Жасыл желегі желбіреген, әсем қала Қостанайдың 145 жылдығы барша қостанайлықтар үшін үлкен мереке
Жыл сайын жаздың соңғы айында аталып өтілетін бұл мерекені жергілікті жұртшылық асыға күтетіні де белгілі. Қала күні дегенде көз алдымызға Қостанайдың әсем келбеті елестейтіні белгілі. Қаланың ажарын аша түсуіне суретшілер сәулетшілердің де қосар үлесі зор. Соның бірі – Мұхамбетқали Рахалиев. Ол қырық жылдан бері осы салада еңбек етіп, өңірде оның елуден астам еңбегі қойылған екен.
Қостанайлық қылқалам және ағаш шебері, мүсінші ретінде Мұхамбетқали Рахалиевтың есімі көпшілікке жақсы таныс. Шебердің қолынан шыққан туындылары Қазақстанды қойып, әлемнің біраз елінде бар. Оның қолынан шыққан түрлі туындыларды бүгінде өңірдегі бірқатар аудан-қалалардан да кездестіруге болады. Өзін төрт мамандықтың иесімін деп біледі. Ол алдымен суретші, сосын барып мүсінші, қолөнер шебері және карикатурашы.
Ағамыз қолөнермен 1987 жылдан айналысып келеді.
«Домбыра, қобыз, бесік, күбі, ағаш ыдыстар және күнделікті тұрмыста қолданатын қажетті жабдықтарды жасадым. Қарап отырсам, қырық жылға жуық менің шеберханамнан шыққан домбыралар өз иесін тауыпты. Ал, кейінгі он төрт жылда мүсін қашап жүрмін», – дейді шебер.
Мұхаметқали Рахалиев өңірімізге көрік берген елуден астам мүсіннің авторы. Оның танымал туындыларының бірі – Қостанайға кіреберісте қойылған «Қобыз», Рыспай ауылының бұрылысында «Бүркіт» және «Қос Тана» мүсіндері бар.
«Мен жасаған мүсіндер көбіне саябақтарға арналған. Жасау әдісі – қарапайым. Көбіне цемент пен арматураны қолданамын. Бірақ, мұның ерекшелігі – өте мықты, ол тастай болып қатып қалады. Мәңгілікке жарамды десе де болар», – дейді мүсінші.
«Жігітке жеті өнер де аз» деген. Оның мәдениет, руханият, ұлт қазынасы тақырыптарында мақалалар жазып, газет беттерінде жариялап тұратыны бар.
Шебердің кәсіби және өмірлік тәжірибелері негізінде жазылған «Суретім менің – құдіретім» атты кітабы бар. Ол енді қазақы бұйымдардың тарихын және ерекшелігін баян ететін жаңа еңбекті жарыққа шығарғысы келеді. Өзге елдердегі әріптестерімен тәжірибе алмасып тұрады. 2016 жылы мұсылман елдері арасында Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен көрмеге 40 күн қатысып, туындыларын шетелдіктер назарына ұсынып келді. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған сәндік-қолданбалы өнер көрмесіне, «Қазақ хандығының 550 жылдығы» іс-шарасына да қатысты.
– Мектеп табалдырығын аттағаннан бастап қолыма қағаз, қалам ұстап сурет сала бастадым. Қолыма пышақ алып, талдардан, ағаштардан өзіме түрлі ойыншықтар жасап алатынмын. Бір күні әкемнің училищеде оқып жүргенде сызған сызбаларын тауып алдым. Ол кәдімгі қара қарындашпен сызылған болса да өте ұқыпты салынған сызбалар болды. Осыдан бастап менің бойымда қызығушылық оянды. Сурет салу және карикатура саласына бет бұра бастадым. Оның үстіне әкем керемет шебер кісі деді. Ат әбзелдерін тамаша жасайтын. Атам Рахали дәулескер домбырашы болыпты. Маған солардан дарыған. Өнерді балама үйреткім келеді. Кіші ұлым Айдар суретті жақсы салады. Икемі бар. Өзім сияқты спорттан да қара жаяу емес. Бокстан облыстың 12 мәрте жеңімпазы. Республикада екі рет жүлдегер атанды. Осы жолға келуім ата-бабамның арқасы. Өн бойымда өнер десе шабаттанып кететін құдіретім бар, – дейді шебер.
Домбыра жасау оңай іс емес. Ол үшін қызыл қарағай, қайың, Сібір мен Кавказ қарағайы, бұйра үйеңкі, жаңғақ, қызыл ағаш, қара ағаш, арша секілді көптеген ағаш түрлері керек екен. Оларды баптап, «тілін табу» керек. Ағаш жарамды болуы үшін іші қуыс емес, жасы жеткен болуы шарт. Сол себепті оны ақпан айында талапқа сай кескен. Егер ағаш қажетті уақытында кесілмесе, барлық керекті қасиеттерін жоғалтады деседі.
– Менің домбыраларымның дауысы күмбірлеп тұрады. Өзіндік қасиеті бар. Алған адамдар әзірге реніш білдіріп көрген емес. Ондайда марқайып қаласың. Еңбектің бағасына қарай бағалаймын. Оны алушалыр да түсінеді, – дейді Мұхамбетқали Тоқтарбайұлы.
Сәулет өнері ол кісінің бір қыры. Шебердің қолынан шығып, бой көтерген ұлттық нақыштағы ескеркіштер Қостанай қаласы мен облыстың бірнеше аудандарының сәнін келтіріп, көркін келістіріп тұр.
Жангелдин ауданының Қызбел ауылында биіктігі төрт метр болатын ескерткіш алаш арысының есімімен аталатын мектептің алдынан бой көтерген еді. Оның да авторы осы кісі.
– Міржақып бабамыздың мүсінін жасау мен үшін үлкен бақыт деп білем. Өзім де қаржылай үлес қосып, үш айдың ішінде мүсінді жасап шықтым. Жасаған еңбегіме ешқандай еңбекақы талап еткен жоқпын. Себебі өнер өлшеусіз. Кейде шын көңілден шығатын дүниелерді осылай беретін де мінезім бар, – дейді ағамыз. – Мен де осы өңірдің тумысымын. Бұл істердің барлығы жас буын осындай тарихи ескерткіштерге тағзым етіп, қазақтың рухын асқақтатса екен деген оймен жасалып жатқан жұмыстырым.
Шебердің қолынан шыққан заттардың қатарында қазақтың қасиетті домбырасынан бастап, қобыз, сыбызғы, бесік, қазақы дөңгелек үстел, астау, ожау, қымыз ішуге арналған тостағандар және түрлі тақырыптарға арналған сувенирлер, шығармашылық композициялар көздің жауын алады.
–Еңбек еткен осы жылдар ішінде көп нәрсені көңілге түйдім. Өнермен айналысқан соң тарих қойнауына көңіл бөлмеу мүмкін емес. Сондықтан ата-баба салған сара жолдан көпті үйренеріміз шындық. Егер мәдениет саласына келетін болсақ, кім-кімді болса да әр түрлі ойлар толлғантады.
Меніңше мәдениет ана тіліміз қазақ тілінен бастау алуы керек. Тілге қатысты заң әлі де жөнге келмеді. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Халықаралық тіл – ағылшын тілі. Ал қалған тілдерге өзара сөйлесуге, жұмыс істеуге, араласуға еш кедергі жоқ. Ол әркімнің өз еркі. Тіл туралы заңның түсініксіз тұстарынан әлі күнге ақсап келеміз. «Тілінен айрылған халықтың келешегі жоқ» деген даналық сөзді ұмытпайық. Қалада ұлттық нақыштағы үйлер, ескерткіштер көбейсе деймін. Үй қабырғаларына салынған ұлыларымыздың бейнесі көзтартарлықтай болуы қажет. Сонда қазақылықтың иісі аңқып тұрар еді, – деген ойын да білдірді.
Шебер биыл рәміздер күнінде «Жыл патриоттары – 2024» байқауында марапатқа ие болды. 1992 жылы Алматыда болған рәміздер конкурсында да еңбегі еленіп, жоғарғы кеңестің алғысына бөленген еді. Міне, еңбектің бағаланып жатқаны жанға демеу, көңілге қуаныш ұялатары да рас. Ағамызға әлі де жемісті еңбек жолын тілейміз.
Аий ӘБДІЛДА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77