Біздің Қостанай Культура

Театр дамуы, көрермен қызығушылығы және алдағы жоспарлары жайында директоры Асхат Зауатбек айтып берді

Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театры – өңірдегі мәдениеттің дамуына үлес қосып келе жатқан шығармашылық орда.

Театр сахнасында ұлттық және әлемдік классиканың үздік туындылары қойылып, көрерменге рухани азық беруді мақсат етеді. Бүгінде театр ұжымы көрерменнің сұранысын ескеріп, жаңа қойылымдар мен эксперименттік жобаларды жүзеге асыруда.

Соңғы жылдары театрда көптеген өзгерістер орын алды. Жас режиссерлер мен актерлерге мүмкіндік беріліп, жаңа есімдер жарыққа шығуда. Қойылымдар режиссерлік тың көзқарастармен ұсынылып, көрерменнің эстетикалық талғамына сай бейімделуде. Сонымен қатар, театр ұжымы шығармашылық ізденістерін тоқтатпай, кәсіби шеберліктерін шыңдап келеді.

Міне, бір жыл бұрын театрдың директоры болып тағайындалған Зауатбек Асхат Мұратұлы аз уақыт ішінде айтарлықтай істер атқарды. Оның жетекшілігімен репертуар жаңартылып, театрдың көркемдік деңгейі арта түсті. Біз Асхат Мұратұлымен сұхбаттасып, жалпы театрдың қазіргі жағдайы, жетістіктері мен алдағы жоспарлары жайында сұрап білдік.

– Өзіңіз жайлы қысқаша айтып өтсеңіз. Театр саласына қалай келдіңіз?

– 2013-2017 жылдары Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Қуыршақ театры актері» бөлімін бітірдім. 2017-2019 жылдары «Драма театр актері» мамандығы бойынша білім алып, өнертану ғылымдарының магистрі дәрежесін иелендім.

Еңбек жолымды 2015 жылы Мемлекеттік қуыршақ театрының актері ретінде бастадым. Сонымен қатар, BIG FRAME өнер студиясында актерлік шеберлік пәнінің оқытушысы болып жұмыс істедім. 2016-2017 жылдары МЭТС 13/18 театрында актер әрі директордың орынбасары қызметін атқардым. 2020-2022 жылдары Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының Театр өнері факультетінде оқытушы болдым. Ал 2022-2024 жылдары Ақмола облыстық орыс драма театрының директорының орынбасары қызметін атқардым, – дейді ол.

– Қостанай театрына директор болып келуге не себеп болды? Бұл ұсынысты қалай қабылдадыңыз?

– Келісім екі-үш ай көлемінде жүрді. Өйткені мен бұл қаланы білмейтінмін, бұрын келіп көрмегенмін. Сондықтан басында біраз ойландым. Бір күнге арнайы келіп, театрмен, ұжыммен таныстым. Алғашында келмеймін деп шешім қабылдадым. Алайда, кейінірек «Орыс театрында жасап жатқан нәтижені неге қазақ театрында жасамасқа?» деген ой келді. Осылайша, ұсынысты қабыл алдым.

– Бұрын жұмыс істеген театрлармен салыстырғанда, Қостанай театрының ерекшелігі неде?

– Басқа ұлт өкілдерінің көптігі, қазақ тілді аудитория үшін тіл мәселесі үлкен кедергілерді туғызады. Көрермен саны үшін де ол өз септігін тигізіп жатыр. Бірақ оған қарамастан, көрермендерімізге барлық мүмкіндікті жасап жатырмыз, наушник деген сияқты.

Әрине, бұл театр жас театр, 25 жыл болды. Басқа театрлармен салыстыруға мүлдем келмейді. Солтүстік өңірлері кішкене орыс тілді болғаннан кейін, орыс театрында жұмыс жасаған өте ыңғайлы. Өйткені көрермен мәселесі бойынша еш қиындық тумайды. Тек жаңа идеялар, жаңа спекткльдер, жаңа дүниелерді, жаңа режиссерлерді алып келіп көрсете берсең ол кісілер келе береді. Қандай баға қойсаң да әрқашан қызығушылық танытатыны жақсы. Сондықтан әрине алдағы уақытта қазақ тілді аудиторияда осылай келгенін біз де қалаймыз. Көрермендер ағылып, үлкен бір тенденцияға айналғандығын, театрды түсінуін, театрды сүю, өздерінің әртістерін бағалауды тілейміз. Біздің де әртістерге көп нәрсе қажет емес қой, тек көрерменнің ықыласы, қошеметі, езу тартқан күлкісі, одан бөлек кейбір сәттегі эмоциялық тұрғыдағы өздерінің бағалары қажет. Сондықтан салыстыруға мүлдем келмейді деп ойлаймын.

Өздерінің спецификасы бар. Барлығы театр болғанның өзінде де бағыты, идеологиясы екі түрлі.

– Қостанай театрында көрермендердің қызығушылығы қалай?

– Менің келгеніме бір жыл болды. Жақсы дүние болса, әрине көрермен келеді, қызығады, көреді. Бірақ әлі де қалыптастыруымыз керекпіз. Өйткені, ол да бір үлкен мәселелердің бірі. Күнделікті көрермен түсіну керек, көрермен өзі театрға билет алып келетіндей, өз аяғымен келетіндей деңгейге жеткізуіміз керекпіз. Мысалы, Алматы, Астанадағы республикалық театрлардағыдай. Әрине, ол үшін де біраз еңбек ететін боламыз.

– Бұл театрдың ең мықты тұстары қандай деп ойлайсыз? Қандай жақтарын дамыту керек?

– Біз енді көбінесе орталықтағы театрларды көріп жүрміз, орталықтағы театрларда көптеген достарымыз, араласатын буындарымыз сол жақта болғаннан кейін оларды “облыстық театрда ғой” деген түсінік қалыптасқан кезінде. Бірақ кейін облыстық театрларда істей келе, облыс театр әртістерінің мүмкіндігінің орталық театрының әртістерінен ешқандай кем емес екендігін айтқым келеді. Ол кісілердің жұмыс жасауға деген қызығушылығы деген, жаңа дүниелерді, жаңа формаларды, жүйкелерді, бағыттарды тануға олардың қызығу ерекшелігі жоғары. Кәсіби тұрғыда шыңдай беру керек. Ол үшін де қазір көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Шетелдер режиссерлер, шетелден командалар, шетелдік мамандарды шақырып, өздерінің білетіндерімен бөлісіп, мысалы актер шеберлігі болсын, режуссура болсын, хореография болсын, стенография болсын басқа да бағыттардың барлығына өздерінше бір жаңа дүниенің алып келгенінің өзі ол кісілер үшін жаңа сабақ. Сондықтан олардаң бағыт-бағдар алып отырады деп ойлаймын.

– Алдағы уақытта қандай жоспарлар бар?Жаңа эксперименттер күтіле ме?

– Иә, өздеріңіз білесіздер жақында ғана Белорусиядан режиссер келіп кетті. Командасымен “Теңізді жағалай жүгірген тарғыл төбет” атты спектаклін қойып кетті. Қойылым жақсы өтіп, көрермен жақсы қабылдады. Сол спекткльмен қазір екі халықаралық фестивальге кетіп бара жатырмыз. Бірі өзімізде осы сәуір айының аяғында Қызылорда қаласында өтеді. Содан кейін Татарстанның Қазан қаласында өтетін халықаралық фестиваль. Мұның бәрі театр үшін үлкен жетістік, бұл дегеніміз театр бір орында отырған жоқ, алға қарай ұмтылып, жұмыс жасап жатыр. Одан бөлек, қазір біз Әзілхан Нұршайықовтың “Махаббат қызық мол жылдар” шығармасына дайындалып жатырмыз. Өзіміздің жас режиссер Ералхан Мырзахмет деген жігіт қазір бастап қойып жатыр сол шығарманы. Енді мамыр айының 5,6,7 премьерасы өтеді деп жоспарлаудамыз. Одан бөлек Башқұрстаннан өте танымал, осы ТМД елдеріне өте танымал Ильсур Казакпаев деген режиссер келе жатыр. Ол Мұстай Кәрімнің “Ай тұтылған түн” шығармасын қояды. Қазір қызу дайындық үстінде, 20 сәуір келіп жұмысын бастайды. 20 мамырға дейін ол кісі осы жақта қойылымның барысында жұмыс жасайтын болады.

– Қостанай театры гастрольдік сапарларға шыға ма? Болашақта қай қалаларға бару жоспары бар?

– Маусым айында аудандардың барлығын қамтып келу ойда бар. Торғайдан бастап, әрі қарай оңтүстік, солтүстік өңірлерімізді қамтып келсек. Одан кейін Қазақстанның оңтүстік өңілерін, оның ішінде Шымкент, Тараз, Түркістан өңірлеріне гастрольдік сапарымызды қыркүйек айына жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, Астанаға гастрольдік сапарымыз жоспарда бар. Қазан айының 1-5 аралығында Қостанай халықаралық театр фестивалі деген фестиваль лабороториясын жоспарлап жатырмыз. Қазіргі таңда Америкадан бастап, Еуропа мемлекеттері қызығушылық білдіріп, өтініштерін қалдырып жатыр. Енді ол кісілердің келу мүмкіндіктеріне байланысты біз қазір сараптайтын боламыз. Маусым айында сол фестиваліміздің афишасын шығаратын боламыз. Ол кісілер осы жерге келіп бес күн бойы спектакль ойнайтын болады. Барша көрерменді шетелдік театрлардың немен айналысып жатқандығын көрсететін боламыз. Одан да басқа жаңа қойылымдар қою жоспарда бар, олар келісім үстінде. Айта кететін тағы бір нәрсе, былтыр “Айналайын” балалар бағдарламасы болып шыққан. Биыл 1 маусымнан басталатын “Бөтен бала жоқ” деген бағдарлама жасап жатырмыз. Ол жерде балалар театр жайында біліп, “Менің сүйікті театрым”, Театр – балалардың көзімен” деген сияқты тақырыптарға эссе жазу, сурет салу, драматургиялық өздерінің кішкентай шығармаларын жазу бойынша жобаларымыз бар.

Алдағы уақытта іске қосылады.

– Тек Қазақстан ішінде ғана емес, сыртқа жақын тұрған елдерге гастрольдік іс-сапармен бару жоспарларыңызда бар ма?

– Ресейдің бес облысына барып қайтамыз деген жоспарда бар. Негізі мамыр айына келіскен болатынбыз. Сол елдің ішкі грантын жеңіп алдық. Біз Ресейдің ішкі грантын жеңіп алған тұңғыш қазақ театрымыз. Сол кісілермен келіскен болатынбыз, бірақ сол елдегі саяси ахуалға байланысты біз жобаны мамыр айынан кейін күзге шегердік. Алдағы уақытта саяси ахуалды бақылап, барлығы тұрақталатын болса, біз сол бес облысқа барып гастроль жасап келу жоспары бар.

– Театрға қаншалықты жиі жас актерлер, жас режиссерлер келеді? Кадр тапшылығы бар ма?

– Театрда бірақ уақыт бойы кадр тапшылығы бойынша көптеген сұрақтар болған. Бірақ осы былтырғы жылдан бастап бұл мәселелердің барлығы шешілді. Алматыдан, Астанадан, Күляш Бәйсейітова атындағы қазақ ұлттық өнер университетінің түлектері, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының түлектері келіп бізде қызметтерін атқарып жатыр. Жас режиссер де, жас мамандар да, жас актерлерде, тіпті жас суретшіміз барлығы сол сырттан келіп, жұмыс жасауда. Барлығын қазір үй-жаймен қамтамасыз етіп, осы жақта үлкен мүмкіндіктерді жасап беріп жатырмыз.

– Қостанай көрермендерінің театрға деген қызығушылығы қандай деңгейде? Қандай жанрға көбірек келеді? Жас көрермендер жайында айтып өтсеңіз…

– Әр кезде әртүрлі, драмаға да көп жиналады, драмаға да көп жиналады. Өйткені, көрерменнің таңдауы сан қилы, үлкен ауыр, күрделі шығармаларымызға да келеді. Жеңіл шығармаларымыз бар, соларға да келеді. Сондықтан нақты мынаған көбірек келеді деп нақты айта алмаймын. Өйткені барлығы бірдей. Көрермендер тарапынан қызығушылық танытатындар бар. Олардың көбісі әлеуметтік желіде, Инстаграм парақшамызға жазып жатады. Мынау әртісіңіз жақсы ойнады, мынау әртіс былай болды, жақсы болса жақсы деп, ұнамаса ұнамады деп жазатындар болады кейде. Енді ол көрермен болғаннан кейін ол кісілер енді спектакль көруге келгеннен кейін әр адамның өзінің пікірі бар ғой. Кез келген пікірді қабылдауға дайынбыз. Жастар тарапынан келіп жатыр, бірақ енді қаншалықты ол кісілер түсініп жатқандарын айта алмаймын. Дегенмен де, келіп жатыр. Студенттер, мектеп оқушылары, кейбіреулері түсінеді, кейбіреулері түсінбейді, оны енді бала кезден бастап қалыптастыру керек. Театрға келу қасиетін бала кезден балалық шақтан бастап қалыптастыру керек. Сонда ғана көрерменнің түсінігі өсе келе қалыптасады. Одан кейін әр көрерменнің өзінің таңдауы болады.

– Биыл театрдың 25 жылдығы. Қандай іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр? Қандай жоспарлар бар?

– Биылғы барлық жобалар мен атқарылып жатқан жұмыстар театрдың 25 жылдығы аясында өтуде. Ең басты мақсат – халықаралық деңгейге шығу, гастрольдік сапарларды кеңейту және шетелдік театр мамандарымен тәжірибе алмасу. Осы мерейтой аясында шетелдік қонақтарды шақыруды жоспарлап отырмыз. Олардың біздің сахнада өнер көрсетуі және өз тәжірибелерімен бөлісуі – маңызды қадамдардың бірі. Менің басты мақсатым – актерлерімізді шетелге жіберіп, кәсіби тұрғыда шыңдалуына мүмкіндік жасау.

Бұл тек актерлерге ғана емес, режиссерлерге, сахналық техникалық құрамға да қатысты. Олардың шетелдік театр мамандарынан үйренуі – театрдың дамуына үлкен серпін береді. Қазір бұл бағытта келіссөздер жүргізілуде, әзірге нақты шешімдер туралы айту ерте. Дегенмен, алдағы уақытта жоспарларымыз толық бекітіліп, ресми түрде жариялайтын боламыз.

Қостанай театры тек жергілікті деңгейде ғана емес, республикалық және халықаралық деңгейде де өз орнын нығайтып келеді.

Бүгінде театр ұжымы үлкен мақсаттарды көздеп отыр. Жаңа режиссерлермен, отандық және шетелдік мамандармен бірлескен жобалар, халықаралық фестивальдерге қатысу, гастрольдік сапарлар – осының барлығы театрдың кәсіби деңгейін одан әрі дамытуға бағытталған. Алдағы уақытта Қостанай театры тек өңірдің ғана емес, еліміздің үздік өнер ошақтарының біріне айналуы әбден мүмкін. Ол үшін жасалған қадамдар, қолға алынған жаңа жобалар театрдың болашағына үлкен үмітпен қарауға негіз береді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77