Бүгін Қостанай ауданына қарасты Заречный ауылында Ұлы Отан соғысына қатысқан партизан, қазақ азаматы Жүсіп Нәметовтің есімі берілген көшеде танымдық экскурсия өтті. Іс-шараға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік тілде білім беретін жалпы білім беретін мектептің 7-сынып оқушылары қатысты.
Қостанай ауданында қасиетті жерлерге тағзым етіп, жастарды тарихи-мәдени мұрамен таныстыру мақсатында игі істер жүзеге асырылып келеді. Бұл танымдық шара «Тамыры терең тарих» жобасы аясында жүзеге асырылды. Жобаның мақсаты – Қостанай ауданындағы қасиетті, тарихи орындарды насихаттап, жас ұрпақтың туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін арттыру. Жобаның тапсырыс берушісі – Қостанай ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі, ал іске асырушысы – «Жанашыр бол» қоғамдық қоры.
Оқушылардың көпшілігі Жүсіп Нәметовтің есімін бұрын-соңды естімеген. Бүгін олар партизанның ерлігі мен өмірлік ұстанымдары жайлы көптеген мағлұмат алды. Әсіресе бізге батырдың ұлы Жанат Иосифович айтып берген әңгімесі балаларға үлкен әсер қалдырды.
– Ол коммунист болатын. Коммунистік идея ол үшін маңызды еді. Әрдайым бізге адал, тәртіпті, еңбекқор болуды айтып отыратын. Алаяқтық жасамай, адал еңбектену керек дейтін. Сол кездің идеологиясы сондай еді. Оның шын есімі – Жүсіп. Бірақ Сталинге құрметпен қарап, Иосиф есімін алған, – деді Жанат Иосифович.
Жүсіп Нәметов партизандық қозғалыстың құрамында жау тылында екі жыл бойы шайқасты. Үлгілі қызметі үшін бірнеше үкіметтік марапаттарға ие болған. Алайда ұзақ жылдар бойы туған ауылында ол туралы ешкім білмеді, себебі архив құжаттарында тек қысқа ғана мәліметтер сақталған.
Экскурсия барысында оқушылар белсенділік танытып, сұрақтар қойып, тыңдағандарын өзара талқылады. Сонымен қатар, олар өздерінің соғыс жылдарында еңбек еткен ардақты әжелері жайлы да әңгімелеп берді. Әжелерінің тылда жұмыс істегені, майдангерлерге көмек көрсеткені туралы естеліктерімен бөлісті.
Балалар Костанай өңіріндегі өзге де батырлар мен ардагерлерді еске алды. Бұл кездесу олар үшін тек тарихи тұлғамен танысу ғана емес, сонымен қатар өз отбасыларының тарихын, ұрпақтар сабақтастығын түсінуге мүмкіндік болды.
– Маған бұл экскурсия өте ұнады. Бұрын көшеге кімнің есімі берілгенін білмейтін едік. Ол кісі батыр, адал адам болған екен. Біз осындай жерлесіміздің барына қуаныштымыз. Әжем де соғыс кезінде еңбек еткен, бүгін соны еске алып, отбасымыздың тарихымен мақтандым, – деді оқушылардың бірі.
Оқушылар үшін бұл экскурсия ұмытылмас әсер қалдырды. Батырларды ұмытпай, олардың ерлігі жайлы кейінгі ұрпаққа жеткізу – әр буынның қасиетті парызы.
Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген Лариса БОЖКО
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- РњРѕР№ Р В Р’В Р РЋРЎв„ўР В Р’В Р РЋРІР‚ВВВВВВВВРЎР‚
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77