Тәуелсіздік – тек тарихи дата емес, ел тарихындағы ең үлкен бетбұрыс, қоғамдық сананы өзгерткен үлкен кезең. Осы отыз жылдан астам уақытта Қазақстанда жаңа мемлекеттік институттар қалыптасты, еркін нарық орнықты, ал қоғамда жаңа буын – тәуелсіздікпен бірге өсіп, өз көзқарасын қалыптастырған ұрпақ пайда болды.
Тәуелсіздік берген мүмкіндік пен жауапкершілік
Осы өзгерістерді терең сезініп өскен буынның бірі – ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ҚОФ директоры Бауыржан Бағлай. Ол үшін Тәуелсіздік – тек елдің емес, өзінің де кәсіби жолының бастауы.
– Біз Тәуелсіздікпен қатар өстік. Егеменді ел боп танылғанда біз енді ғана дүниеге келген сәби едік. Маңызды мемлекеттік жобалар іске асырылып жатқанда – біз сол өзгерістермен бірге есейдік. Алғаш рет ҰБТ тапсырғандардың қатарында болдық, мемлекеттік грант арқылы білім алуға мүмкіндік алдық, бізге шетелде білім алуға жол ашылды. Жалпы, сол кезең өмірлік бағытымызды айқындады, бұрын қолжетімсіз болған жаңа мүмкіндіктер ашты, жаңаша ойлауға жол көрсетті, – дейді жас көшбасшы.
Бауыржан Бағлайдың айтуынша, Тәуелсіздік жылдары білім кеңістігіне жол ашылу оның өмір жолына тікелей әсер еткен. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне түсіп, «Саясаттану» мамандығы бойынша білім алды. Университет қабырғасында жүріп, мемлекеттік басқару мен халықаларық қатынастар саласына қызығушылығы артып, кәсіби болашағы да біртіндеп айқындала бастаған.
– Мемлекеттік саясатты жүзеге асыру белгілі бір зерттеулерді талап етеді. Мемлекеттік басқару академиясында қызмет ету кезінде біз осындай зерттеу жұмыстарын жүргізіп, талдамалық жазбалар жасадық. Іргелі зерттеу жобаларына орындаушы ретінде қатысып көрдім. Ең алғаш ғылымға деген қызығушылық сол кезде пайда болды, – деп еске алады ол.
Кейін бұл қызығушылық оны жаңа белеске жетеледі. 2017 жылы ол «Болашақ» бағдарламасы арқылы Ұлыбританиядағы Шеффилд университетінде «Халықаралық қатынастар» мамандығын тәмамдап, әлемдік саясаттың, дипломатияның терең қырларын меңгерді.

Шетелдік академиялық ортада алған тәжірибе оның дүниетанымын кеңейтіп, мемлекеттік қызметтегі кәсіби бағытын көрсетті.
– Шетелде жүріп, өз еліміздің қай бағытта дамып жатқанын сырт көзбен бағамдауға мүмкіндік алдым. Әлем қалай дамуда, жаһандық трендтер қандай, олар біздің елге қалай әсер етеді – осының бәрін терең ұғынуға жол ашылды. Әсіресе, дамыған елдердің басқару мәдениеті, тиімді мемлекеттік институттар құрудағы тәжірибесі мен үшін үлкен мектеп болды, – дейді жас басшы. – 2022 жылы Польшада өткен халықаралық тағылымдама барысында әлемдік басқару модельдерінің әртүрлі қырларымен жан-жақты таныстым. Сол кезеңде Сингапурдың мемлекеттік қызметті кәсібилендіру, ал Эстонияның цифрлық үкімет дамыту ісіндегі тәжірибесін тереңірек зерттеу мемлекеттік саясатқа халықаралық тәжірибе тұрғысынан қарауды қалыптастарды.
Кейіпкеріміз Тәуелсіздік жаһандық үдерістерді тануға, елдің дамуына негіз болатын жаңа мемлекеттік институттар қалыптастыруға жол ашты деп есептейді. Оның айтуынша, еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы онжылдықта ең басты міндет – жаңа мемлекеттік жүйені құру болды. Ал қазір – мемлекеттік жүйедегі ең басты реформалардың кезеңі.
– Реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделіп отыр. Президентті бір мерзімге, жеті жылға сайлау туралы конституциялық өзгеріс. Сонымен қатар еліміздегі соңғы жылдары жүзеге асқан ауқымды саяси реформалар нәтижесінде, атап айтқанда «Ауылдық округтердің әкімдерінің сайлауы», «Президенттік жастар кадр резерві», «Өңірлік кадр резерві» арқылы мемлекеттік басқару жүйесінде басшылардың жаңа буыны қалыптасып отыр. Академия мемлекеттік қызметшілердің сыни және жүйелі ойлауын, креативтілігі мен бейімділігін, коммуникативтілігі мен күйзеліске төзімділігін дамыту, үлкен деректерді талдау әдістеріне үйрету, өзгерістер жағдайында басқарушылық шешімдер қабылдау дағдыларын меңгерту мақсатында қызмет етуде, – дейді мемлекеттік қызмет саласының маманы.
Айта кету керек, қараша айында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысында Бауыржан Бағлайға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан «Бірлік» медалі табысталды. Бұл – оның, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту жолындағы үлесіне берілген жоғары баға. Жас болса да, жауапты қызметте өзінің кәсіби білімі мен басқарушылық қабілетін дәлелдей білген басшы үшін бұл марапат – сенім мен жауапкершіліктің белгісі.
Тәуелсіздік жылдарындағы жаңа тренд
Тәуелсіздік жылдары ел экономикасының тірегіне айналған тағы бір үлкен сала – кәсіпкерлік. Мемлекет қолдауы, еңбек пен тәуекел
– Тәуелсіздік дәуірінде қалыптасқан кәсіпкер тұлғасын қалыптастырды.
Осы үрдістің айқын көрінісін ұлттық құндылықтарды заманауи нарық талабымен ұштастырған кәсіпкер, «Qazaq brend» дүкендері желісінің иесі Гүлнұр Кәкімбектің тәжірибесінен байқауға болады. Бастапқыда бір ғана дүкеннен басталған іс бүгінде қала бойынша 4 бірдей сауда нүктесіне ұласып, табысты бизнеске айналды.

Оның дүкендер желісінде ұлттық тағам түрлері, қазақы нақыштағы киім-кешек, зергерлік бұйымдар, қыз жасауы, той-жиынға арналған бұйымдар кеңінен ұсынылады. Бұл – тек сауда емес, ұлттық рухты жаңғыртудың бір көрінісі.
– Солтүстік өңірде тұрғандықтан, орыс тілді орта басым. «Қазақы дүниені Қостанай жұрты қалай қабылдайды? Насихаттай аламын ба?» деген қорқыныш болды. Алғашқы жылы сауданың ортасында өзім жүрдім. Әр келушіге қазақы құндылықты насихаттауға тырыстым.- Дүкеннің кіреберісіне қамшы, сандық, диірмен, домбыра сынды ұлттық бұйымдардан қазақы бұрыш жасадық. Кірген сәттен қазақы атмосфера сезілсе, іштегі өнімге де қызығушылық оянар деп ойладым, – дейді кәсіпкер.
Айтуынша, ұлттық өнімге деген сұраныс соңғы жылдары айтарлықтай артқан. Бұл – Тәуелсіздікпен бірге қайта жаңғырып келе жатқан ұлттық болмыстың айқын көрінісі.
– Өзге өңірлерде тары, жент күнделікті тағам ретінде қолданылса, бізде ондай көзқарас жоқ еді. Тұтынушы тарту мақсатында тауарымызды заманауи безендіріп, көзге түсетіндей формаға түсірдік. Мысалы, жентке шоколад құйып, болмаса жаңғақ салып ұсындық. Бүгін ұлттық тәттілер тек дастарқанның сәні емес, шетелдік қонақтарға ұсына алатын ұлттық брендке айналып келеді, – деп есептейді бизнес өкілі.
Қазір қызығушылық тек тұтынушылар арасынан емес, мемлекет тарапынан да артып отыр. Ұлттық бағыттағы тың идея кәсіпкерлікті қолдау ұйымдарының да назарын аудартты.
– 2022 жылы «Жас Атамекен» конкурсында «Үздік тауар» номинациясын алған сәт айрықша есте қалды. Көпшілік «ерекше дүние» деп жылы қабылдады. Сол байқаудан кейін «Қазақстанның үздік тауары» көрмесіне шақырту алдық. Онда өнімдеріміз ірі кәсіпорындардың тауарларымен қатар қойылды. Сол сәтте ұлттық өнімге деген сұраныспен қатар құрметтің артқанын сезіндім, – дейді «Qazaq brend» иесі.
Кәсіпкердің айтуынша, елде бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар өте жеткілікті. Соның бірі – ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайтын «Қазақстан – 2050» стратегиялық құжаты. Онда шағын және орта бизнесті қолдау, отандық өнімді ілгерілету, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру басты басымдықтардың бірі ретінде айқындалған.
– Тәуелсіздік елімізге өзінің даму жолын дербес айқындап, өз бағдарламаларын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Соның айқын дәлелі – «Қазақстан – 2050» стратегиясы. Онда кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау тетіктері нақты көрсетілген. Кәсіп ашамын деген азаматқа мемлекеттен берілер жеңілдік көп, бастысы – адал ниет пен тұрақты еңбек. Өз басыма қайтарымсыз 5 миллион теңге көлеміндегі грант кәсібімді кеңейту үшін үлкен демеу болды, – деп өз ойымен бөлісті.
Бүгінде бизнес ханымның еңбегі нақты нәтижелермен көрініс табуда. Ұлттық өнімнің кең танылуына жол ашқан жетістіктерінің бірі
– V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары аясында туристерге арналған көрмеге қатысуы. Осы ауқымды шарада ол өз өнімдерін шетелдіктерге ұсынып, ұлттық тағам мен қазақы бұйымдардың саудасын сәтті жүргізе білді.
– Біздің буын Тәуелсіздікпен бірге қалыптасты. Еркін нарық, кәсіп ашу мүмкіндігі, жаңа көзқарас – бәрі де сол кезеңнің жемісі. Қазақы тағам, ұлттық киім, ұлттық стиль – бәріне қызығушылық өсті. Бұл – Тәуелсіздік әкелген сана өзгерісі, – деп қорытындылады кәсіпкер.
Тәуелсіздік – өткенге тағзым ғана емес, бүгінгі күннің жетістігі және ертеңгі күннің мүмкіндігі. Екі сала өкілі де – бір буынның, бір дәуірдің перзенті, оларды тоғыстыратын ортақ құндылық – егемендік берген еркіндік пен жауапкершілікті сезіну. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан қалыптастырған жаңа буынның айқын бейнесі.
Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
суреттерді мақала кейіпкерлері ұсынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
