. Өзінің көп жылғы тәжірибесі барысында көріп-түйгендерін ұстаздармен бөлісіп, кеңесін беріп отырған.

Ол сабақтан тыс уақытының басым бөлігін де балалармен өткізген. Балаларға білім, тәрбие берумен қатар, олардың денсаулықтарына да көңіл бөлген. Әсіресе, жетім балаларға айрықша қамқорлық көрсеткен. Шәкірті Төлепберген Сейітқалиевтің 1981 жылы жазған қолжазбасы музей қорында сақталған.

Боровойдағы Коммуна мектебіндегі (1923 ж.) ұстазы туралы естелігінде: «Жетім балаларға үнемі ерекше көз салып, қамқоршылық жасайтын. Инфекциялық тері, көз ауруларына дәрі-дәрмек іздеп, дәрігер Қарабаев Мұхамеджаннан керекті дәрі-дәрмектерді өзі алып келетін. Ауру балалардың жаралы денелерін жуып, құрғатып, аптекадан әкелген дәрілерін жараға жағып, шүберекпен орап тастайтын», – дейді.

1956 жылдың 2 желтоқсан күні бар ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған ұстаз 78 жасында дүниеден өтті. Жерлестері оның есімін мәңгі қалдыру мақсатында облыс орталығындағы бір көшеге есімін берді.

Нәзима Оташева,
Облыстық тарихи – өлкетану мұражайының бөлім меңгерушісі


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77