Соңғы жылдары жасанды интеллект әлемдік технологиялық өзгерістердің басты қозғаушы күшіне айналды. Бұрын тосын көрінген мүмкіндіктер бүгінде күнделікті өмірдің бөлінбес бөлігіне еніп отыр.
Біздің еліміз де бұл үдерістен шет қалған жоқ. Мәтін жазатын, сурет салатын, ақпарат талдайтын жүйелер барлық салада орын алуда. Тіпті биыл Қазақстан жасанды интеллектіні реттейтін алғашқы заңын қабылдап, оны қауіпсіз әрі жауапты қолданудың құқықтық негізін қалыптастырды. Мұндай өзгерістер ЖИ-дың қоғамға ықпалын, әлеуеті мен ықтимал қауіптерін тереңірек түсінуді талап етеді. Қазіргі таңда жасанды интеллектіні өз тәжірибесінде қолданатындар оның артықшылықтары мен тәуекелдерін әр қырынан бағалауда.
Жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу бүгінде көптеген мұғалімдердің күнделікті тәжірибесіне айналып келеді. Солардың бірі – ЖИ құралдарын бірнеше жылдан бері оқу материалдарын дайындау барысында қолданып жүрген С.Көбеев атындағы мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Мәдина Қабдыбекова. Оның тәжірбиесі цифрлық мүмкіндіктердің білім беру саласына қалай ықпал етіп жатқанын айқын көрсетеді.
«2024 жылы декреттік демалыстан кейін жұмысқа оралғанымда, қазіргі цифрлы заманда дәстүрлі тәсілдер балаларды қызықтыруға жеткіліксіз екенін түсіндім. Оқу процесін уақыт талабына сай жетілдіру үшін, кәсіби даму бағытында ізденуге тура келді. Көріп тұрғандарыңыздай, қазір ЖИ қосымша көмекші құралыма айналып, сабақ дайындау тәсілін түбегейлі өзгертті: бұрын айтарлықтай уақытты қажет ететін материал іздеу, ресурсты іріктеу және тапсырма дайындау процесі қазір әлдеқайда жылдам және тиімді» , – дейді мұғалім.
Мәдина Нұрланқызы ЖИ, әсіресе, тарихи оқиғаларды визуализациялауда үлкен мүмкіндік беретінін алға тартады. Өз тәжірибесінде ол ежелгі қалалардың 3D модельдерін, түрлі шайқастардың иллюстрацияларын жүзеге асырған. Оның сөзінше, виртуалды саяхаттар оқушылардың қызығушылығын арттырып, сабақтың көрнекілігін күшейтеді.

«Delightex сияқты платформаларда жасалған материалдар оқушыларға тарихи оқиғаларды «көріп», «ұстап» көргендей әсер сыйлайды. Мысалы, бір сабағымызда «Алтын адамның» басты элементтерін көрсететін 3D куб жасадық. Оның әр қырында әшекейлердің үлгісі, бұғылар мен қанатты тұлпарлардың бейнесі, табылған қорған туралы мәліметтер және сол дәуірдің мәдени ерекшеліктері бейнеленді. Оқушылар VR режимінде кубты айналдырып, әр бөлшекті үлкейтіп, ақпаратты визуалды түрде зерттей алды. Бұл тәсіл білім алушылардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, тарихи материалды терең меңгеруге жол ашты», – деп тарихшы тәжірибесімен бөлісті.
Мәдина Нұрланқызы ЖИ-дың тиімділігімен қатар, алаңдатарлық тұстарын да атап өтті. Айтуынша, оқушылар кейде өзі орындауы тиіс тапсырманы толықтай ЖИ-ға сеніп тапсырады. Бұл жас ұрпақтың сыни ойлау дағдысының төмендеуі, сараптай білу қабілетінің азаюына ықпал етеді.
«Біз ЖИ-ды дайын жұмыс жасап беретін құралға айналдырмау керекпіз, керісінше ол оқушыларымыздың ойлау дағдысын дамытуға көмектесу керек. ЖИ жұмысымызды жеңілдетіп, шығармашылық қабілетімізді шыңдай түсуге септігін тигізсе де, мұғалімнің басты міндеті өзгермейді. Осы тұрғыда жаңа заңның енгізілуі маңызды қадам. Қай салада болсын – ЖИ-мен жасалған материалдарда арнайы белгінің болатынын білу – ақпараттық жауапкершілікті арттырады», – деп сөзін қорытындылады педагог.
Мектеп мұғалімдері ЖИ-ды оқу үдерісін жетілдіру үшін қолданса, құқық қорғау саласында оның басқа қыры байқалып отыр – киберқауіпсіздік саласында жаңа қауіптердің туындауына негіз қалады.
Соңғы жылдары облыста осы бағыттағы қылмыстардың өсу динамикасы байқалады. Өткен жылы полиция 1264 кибералаяқтық дерегін тіркесе, 2025 жылдың басынан 1470 іс анықталып, оның тек 30%-ы ашылды. Ал ЖИ арқылы жасалған фактілер бойынша әзірге ешбір қылмыскер құрықталмаған.
Соңғы жылдары deepfake, фишинг, генеративті алаяқтық түрлері күрт көбейіп, қылмыскерлер де жаңа технологияны өз мақсаттарына бейімдей бастады. Адам дауысын айнытпай салу, бейнені қолдан құрастыру немесе көзді алдайтын жалған хаттар жасау киберполицияның күрделі мәселесіне айналып отыр. Ал медиафайлдардың жалған екенін дәлелдеу үшін нейрожелілер, детекторлар, арнайы сараптамалар қажет.
«ЖИ генерациялаған материалдарды нақты адам әрекетінен ажырату барған сайын қиындап барады. Фейк контент дәстүрлі кибералаяқтықтан әлдеқайда қауіпті, себебі олардың таралуы жылдам және өте шынайы көрінеді, сол себепті азаматтардың алданып қалу қатері жоғары. Қазіргі күні полиция қызметінде біртіндеп бейнежазбаларды талдайтын жүйелер, бет-әлпетті тану платформалары енгізіліп жатыр», – дейді Қостанай облысы ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Рашид Мадьяров.
Осы тәуекелдердің артуы жаңа заңның қабылдануының өзектілігін күшейтті. Жасанды контентке белгі қою талабы, платформаларға жауапкершілік жүктеу және deepfake-ті заңсыз пайдалану үшін жауапкершілік енгізу алаяқтықтың алдын алуға мүмкіндік береді.
Қазақстанда қабылданған жаңа «Жасанды интеллект туралы» заң технологияны қауіпсіз қолдануға бағытталған алғашқы қадамдардың бірі саналады. Бұл құжат ЖИ-дың жасалуына, пайдаланылуына және оның өнімдерін белгілеуге қатысты нақты талаптар қойып, цифрлық кеңістікте жауапкершілікті арттыруды көздейді. ЖИ үнемі даму үстінде, демек, қоғамның оған бейімделу қажеттілігі де тоқтамайды. Тек оны қалай қолданатынымыз – қоғамның таңдауында. Технология мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, тәуекелдерін бақылауда ұстай білсек, жасанды интеллект қауіп қана емес, жаңа мүмкіндікке айналмақ.
Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
суретті түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
