Сан түрлі өнердің ішінде театр өнері, театр мәдениетінің орны бір төбе
Театр-мәдениет ошағы әрі өнер ордасы. Театрға бір келген көрермен бірнеше жылға азық болар рухани қазына жиып, өмірдің өзгеше тылсымын сезініп қайтады. Өңіріміздегі ұлттық өнердің шаңырағы болған, Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры, көрермендерге әрқилы қойылымдарды сыйлап, көңілдерін қуаныш пен мұңға толтыруға дайын.
Тамыз айының жаңа маусымында, жаңа қойылымдар легі ұсынылатын болады. Бұл жөнінде Қазақстанның мәдениет қайраткері, театрдың негізін қалаушыларының бірі және театр әртісі Зәмзәгүл Бегайдарова бізбен бөлісе отырды.
– Жұмысымызды тамыз айынан бастап, көрермендермен кездесетін сәтті асыға күтудеміз. Биыл қуантатын жағдайдың бірі, біздің театр жас әртістер қатарымен толықтырылды. Театр басшысы Асхат Мұратұлы өзі жас болғанмен, театр жұмысын тізгінге алды. Арнайы оқу орнына барып, жас әртістерді алып келген еді. Бүгінде театрымызға жастар жағы үлкен ниетпен келуде,-деді театр әртісі.
Өнер ордасының мақтанышы әрі театр абыройын асқақтатып жүргендердің бірі – Зәмзәгүл Бегайдарова. Оның театр саласында қызмет етіп жүргеніне отыз жылдай болды. Ал Қостанай театрында жұмыс атқарып келгеніне биыл жиырма бес жыл толады.
– Осы театр ашылатын кезде, жолдасым Қонысбек Бегайдаров екеуіміз арнайы шақыртумен келген болатынбыз. 2000 жылдың 14-ші қыркүйегінде театрдың шымылдығы ашылды. Содан бері аянбай еңбек етудеміз. Сол кездері театр өрбуіне үлес қосып, оның негізін қалағандардың қатарынан тек үш әртіс қызмет істеуде. Мен, Қонысбек ағаң және Мейрам Жапаров. Өзгелердің бәрі бізден кейін келгендер-дейді Зәмзәгүл Бегайдарова.
Театр Пермь қаласында өтетін фестивальге жолдама алып, қазір қызу дайындық үстінде. Жаңа маусымда, жаңа режиссерлер өз жұмыстарын бастамақ. Алдағы уақытта олар Мұхтар Әуезовтың «Қараш-қараш оқиғасы» қойылымын көрермендерге ұсынатын болады. Сондай-ақ, театрдың кішкентай көрермендері де назардан тыс қалған жоқ. Оларға арнайы ертегілер мен танымдық-тағылымдық жағы мол қойылымдар ұсынылады.
Театрымыз жас әртістермен үнемі толығып отырады. Олар ғұмырлары кейінгі жастарға өнеге болып қалған тәлімгерлерден тәжірибе алып, шеберлік қырларын танытып келеді. Біз орайы келгенде театрдың жас әртісі Ақбота Ықыласовамен сұхбаттасқан едік.
– Мен театрда 2019 жылдан бастап, 5 жыл көлемінде жұмыс жасап келемін. Бала кезімнен өнерге деген құштарлығымның арқасында, қазіргі таңда үлкен қара шаңырақта, қазақ театрында қызмет етудемін. Әртіс болу, сахна төріне шығу, менің арманым еді. Өйткені, атам да әртіс болған. Бүгінгі күні сол кісінің ізін жалғастырып келемін. Әртіс өзі жеке, дара тұлға. Әртісті жеке тұлға ретінде қалыптастыратын өзінің қажырлы еңбегі. Бұл өнер саласындағы еңбегі, театрда жеткен жетістігі мен сомдаған рөлдері. Осы еңбектің жемісін көру әртіс үшін үлкен қуаныш. Ал әртіс үшін ең маңызды сәттердің бірі – көрерменнің қошеметіне бөленуі,-дейді Ақбота.
Театр әдеби шығарманы сахналық әрекетпен, драмадағы кейіптерді, олардың өзара қарым -қатынастарынан, қақтығыстарынан туатын талас -тартыс пен іс-қарекеттеріне жан бітіріп, тірілтіп жібереді. Осыған орай көрермендер де театр сахнасында өтіп жатқан оқиға желісіне бар ынта -зейінімен, ынтызар көңілімен қарайды.
– Адам театрға демалу үшін, жан дүниесін тазартып, рухани тебіреністі сезіну үшін келеді. Біз дайындап жатқан ертегілер көрермендерге көп ұзамай жол тартады. Сондай-ақ, жаңа режиссерлер келіп, жаңа туындыларын қоятын болады. Алдағы жұмыс жоспарларымыз ауқымды болуда. Ал жақын арада театр сүйетін қауым, қойылымдарды тамашалай алады,-деп атап өтті театр әртісі Ақбота.
Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА,
суреттерді ұсынған кейіпкер
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77