Образование

Төрт мыңға жуық оқушы компьютерге мұқтаж

Осы мәселені шешу үшін жергілікті бюджеттен 300 млн теңге бөлінген

Қазіргі таңда  жанұяда бір ғана компьютер, мектеп жасындағы бірнеше баласы бар, сонымен қатар ата-аналардың өздері қашықтан жұмыс істесе, ата-аналар қайтпек? – деген сұрақтарға білім басқармасының басшысы жауап берді.

– Біріншіден, осындай барлық мәселелер туралы мектеп әкімшілігі мен сынып жетекшісіне оқу тоқсанының басталуына дейін хабарлау қажет. Сіздің сұрағыңыз жеке шешіледі. Екіншіден, смартфондарды қоса алғанда, түрлі электрондық құрылғылар арқылы және әртүрлі байланыс түрлерін, оның ішінде флеш-жинақтауыштарды пайдалана отырып, қашықтан оқыту ұйымдастырылуы мүмкін, – дейді Василий Цымбалюк.

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі уақытта 4 мыңға жуық (3935) оқушы компьютерлерге мұқтаж, ал, 4,5 мыңға жуық (4488) оқушы интернет желісіне қол жеткізе алмай отыр. Бірақ бұл мәселе қазір шешілу үстінде екен.

– Қашықтан оқытуға қажетті жағдай жасау және жұмыс орындарын жабдықтау мақсатында 5 мыңнан астам (5166) мектеп компьютерлік техникасы білім беру ұйымдарынан педагогтер мен оқушыларға, бірінші кезекте, әлеуметтік жағынан осал санаттағы балаларға қайтарымды негізде беріледі. Сонымен қатар, отбасыларға уақытша пайдалануға беру үшін жергілікті бюджеттен қосымша 1759 компьютер сатып алуға 300 млн теңге бөлінді (облыс әкімдігі – 1654 дана, аудандар – 105 дана). Облыстың қалалары мен аудандарында (Қостанай, Рудный, Жітіқара, Қостанай аудандары және т.б.) мобильді интернетті қосу үшін модемдерді сатып алу бойынша жұмыс ұйымдастырылды. Білім және ғылым министрлігі ағымдағы оқу жылында оқу жетістіктерін сырттай бағалауды немесе ОЖСБ болдырмайды. БЖБ (бөлім бойынша жиынтық бағалау) өткізілмейді. ТЖБ (тоқсан бойынша жиынтық бағалау) сақталады, бірақ жеңілдетілген нұсқада қашықтық форматта ұйымдастырылады.  Қашықтан оқыту жағдайында жиынтық бағалауды өткізу кезіндегі барлық даулы жағдайларды, әрине, баланың пайдасына шешілуі тиіс екенін атап өткім келеді. Ата-аналарға жылдық баға қашықтан оқыту қорытындысына ғана негізделмейді, барлық төрт тоқсанның қорытындысы болып табылатынын еске сала кетейін, – дейді ол.

Мектеп бітіруші оқушылардың да ата-аналары алаңдаулы.

– ҚР БҒМ қорытынды аттестаттауды өткізуді және ҰБТ ұйымдастыруды анықтайтын өзгерістер енгізілгенде, біз оларды алдын ала хабарлаймыз. Ал, қазір барлық түлектерге, әсіресе бейінді пәндер бойынша, оның ішінде барлық мүмкін болатын онлайн-тұғырнамаларды пайдалана отырып, дайындалуға күш-жігерді шоғырландыру қажет. Облыс педагогтары оқу жоспарының барлық пәндері бойынша, оның ішінде дене шынықтыру және еңбекке баулу бойынша бейнесабақтар әзірлеуі үлкен жұмыс атқаратынын атап өткім келеді. Мысалы, бастауыш, орта және жоғары сыныптар үшін жалпы бекітетін жаттығулар кешені бар бейнероликтер әзірленді, оларды міндетті түрде әрбір оқушы орындауы қажет, – деп атап өтті білім басқармасының басшысы.

Бұл ретте барлық оқушыларға еңбек және демалыс режимін сақтау қажеттілігі туындап отыр. Бұған денсаулық, физикалық даму және үлгерім тікелей байланысты. Үлкен жауапкершілік ата-аналарға да, педагогтарға да жүктеліп отыр.

– Біз өз тарапымыздан оқушылардың бос уақытын қамтамасыз ету үшін барлық мүмкіндіктерді жасаймыз. Қазір облыстық қосымша білім беру ұйымдары облыс оқушыларына зияткерлік және шығармашылық олимпиадалар, конкурстар мен челлендждерді қашықтан өткізуді ұйымдастыруда. Қосымша білім беру ұйымдары жұмысты төртінші тоқсанда қашықтық форматта жалғастырады. Сабақ кестесі ұйымдардың сайттарында, әлеуметтік желілерде орналастырылған және әр отбасына хабарланады, – деді Василий Цымбалюк.
Сералы МЫРЗАБАЙ

Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77