Біздің Қостанай

Тарихы терең басылым

Қазақ басылымының қара шаңырағы «Қостанай таңы» газетіне 100 жыл

Өткен аптаның соңы есте қаларлық іс-шарамен аяқталды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен облыстық «Қостанай таңы» газетінің 100 жылдығына арналған көрме өтті.

«Тарихы терең басылым» тақырыбындағы көрмеге ардагер журналистер, «Қостанай таңы» газетінің ұжымы, мәдениет қызметкерлері, өлкетанушылар арнайы шақырылды.

Іс-шараның шымылдығын алғы сөзімен аталмыш музейдің басшысы Үміт Акимбаева түрді. Ол өз сөзінде газеттің 100 жылдығына арналған іс-шараға келген қонақтарға қош келдіңіздер, дей отыра көрменің жалпы мазмұнымен таныстырып өтті.

– Бүгін біздің музейдің ұжымы сүйікті газетіміз «Қостанай таңының» 100 жылдық мерейтойына арналған тақырыптық көрмені ұсынып отыр. Бұл жерде бірнеше жыл бұрын жарық көрген тағылымы мол мақалалар мен фотоқұжаттар, ардагер тілшілердің жеке заттары да қойылған. «Қостанай таңы» газеті қашаннан Тобыл-Торғай өңірінің тарихы мен ұлттық құндылығын халыққа паш етіп келе жатқан қара шаңырақ. Осы орайда басылым ұжымын және оқырмандарды атаулы мерейтоймен құттықтаймын. Газет бетінен тек қана жағымды жаңалықтар мен тың мақалаларды оқи берейік, -деді Үміт Бламбекқызы.

Газеттің тарихына қысқаша шолу жасайтын болсақ, алғашқы саны 1922 жылы «Ауыл» деген атпен жарық көрген екен. Басылымды ұйымдастырып, оның алғашқы нөмірінің жарық көруіне қазақтың тұңғыш кәсіби журналистерінің бірі Мұхамеджан Сералин мен қазақ әдебиетінің қас шебері Бейімбет Майлин ерекше үлес қосқан. Заманның ағымына қарай газет атауы да сан рет өзгерген.

1936 жылы 26 қазанда жарық көрген «Большевиктік жол» газеті «Ауылдың» жалғасы. Газет 1953 жылғы наурыздан «Коммунизм жолы», 1966 жылғы 1 қаңтардан «Коммунизм таңы», ал 1991 жылдан «Қостанай таңы» деген атпен жарық көріп келеді екен. Газет өзінің 100 жылға жуық тарихында халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтады, туған өлкенің шежіресін жазды.
Осынау тағылымды кездесуге ардагерлер мен қатар еңбек жолын осы газеттің тілшісі болып бастаған азаматтар да арнайы қатысты. Сөз алған қонақтардың қатарында Қостанай облысының Құрметті азаматы, ардагер журналист Қасымхан Алдабергенов, Қазақстанның құрметті журналисі, «Қостанай таңы» газетінің директор-бас редакторы Жанұзақ Аязбеков, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов, газет жанашыры Төлеген Шуманов болды.

«Қостанай таңы» газетінің директор-бас редакторы Жанұзақ Аязбеков газеттің 100 жылдығын тойлау жыл басынан бері бастау алғанымен еліміздегі карантиндік шараларға байланысты тұралап қалғандығын айтты. Ендігі кезекте жоспар бойынша өткізілетін іс-шараларға шолу жасап, алдағы күндері ұйымдастырылғалы отырған ауқымды жұмыстарды таныстырып өтті.
Бірнеше жылдар бұрын әкесінің латын тілінде газет бетіне жариялаған мақалалар жиынтығын алып келіп, газет ұжымына табыстаған оқырман да болды. Бұл ретте философия ғылымдарының докторы, профессор Қалқаман Жақып «Қостанай таңы» газетінің тарихынан сыр шертетін мұражайдың жоқ екендігін бұған дейін де алға тартып жүргендігін айтып, болашақта газеттің жеке мұражайын ашу жанында ұсыныс тастады.

Салтанатты бөлімнен соң қонақтар көрме залына өтіп, ол жерде «Қостанай таңы» газетінің өткені мен бүгіні, тағылымды тарихы, қара шаңырақта әр жылдары еңбек еткен танымал ақын –жазушылар, ардагер журналистердің еңбектері баяндалды. Сондай-ақ, заман талабына сай қызмет етіп келе жатқан газет ұжымының ақпарат айдынындағы лайықты орны жайлы сөз қозғалды.

Жан ШАЙМЕРДЕН
Суреттерді түсірген
Бағдат Ахметбеков


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77