«Ұлт ұстазы» кітабының тұсауы кесілді
Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай, Түркияда «Қазақ тіл ғылымына тарихи шегініс» атты халықаралық конференция өтті.
Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық (ТҮРКСОЙ) ұйымы аталмыш конференцияны Анкара және Стамбул қалаларында ұйымдастыруды жоспарлаған болатын. Бұл конференцияда Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Түркіменстан елдерінің ғалымдары қатысты.
Көрнекті лингвист-ғалым, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының және қазақ журналистикасының негізін салушы, ұлттық әліпбиі мен емленің реформаторы, тұңғыш ұлттық әліппенің авторы, қазақ ғылымын ұйымдастырушы, қазақ филологиясының тұңғыш профессоры, қазақтың тұңғыш білім министрі, ақын, философ, мәдениеттанушы, саясаткер, идеолог, педагог, ХХ ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясын тәрбиелеген ағартушы ғалым, қазақ руханияты тарихындағы аса ірі тұлға, қоғам және мемлекет қайраткері, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына арналған жиында ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түрік тілі қоғамының басшысы, профессор, доктор Гүрер Гүлсевин, Қазақстанның Анкарадағы елшісі Абзал Сапарбекұлы баяндама жасады.
Сондай-ақ аталмыш халықаралық конференция аясында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры ф.ғ.к. Анар Фазылжан Анкара және Стамбұл қалаларында өз баяндамасын көпшілік назарына ұсынды. Сонымен қатар бұл жиында филология ғылымдарының кандидаты, Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Серікбай Оспанұлының «Ұлт ұстазы» кітабының тұсауы кесілді және Ахмет Байтұрсынұлы туралы деректі фильм көрсетілді.
-Мен Ахмет Байтұрсынұылының дүниеге келген ауылында туып өстім. Мұны мен мақтан етемін. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ Ахмет Байтұрсынұлы жайында көп дүниелерді көкейіме түйген болатынмын. Кейін ол жайында зерттеп, қазір санап отырсам барлығы 52 еңбек жазған екенмін.
Ахмет Байтұрсынұлының өмірі оның шығармашылығы жайында халық әлі де толық білмейді. Мысалы, ұлтының сауатын ашу мақсатында төте жазуды тапқан да осы кісі. Ахаң жайында айтар көп. Сондықтан әлемдік деңгейде биыл аталып өтіліп отырған 150 жылдық мерейтойына орай, «Ұлт ұстазы» деген кітабымды дайындадым.
Оның алғаш тұсаукесері Түркияда өтіп жатыр. Қазақ халқына Алматы шаһарында таныстырылатын болады. Кітабым 400 беттен тұрады. 500 данасы жарық көрді. Бұл еңбек менің бір айлық немесе бір жылдық ізденісімнің жемісі емес, бұл менің өмірлік ізденісімнің жемісі. Сондықтан бала кезден Ахмет Байтұрсынұлын тану мақсатында жасаған әр қадамымның нәтижесі,-дейді кітаптың авторы ақын, профессор Серікбай Оспанов.
Елімізде Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтетіні өткен жылдың өзінде белгілі болған еді. Елім дейтін ер болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын демекші, елінің болашағы үшін «Халық жауы» атанып, ату жазасына кесілген көзі ашық, көкірегі ояу азаматтың артында қалдырған мол мұрасы біз үшін құн жетпес қазына.
«Қинамайды абақтыға жапқаны, Қиын емес, дарға асқаны, атқаны, Маған қиын осылардың бәрінен, Өз ауылымның иттері үріп қапқаны»,- дейді бір өлең жолдарында сол кездегі солақай саясаттың қол шоқпарына айналған, өз ұлтымыздың ішіндегі сатқындардың ісіне қаны қайнаған Ахмет Байтұрсынұлы.
Елім деп өлімге қасқая тұра білген халқым, ұлтым деген ерді қалай ардақтасақ та жарасады. Оның мерейтойын атап өте отырып, жастарға Ахмет Байтұрсынұлының жүріп өткен өмірінен жан-жақты мәлімет бере алсақ, олардың көкірегіне Алаш ардақтысының артында қалған баға жетпес қазынасын мұра етіп табыстай алсақ, оның аты ешқашан өшпейді, ұлт жадында мәңгі сақталады.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77