Образование

Ұстаздар қауымы Бейімбет Майлиннің кітабын комикс түрінде жарыққа шығарды

Маңызы мен мазмұны бір.

№1 мектеп-лицейі мен №17 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері әдеби туындыны “комикс” нұсқада жасап, кітап етіп шығарды.

Б.Майлин ауданы әкімдігінің қолдауымен ақынның 130 жылдық мерейтойы қарсаңында демеушілердің қаражаты есебінен “Шұғаның белгісі” кітабы “комикс” нұсқада жарық көрді. Негізгі мақсат оқушылардың қазақ әдебиетіне деген қызығушылығын арттыру.

Эльмира Ерсәлімқызы мен Ақбота Жаңалыққызы бұл әдісті өздерінің оқыту тәжірибесінің негізгі көзі екендігін айтады. Аталмыш туынды жасанды интеллект Qaz GPT көмегімен жасалған. Дегенмен, жасанды интеллект біздің әдебиетіміз бен мәдениетімізді толық жеткізетін фотосурет дайындап бермейді. Оны жасау үшін тағы көптеген өңдеу бағдарламары қолданылған. Жалпы кітапты дайындап шығаруға екі ай уақыт кеткен. Кітап 166 дана болып, екі тілде жарық көрді.

– Бұл шығарманың комиксін жасау барысында өз тәжірибемізде оқушылардың негізгі жас ерекшеліктерін есердік. Кітапта шығарманың негізгі ойы мен мәтіні жеңіл әрі түсінікті етіп құрастырылған. Ал бұл комиксті бала визуалды түрде қабылдайды. Комикстағы мәтіндер Б.Майлин шығармасының толықтай көшірмесі емес, сөйлемдер перифраздалған. Оқырманның түсінуіне жеңіл болатындай барлық тілдік құрылымдарды сақтай отырып жасадық. Қазіргі таңда бұл комикс республикалық сараптамадан өтті. Әрі “Әдеби туынды” ретінде авторлық құқығы сақталған, – дейді Эльмира Рахым.

Ақбота Ермағанбетованың айтуынша бұл әдісті 2019-2020 жылдардан бері өз оқу әдістемесіне енгізген. Б.Майлиннің мерейтойы қарсаңында өткізілген конференцияда “комикс” әдісінің ерекшелігін байқап, облыс әкімінің орынбасары мен білім беру басшыларынан оқу жүйесіне енгізу туралы қолдау тапқан.  Комиксті оқу арқылы оқушылар туындыны оқуға бірнеше күн жұмсамайды. Бір сабақта жалпы мазмұнын түсініп, қызықтырса, екінші сабақта шығарманы зерттеу жұмыстарына баса назар аударылады.

– Мен барлық сабақты осы әдіспен өткізуге тырысамын. Мектептегі әр өтетін шығарманы комикске айналдырып отырамын. Осы уақытқа дейін “Сағынған бала”, “Қонақтар”, “Қорқыт ата жыры”, “Бақытсыз Жамал” сынды еңбектерді комикске айналдырдым. Осы еңбегімнің арқасында өткен оқу жылында республикалық педагогикалық идеялар фестивалінде жеңімпаз атандым,- деп айтады Ақбота Ермағанбетова.

Бүгінгі күні білім саласында бұл жұмыс бойынша тәжірибе тарату үшін түрлі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, “Өрлеу”, “БАҰО”, “С.Мәуленов мектеп-гимназиясында”, Рудный қаласы мен “М.Дулатов” атындағы мектеп-гимназиясында шеберлік-сағаттары өткізілген. Мұғалімдердің айтуы бойынша алдағы уақытта осы жоба аясында қазақ жазушыларының әдеби туындыларын шығарсақ деген жоспар бар екен. Жас ұрпақ білім нәрімен сусындайтын кезең басталды. Рухани құндылық іздесеңіз, кітап оқыған абзал.

Гүлжан БӨЛЕГЕН

Сурет мақала кейіпкерінен алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77