Біздің Қостанай

Тәуелсіз елдің құрдастары

Еліміздің болашағының жарқын болуы жастардың қолында


1991 жылы дүниеге келген Тәуелсіздіктің төл құрдастары биыл 31 жаста.

Бүгінде бірі ұстаз, бірі мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикасына үлес қосып жүрген кәсіпкер, енді бірі спортшы ретінде ел намысын қорғап жүр, осылайша олар туған жердің гүлденуіне өз үлестерін қосып келеді.

Арманы асқақ, Отанға деген ыстық сезімі бар, өресі биік, мақсаты зор Тәуелсіздік құрдастары біздің шаһарымызда да баршылық. Солардың бірі қала тұрғындары, жас отбасы Нұрсұлтан мен Жанар Асановтар. Оларды еліміздің нағыз патриот жастарының қатарына жатқызуға болады.

Нұрсұлтан ҚР ТЖМ «Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаменті Қостанай ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі» РММ азаматтық қорғау аға лейтенанты, аға тергеушісі лауазымында қызмет атқарады. Мемлекеттік қызметте қалтқысыз қызмет етіп жүргеніне он жылдан асқан. Осы жылдар ішінде еңбегі еленіп, өз ісіне адал әрі аса жауапкершілік танытқаны үшін медальмен, Алғыс хаттармен де марапатталған екен. Жолдасы Жанар Қостанай облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандырылған ауданаралық сотының маманы. Қазіргі уақытта бала күтімі бойынша демалыста. Нұрсұлтан мен Жанар Асановтар 2017 жылы «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауына қатысып қалалық кезеңде жүлдегер атанды. Жас шаңырақ иелері Нұрсұлтан мен Жанар Әлинұр мен Айзере есімді екі баланы тәрбиелеп отырған ата-ана. Олар елімізбен бірге өсіп-өніп келеді.

– Біз тәуелсіздік жылдары дүниеге келгенімізді ерекше мақтанышпен айта аламыз. Тәуелсіздік жылында жарыққа келгенімді жақсылыққа жорып, атам менің есімімді Тұңғыш Президентіміздің құрметіне Нұрсұлтан деп қойған екен. Тәуелсіздіктің таңында дүниеге келгендіктен перзент ретінде мен оның мағынасы мен маңызын түсінуге тырысамын. Менің алаңсыз бақытты балалық шағым ауылда өтті. Ештеңеге алаңдамай орта және жоғары білім алуымыз да елдегі тыныштық пен тәуелсіздіктің арқасы. Осы тәуелсіздік жылдарында еліміз өркендеп, қанатын жайды. Елмен бірге ер жеткен мен сияқты тәуелсіздіктің құрдастары бір-бір мамандық иелері атанды. Олар да тәуелсіздіктің құрдасы болу екінің біріне бұйыра бермейтін бақ екенін түсінеді деген ойдамын.
Біздердің яғни, жастардың алдында елімізге аянбай еңбек ету мақсаты ғана тұруы міндетті деп ойлаймын. Ендігі ретте еліміздің болашағының жарқын болуы жастардың қолында. Ел тәуелсіздігі мәңгі болғай, – дейді тәуелсіздіктің төл құрдасы Нұрсұлтан Асанов.

Қымбат НАҒАШЫБАЙ,
сурет кейіпкерден алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77