Қостанай қаласындағы ең алғашқы шағын аудандардың бірі – «Наурыз» бүгінде заманауи келбетімен ерекшеленгенімен, инфрақұрылым және тұрғындардың өмір сүруіне қатысты бірқатар мәселелерімен де белгілі.
«Қала көшелері »жобамыздың келесі шығарылымы көше жайында емес, «Наурыз» шағын ауданы жайында болмақ. Себебі алдымызда Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамы келе жатыр. Осыған орай Қостанайдағы мейраммен аттас келген шағын аудан жайында айтып беруді жөн көрдік.
Наурыз мерекесі қарсаңында біздің тілшілер аталған шағын ауданға барып, оның құрылу тарихымен, қазіргі жағдайымен және тұрғындарды алаңдататын түйткілді мәселелермен танысты.
Бұл ықшам аудан 19 жыл бұрын бой көтеріп, Қостанайдағы тәуелсіздік жылдары салынған алғашқы тұрғын аудандардың бірі ретінде тарихта қалды. Оның құрылысы 2006 жылы басталып, алғашқы көпқабатты үйлер осы кезеңде пайдалануға берілді. 2009 жылы құрылыс қарқыны үдей түскен шақта елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп, ауданның даму барысымен танысқан. Сол кезде қала әкімі Жомарт Нұрғалиевтің мәліметінше, шағын ауданның жалпы ауданы 9,2 гектарды құрап, барлық нысандардың құрылысы аяқталған кезде 55 813,2 шаршы метрді қамтуы тиіс болған. Осы уақытта мұнда жеті көпқабатты тұрғын үй тапсырылған еді. Сол жылы мемлекет басшысына жаңа ашылған «Ақбота» балабақшасы да көрсетілді. Бұл мектепке дейінгі мекеме 140 балаға арналған, әрі мемлекеттік тілде оқыту жүргізілетін алғашқы балабақшалардың бірі болды. Осы балабақшаның сол кездегі директоры Асыл Уралбаева тарихи сәттің фотосуреттерін өз кабинетінде сақтап келген.
-№ 13 бөбекжай Наурыз шағын ауданында, 11 үйде орналасқан. Бақшада барлығы 2 жастан 6 жасқа дейінгі 145 баланы қамтитын 6 топ бар. Оқыту тек қазақ тілінде жүргізіледі. Бүгінгі таңда 5 жастағы балаларға арналған мектепалды топқа 8 бос орын бар, – дейді балабақшаның қазіргі басшылығы.
Қазіргі таңда «Наурыз» ықшам ауданында 16 көпқабатты тұрғын үй орналасқан. Мұнда 5 дүкен, 3 дәріхана, 3 фитнес-клуб, 1 балабақша және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің бір корпусы бар. Бұл аудан қаланың орталығынан алыс емес, сондықтан инфрақұрылымы біршама дамыған. Дегенмен, тұрғындар инфрақұрылымның толық жетілмегенін алға тартады. Айтуларынша, мұнда үлкен супермаркет жоқ, ал жақын маңдағы қоғамдық орындар мен саябақтар жеткіліксіз.
Бұл шағын ауданда пәтер бағасы жоғары санатқа жатады. Қазіргі таңда «Крыша» сайтының мәліметінше, «Наурыз» ықшам ауданында шамамен 143 пәтер сатылымда тұр. Ең төменгі баға – 18 миллион теңге болса, ең қымбат төрт бөлмелі пәтердің құны 128 миллион теңгеден асады. Бұл бағаның жоғары болуы аудандағы элиталық пәтерлердің көптігімен байланысты. Мұнда екі деңгейлі пәтерлер мен мансардалы тұрғын үйлер алғаш рет салынған.
Тұрғындардың айтуынша, шағын ауданның басты артықшылықтарының бірі – оның тыныштығы мен жасыл желекке оранған ауасы. Ауданда қарағайлы аллеялар көп, бұл оны ерекше тартымды етеді.
-Осы ауданға 10 жыл бұрын көшіп келдік. Мұндағы қарағайлар ауданға ерекше көрік беріп тұрады. Қала орталығына да алыс емес, сондықтан өте ыңғайлы. Бірақ кейбір мәселелер бар, мысалы, қоқыс жәшіктерінің уақытында тазаланбауы үлкен проблема болып тұр, – дейді тұрғындардың бірі Әсел Мұратқызы.
Расында, қоқыс мәселесі – тұрғындарды алаңдатып отырған негізгі проблемалардың бірі. Бұл аудандағы қоқыс контейнерлері жиі толып, уақытылы тазартылмайды. Кейде бірнеше күн бойы қоқыс жиналмай, жағымсыз иіс шығып, тұрғындарға қолайсыздық тудырады.
-Қоқыс жәшіктері толып кетіп, кейде көшеге шашылып қалады. Жаз айларында иісі мүлде төзуге болмайтындай деңгейге жетеді. Әкімдік бұл мәселеге назар аударса екен, – деп өз ойын Данияр есімді тұрғын білдірді.
Сонымен қатар, «Наурыз» шағын ауданында қоғамдық көлік қатынасы біршама қолайлы. Мұнда №10, 24 және 25 автобус бағыттары жүреді. Бірақ тұрғындар автобустардың жиі кешігетінін және кейбір бағыттардың арақашықтығы ұзақ екенін айтады.
Бұл шағын аудан алғашында бірыңғай сәулеттік жобамен салынбағандықтан, мұнда біркелкі стиль байқалмайды. Ауданның шекарасы Воинов-Интернационалистов көшесінен бастап, гараж кооперативтеріне дейін созылып жатыр. Аудандағы ең алғашқы салынған үйлердің бірі – 4 және 9 нөмірлі тұрғын үйлер. Кейіннен 2, 3А, 3Б және 8-үйлер қосылды. 2009 жылы 3-үй пайдалануға берілсе, 2011 жылы №1, 6 және 7 үйлер бой көтерді. Кейіннен 1Б, 6Б және 6В үйлері де салынды.
Айта кетейік, бұл ауданға «Наурыз» атауын беру туралы ұсынысты алғаш болып қалалық сәулет бөлімі ұсынған. Кейіннен бұл ұсынысты ономастикалық комиссия мақұлдап, ресми түрде бекіткен.
Бұл шағын ауданда тек мектеп жоқ. Дегенмен жақын маңайда Манаш Қозыбаев атындағы № 23 мектеп, оған қоса «Аймағамбет қажы Спанұлы» атындағы облыстық мешіт дәл жолдан кейін орналасқан. «Наурыз» ықшам ауданы Қостанайдағы жасыл әрі қарқынды дамып келе жатқан аудандардың бірі. Мұнда жайлы өмір сүруге қажетті жағдайлар жасалған.«Наурыз» шағын ауданы жас отбасылар, зейнеткерлер және қала өмірінің қолайлылығын бағалайтын тұрғындар үшін өте ыңғайлы. Дамыған инфрақұрылым, көлік қатынасының ыңғайлылығы, қауіпсіздік және экологиялық тазалық – осының бәрі бұл ауданды Қостанайдағы ең тартымды орындардың біріне айналдырады.
Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген
Лариса БОЖКО
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77