Біздің Қостанай

Ұстаздық еткен жалықпас…

Гүлбану Әбікеновадан білім алған шәкірттер нағыз бақытты жандар

Қай дәуірде болмасын, ұстаздың еңбегі қоғамға керек-ақ. Осындай жаны ізгі, мәртебелі мамандықтың иесі Гүлбану Әбікенова.
Ол 1969 жылы Қостанай облысы, Федоров ауданы, Пешковка кентінде дүниеге келген. 1986-1991 жылдары СССР-дің 50 жылдығы атындағы КПИ-де шет тілдері факультетінде оқыған. Бүгінде ұстаздық жолында еңбек етіп келе жатқанына 30 жылдан асып отыр. Осы уақытқа дейін Жітіқара қаласы мен Федоров аудандарындағы білім ошақтарында ағылшын тілінен сабақ беріп, көптеген шәкірттер тәрбиелеген. 2008 жылдан бері Қостанай қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында қызмет етіп келеді.

– Ұлағатты ұстаз отбасында ардақты ана, жолдасы Жеңіс ағай екеуі қыздарына тәлімді тәрбие берді. Қыздары жоғары білім алып, ел игілігі жолында еңбек етіп келе жатқан мамандар. Үлкен қыздары Айнұр Астана қаласында Назарбаев Университетінде менеджер-дизайнер маманы, кіші қыздары Дариға Қостанайда анасының жолын қуып, мұғалім-дефектолог болып жұмыс істеп жүр.

Біз балаларды білім ошағына 5 сыныптан бастап қабылдаймыз, 11 сыныпқа дейін оқытып қанаттандырамыз. Біздің мектепті 2015 жылы бітірген 22 түлектің төртеуі «Алтын белгі» иегері атанды. Олар Базылбекова Камила, Макенова Наргиз, Жанабай Гульназ, Толеухан Айғаным. Содан кейінгі 2021-2022 оқу жылы біз үшін жемісті жыл болды деп айта аламын. Себебі, осы жылы мектеп бітірген 24 түлектің барлығы да грант иегерлері атанды. Сол шәкірттерім қазіргі таңда Астана, Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай қалаларында жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Оқуларын ойдағыдай аяқтаса дәрігер, мұғалім, экономист, фармацевт, IT-технолог, (ақпараттық технологиялар) мамандары болып шығады. Сондай-ақ, 2015 жылғы барлық түлектер Астана, Алматы, Ақтөбе және Қарағанды қалаларындағы жоғары оқу орындарын, екі оқушым Назарбаев Университетін бітірді. Қазір әрқайсысы түрлі ұйымдарда, біреулері мемлекеттік құрылымдарда, енді бірі құрылыс ұйымдарында жұмыс істеп жүр. Олардың ішінде дәрігерлер, сарапшылар да бар. Шәкірттертінің мұндай беделді лауазымдарға жеткені ұстаз үшін үлкен мәртебе. Көптеген түлектер магистратурада, аспирантурада оқуларын жалғастырып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, дарынды оқушыларын, біздің білім ошағы мақтан тұтады. Оқушылардың жақсы нәтижеге қол жеткізуіне мықты мұғалімдер мен ұйымшыл ұжым себепкер болып отыр. Бұл жалғыз бір ұстаздың ғана жетістігі емес, тұтас бір ұжымның еңбегі. Мектепке келген әрбір баланың сапалы білім алуы, әрбір тапсырманы меңгеруі – біздің басты міндетіміз, – дейді Гүлбану Әбдірзаққызы.

Аталмыш оқу орнының биылғы түлектерінің бірі Жансүгір Ерасыл. Талапты шәкірт тынбай тер төгіп, үздіксіз ізденудің арқасында ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинап, өзі қалаған мамандық бойынша мемлекеттік грантпен оқуға түсті.

– ҰБТ-ға жаңа бағдарлама енгізілген соң жан-жақты ізденіп, талпындық. Соның нәтижесінде өзім қалаған оқуға түстім. Өзімнің қалаған мамандығым медицина саласына оқуға түстім. Ұстаздарыма алғысым шексіз, – дейді ол.

Расында бір сыныпты бітірген түлектердің түгелдей мемлекеттік грантпен оқуға түсуі сирек кездесетін жағдай. Бұған дейін еліміздің білім тарихында болмаған шығар. Алайда, мектеп басшылығы бұның сыры жүйелі білім мен ұжымдағы ауызбіршілікте екенін алға тартады.

«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық. Осы орайда Гүлбану Әбдізаққызынан білім алған шәкірттер нағыз бақытты жандар екенін айта кеткен жөн. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан да келе бермейді. Сондықтан, ұстаз болу – жүректің батырлығы деген сөз нағыз ұстаздарға арналады.

Әсел ЕДРЕСОВА
Суреттер
кейіпкерден алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77