Біздің Қостанай Социум

Су апатынан кейінгі Алтынсарин ауылы

Зардап шеккен әр отбасыға 100АЕК әлеуметтік көмек берілді

Облысымыздағы Алтынсарин кентіндегі үйлер бірнеше минут ішінде су астына кетті. Тұрғындардың біразы өз мүлкін құтқара алмады, дәлірек айтсақ, олар жай ғана үлгермеді.

Қостанай ауданы Алтынсарин кентінде үлкен суды ешкім күткен жоқ. Ауыл тұрғындарының мұндай күрделі мәселеге соңғы рет осыдан 30 жыл бұрын тап болғанын, ол кезде қатты су келмегендерін айтты. Қиындық күтпеген жерден келді және бірнеше сағат ішінде ауылдағы үйлердің көбі көзбе-көз су астына кетті. 200-ден аса адам эвакуацияланды. Қазіргі уақытта олар туыстарының жанында тұрады, пәтер жалдайды.

Су тасқынынан зардап шеккен әр отбасына 100 АЕК (369 200 теңге) мөлшерінде әлеуметтік көмек төлеу жалғасуда. Бүгінгі таңда жалпы сомасы 67,9 млн. теңгеге 184 отбасы төлем алды. Үйлерді бағалау жөніндегі комиссия 185 үйді, Алтынсарин ауылы – 150, Мичурин ауылы – 35 үйді тексерді.

Қазіргі уақытта сол тексерулер бойынша сарапшылардың қорытындылары дайындалуда. Осы аптада бағалаудың қорытынды нәтижелерін алу жоспарлануда. Осыдан кейін комиссия залалды өтеу бойынша шешімдер қабылдайды.

– Негізі Алтынсарин ауылында су тасқынына байланысты 151 үй зардап шеккен. Оның 150-і арыз жазған, барлығында техникалық сараптама өткізілді. Қазіргі таңда коммисия мүшелері демалыссыз жұмыс жасауда. Демеушілерден теледидар мен мұздатқыштар тапсырылып жатыр. Сол 150 отбасының 80-нен аса отбасы қабылдап алды. Жалпы осы апта бағалау жұмыстары өткізіліп болғаннан кейін, тұрғындарға екі шешім ұсынылады. Баспаналары тұруға жарамсыз болса, онда басқа өңірден жаңадан баспана сатып алынады, әлде осы елді мекенде жаңадан баспана құрылысы болады. Ал тұруға жарамды үйлердің иелеріне тексеру жұмысы аяқталғаннан кейін жөңдеу жұмыстарына қаражат беріледі, – дейді Қостанай ауданының әкімі Берік Танжариков.

Алтынсарин ауылында тек бір үй өтініш берген жоқ. Себебі, үй құжаты дұрыс емес, сондықтан бұл үй кейін қарастырылады.

Сонымен қатар ауылда штаб орналасқан. Жұмыс күндері аудан әкімі кешкі 19:00-де келіп тұрғындардың сұрақтарына жауап беруде. Күн сайын шатабқа келген ауыл тұрғындарына ыстық тамақ, шәй беріледі.

– Мен осында таңертеннен кешкі 10-ға дейін жүремін. Әр адамға тексеру жұмыстары жайында түсіндіре беру қиын. Мысалы, Әулиекөлде өрт болды, ол жерде түсінікті ештеңе қалған жоқ, барлығы жанып кетті. Ал мында жағдай басқа, үйдің тұрақтылығы, қауіпсіздігі тексеріліп жатыр. Тексеріс комиссиясы үшінші рет тексеруде. Үй құрғай бастады басқада бұзылған жерлері пайда болуда, сондықтан бірнеше рет қарап жатырмыз. Бірден жасала салатын жұмыс емес. Алайда, оны барлығы түсіне бермейді. Әрине адамдар үйсіз қалды, оларды да түсінуге болады, – дейді Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Маржан Доскалиева.

Су тасқынынан кейінгі алғашқы күндері Ыбырай Алтынсарин атындағы жергілікті жалпы білім беретін мектеп зардап шеккендерге барлық көмек ағылған орталыққа айналды. Қазір кейбір оқушылар әлі де қашықтықтан оқып жатыр, ал қалғаны әдеттегідей мектепте офлайн форматта білім алуда. Өйткені Қостанай, Тобыл қалаларында, Заречный ауылында туыстарының қасында тұрып жатқандар көп.

– Біздің үйіміздің төбесіне дейін су басқан. Тексеріспен келгендер қалпына келтірілмейтігін айтты, өйткені ол қамыстан салынған. Өзім мында 2012 жылдан бастап тұрамын, оған дейін ата-анам осында тұрған. Жиһаздардан түк қалмаған, барлығын тастадық. Қазір қалада берген ақшаға пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Гуманитарлық көмек келгенде матрац, көрпелер берген еді, – дейді ауыл тұрғыны Ирина Пострыгань.

Қазір су кетті, барлығы үй ішін жинап, реттеуде. Кейбірі осыдай 1-2 жыл бұрын жөндеу жасаған, ал енді үйдің күйі қуантарлық жағдайда емес.

– Көмектесіп жатқан жандар өте көп. Күнде азық-түлік, киім-кешек алып келіп жатыр. Ең алдымен көп балалы аналарға беріп жатырмыз. Су басқан кезден бастап қол ұшын созғандарға рахмет. Еріктілерде өздері келіп, жинастырып жатыр, – дейді ауыл имамы.

Жалпы, аудан әкіміның айтуынша егерде тұрғындардың көбісі басқа жерде жаңа үй салуға дауыс берсе, онда жаздың аяғына дейін барлық жұмыстарды бітіреді. Қазір барлығы тұрғындардың жауабына байланысты.

Ауыл тұрғындары келіп жатқан еріктілерге алғыстарын айтуда. Су келе жатқаннан бастап көмектесті. Төменде орналасқан Садовая, Озерная көшелеріндегі көріністі суреттерден көре аласыздар. Барлық тұрғындар үйлеріндегі жиһаздарды, киім-кешектерін лақтырып жатыр. Ал үйдің ішінде ылғалдықтың ісі мүнкіп тұр. Жақын арада тексеріс жұмыстары біткеннен кейін, ары қарай не болатындығы нақты айтылады.

Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Нуржан СМАИЛОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77