Культура

«Тәуелсіздік, елімнің тұмарысың» деп аталған республикалық айтыс жоғары деңгейде өтті

Бас жүлдені жас ақын Шұғайып Сезімхан қанжығасына байлады

Айтыс десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар. Сөз атасын түсінетін жұртшылық үшін қаламыздағы «Жастар сарайында» еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған «Тәуелсіздік, елімнің тұмарысың» деп аталған республикалық ақындар айтысы өтті.

Айтыстың шымылдығын ақын, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман ашты.

Жүрсін Молдашұлы көп жылдардан бері айтыс ұйымдастырып, ақынжанды азаматтарды қанатының астына алып, төл өнерімізді барынша дамытып жүрген азамат екені баршаға белгілі болса керек.

Қалың көпшіліктің алдына шыққан айтыс жанашыры еліміздегі қауіпті дертке байланысты соңғы уақытта айтыстың көп уақыт бойы өткізілмей қалғанын айта келе, Қостанай облысы әкімдігінің үлкен тәуекелге барып, республикалық айтыс өткізіп отырғанына алғысын білдірді. Сонымен қатар айысқа ат шаптырып келген ақындарды жұртшылықпен таныстырып өтті.

Өңірімізде ұйымдастырылған өнер додасында Салтанат Өтелбаева, Тоба Өтепбаев, Батырлан Сағынтаев, Айбар Рагатов, Жансая Мусина, Тілеген Әділов, Қалижан Білдашев, Аспанбек Шұғатаев, Нұрлан Есенқұлов, Шұғайып Сезімхан, Мейірбек Сұлтанхан, Рүстем Қайыртай, Жарқын Жұпархан, Нұрмат Мансұров сынды сен тұр мен атайын дейтін айтыс ақындары қатысты.

Ақындар арасында өткізілген жеребеге сәйкес Жайықтың Жансаясымен Шымкенттің ақыны Қалижан Білдашев бірінші жұп болып өнер көрсетті.

Қыз бен жігіт айтысын өте жақсы көрсете білді. Бір-бірімен қалжыңдаса отырып, Тобыл топырағында дүниеге келген ұлы тұлғалар жайында да сөз қозғады.

Сонымен қатар өз кезегінде сөзге шебер Жансая қыз Шымкенттен келген жас ақын Қалижан Білдашевтың жұмысқа келді-барды қарап, қызметінен шығып қалғанынан айтып, бүгінде жұмыс істемейтінен хабар берді. Осыдан кейін қарсыласының жұмысы жайында айтқанына намыстанған Қалижан Жансаяға орынды әзілмен жауап қайтарды. Ол Жансаясаның әлі тұрмыс құрмағанын айта келе «Мені жұмысқа алмайды, сені тұрмысқа алмайды». Екеуміздің де өзіндік шешілмей жүрген мәселеміз бар деп жауап беріп, айтыс сүйер қауымның көңілін бір көтеріп, күлкіге қарық қылды. Осылайша бұл жұптың айтысы өте тартымды да қызықты болды.

Халық ақыны Әсия Беркенова бастаған құрамына Серікбай Оспанов, Ақылбек Шаяхмет сынды ақын жазушылар енген әділ қазылар алқасының шешімімен Жансая Мусина 48 бал жинаса, Қалижан Білдашев одан бір бал басым түсті.

Екінші жұп болып Нұрлан Есенқұлов пен қостанайлық ақын Салтанат Өтелбаева айтысты жандандыра түсті. Нұрлан ақын жерлесіміз Салтанатқа құдаша деп оның өңірімізде өткен айтысқа ғана қатысатынын тілге тиек етіп, көптен бері көрінбей кеткен ақын қызды өзі әдейі көру үшін Қостанай қаласында ұйымдастырылған айтысқа іздеп келгенін келгенін айтты. Сондай-ақ қос ақында «Кел балалар оқылық» деп алғаш мектеп ашып, ұлтының білімді, көзі ашық болып қалыптасуы үшін орасаң зор үлес қосқан Ыбырай Алтынсарин жайында өз пайымдарын көпшілікке ұйқасы мен мағынасы бірге өрілген өлеңдерімен жеткізе білді. Осы ретте Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музйінің басшысының орынбасары болып қызмет ететін Салтанат Өтелбаева, Ыбырай Алтынсариннің халқы үшін атқарған жұмыстарына тоқтала келе, оның 180 жылдық мерейтойының аталып өтуінің ауқымы тар, әлемдік деңгейде атап өтілуі керек деген ойын жеткізді. Ақынның бұл сөзі көпшіліктің көңілінен шығып, бір көтеріп тастады.

Осылайша қызықты өрбіген айтыс жиналған қауымға ерекше көңіл күй сыйлады.

Батыс Қазақстаннан Орал қаласынан келген Жайықтың Жансаясымен жолығып, өңірімізде ұйымдастырылған айтыс жайында, Қостанай қаласынан алған әсері де сұраған болатынбыз.

-Айтыс жоғары деңгейде өтті. Қостанай керемет мекен. Айтысқа қатысып, өнерімізді көрсетеміз деп келген бізді жақсы қарсы алды. Маған бәрі ұнап жатыр. Қостанайға келіп, осындай үлкен додада бақ сынағанымен өте қуаныштымын,-деді.

Сондай-ақ Қызылорданың тұлпары, жас ақын Мейірбек Сұлтанханды сөзге тартқанымызда, ол:

-Тобыл-Торғай жері көптеген ұлылар дүниеге келген киелі мекен. Осы айтысқа қатысатынымды білгеннен бастап Қостанай өңірін жан-жақты зерттеген болатынмын. Көп мәліметке қанықтым. Бір сөзбен айтқанды ерекше дайындықпен келіп отырмын. Қостанай халқы бізді өте жақсы қарсы алды. Бұл додада тек мықтылар бақ сынады. Жергілікті халықтың ыстық ықыласына ризамын,-деді.

Сонымен қатар кіл мықтылар бақ сынаған аламан айтысты тамашалауға келген Қостанай қаласының тұрғыны Әсел Нысанбаева сөзге тартқан болатынбыз.

-Мен айтыс өнерін жақсы көремін. Ақындардың сурып-салма өнеріне тәнтімін. Көпшіліктің алдында ойдан өлең құрап, бір-бірімен айтысу өте қиын өнер деп білемін. Сонда да бойларындағы ерекше қасиеттерімен айтысқа шөлдеп қалған халыққа бақыт сыйлаған айтыскерлерге алғысым шексіз. Әсіресе Жансая Мусанының өнерін жоғары бағалаймын. Оның айтыстарын үзбей көремін. Бұл жолы да Жансая ақынның келетінін білгенде қуанышымда шек болмады. Міне, өзім күткендей Жансая керемет өнер көрсетті. Бірақ оның ұпай бойынша Қалижаннан кем түскеніне көңілім түсіп кетті. Меніңше Жансаяның балы жоғары болуы керек еді. Не де болса, әділ қазылардың таңдауы осы болды,-деді.

Айтыстың екінші күнін қостанайлық ақын қыз Салтанат Өтелбаева мен Нұрлан Есенқұловтың айтысы жандандыра түсті. Нұрлан Есенқұлов өз кезегінде Ыбырай Алтынсариннің кесенесі Мичурин деген жерде екен ол жердің атауын қазақшаландырып, ұлт ұстазын тәрбиелеген Балқожа би деп атауға болмайды ма деп қазақ тілінің мәртебесі жайында сөз қозғады. Осы ретте өз кезегін алған Салтанат Өтелбаева да қарсыласының сөзін қостап, ұстаздың кесенесінің жанындағы ойын-сауық құратын орынның ашылғанын, ол жерде үнемі жын-ойнақ болып жататын тілге тиек етті. Осылайша бұл жұптың айтысы халыққа терең ой салды.

К,өпшіліктің көңілінен шыққан ақындар айтысы да өз мәресіне жетті. Әділ қазылар әділ бағасын шығару үшін, залдан шығып кеткен уақытта жергілікті өнерпаздар жинаған қауымға әннен шашу шашты.

Сөйтіп, «Тәуелсіздік, елімнің тұмарысың» деп аталған республикалық айтыстың бас жүлдесі Chevrolet Nexia автокөлігін жас ақын Шұғайып Сезімхан қанжығасына байлады. Бұл ақынның айтыста алғаш мініп тұрған темір тұлпары. Ал бірінші орынға тігілген 2 млн теңгені «Алтын домбыра» иегері Рүстем Қайыртай жеңіп алды. Екі екінші орын болды. Оның бірін қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан иеленсе, екіншісі Батырлан Сағынтаевқа бұйырды. Оларға 1 млн теңгеден сыйақы табыс етілді. Сондай-ақ екі үшінші орын болды. Мұның бірін Салтанат Өтелбаева иеленсе, екіншісін Нұрмат Мансұров жеңіп алды. Бұл екі ақынға да 500 теңгеден сыйақы табыс етілді. Оның сыртында 7 ақынға Тобыл өңірінің Тәтіқара жырау, Ы.Алтынсарин, М.Дулатов, М.Сералин, Е.Өмірзақов сынды даңқты перзенттерінің атындағы облыс әкімдігінің арнайы сыйлықтары берілді. Айтысқа қатысқан барлық ақындар лайықты сыйлыққа ие болды.

Тобыл жерінде екі күнге созылған республикалық айтыс көршілікке ерекше әсер қалдырды.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77