Біздің Қостанай

Тігіншілік өнердің шыңына көтерілген

Раушан Баймағанбетова жайлы мөлтек сыр


Шеше көрген тон пішер

«Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді» деп ата-бабаларымыз босқа айтпаса керек. Қазіргі таңда арамызда өзінің бақытын дәл осы еңбектен тауып, ортасында сыйлы жандардың біріне айналып отырған қыз-келіншектер қаншама.

Бүгін біз қыстың қытымыр аяздары артта қалып, жадыраған көктемнің алғашқы күндерінде келетін нәзік жандардың мерекесінің қарсаңында көптеген замандастарымыздың жұмыс істейтін «Большевичка» өндірістік коперативінде арнайы болып, осында 39 жыл бойы қарапайым ғана тігінші болып жүрген қазақ қызы Раушан Баймағанбетова жайлы сыр шерткелі отырмыз.

Раушан Қабенқызы 1962 жылы Әулиекөл ауданына қарасты Дүзбай деп аталатын ауылда дүниеге келген. Осы жердегі орта меткепті аяқтап, шаһарымыздың орталығында орналасқан «Большевичка» өндірістік коперативіне қатардағы тігінші болып жұмысқа қабылданды.

Сол кезде талапты бойжеткенді мұндағы ұжым басшылары жылы қарсы алып, білмегенін үйретті. Бүгінде ол осындағы білікті де білімді маманға айналған.

Кейіпкеріміз қарапайым ғана отабасында өсті. Кішкентайынан он саусағынан өнері тамған әжесі Күлзипаның қасында отырып, оның күнделікті жасайтын тігіншілік кәсібін тез меңгеріп алды.

Сол уақытта әжесі құрақ құрап, көрпе тігеді екен. Мектеп жасындағы Раушан бір көргенін бірден қағып алатын, өте елгезек еді. Сондықтан өскенде өмір өткелдерінен өткен асыл жан сияқты халық құрметіне бөленетін мамандық иесі боламын деп армандайтын.

Оның анасы Дәмет те ісмер адам еді. Өзі қолдан кілем тоқудың нағыз хас шебері болды. Өзіміз сұхбаттасқан тігіншінің анасы қолы бос кездері өлең жазатын қабілеті де бар еді. Ақын жанды кісіні ауыл-аймақ түгел құрметтеді.

Шешесінен алған өнегесі болар, бұл да жастайынан руханиятқа жақын болып қалыптасты. Әлі күнге дейін поэзияны жаны сүйеді. Өйткені, кітап оқыған адамның жандүниесі қашан да сұлу болатындығын ерте түсінген.

Абырой адал еңбекпен келеді

Ал содан өсе келе аяулы анасының қолынан шыққан тоқыма кілемдерін көңіліне тоқып, осы салаға біржола ден қойды. Жергілікті халық та дарынды бойжеткеннің ертең жұрт сыйлайтын кәсіби тігінші шығатындығына кәміл сенді.

Міне, әжесі тігінші, анасы тоқымашы болған Раушанның мұндай өнерден құр алақан болуы да мүмкін емес еді. Ол 1980 жылы Қостанай қаласына табан тіреп, аталмыш тігін коперативіне қызметке қабылданғанын жоғарыда айтып өттік.

Мұндағылар оның қарым-қабілетін лайықты бағалады. Ол кезде тапсырыс та аз емес еді. Соның үдесінен шығуға барын салды. Бірте-бірте үлкен абырой мен беделге ие болды.

Ол уақытпен санасу дегенді білмеді. Тұла бойы жастыққа тән жалын мен жігерге толы ол өзіне бекітілген күнделікті жоспарлары мен тапсырмаларын мүлтіксіз орындауға тырысты.

Ашық-жарқын мінезі және көпшілдігінің арқасында осындағы құрбыларымен тез тіл табысып, ұжымның ортақ табысына өзінің лайықты үлесін қосты.

Қазақ қызы өзінің ширақ та міндеттелген жұмысты мінсіз де сапалы орындайтындығын айқын дәлелдеді. Осылайша таңдаулы тігіншілердің бірі болып, ол туралы айналасындағылар жылы пікірлер білдірді.
Өзі тіккен киімдерге де тоқталып өтсек құқық қорғау саласының қызметкерлеріне, мектеп оқушыларына, медицина мамандарына және басқа да салалалардағы кісілерге қажетті тапсырыстарды дер кезінде орындады.

Қыз баланың бақыты отбасында. Өзі қалаған жігітке тұрмысқа шығып, үйлі-баранды болды. Отағасы Серік екеуі тату-тәтті ғұмыр кешуде. Олардың ұлдары Ілияс бұл күндері Сырбай Мәуленов атындаңы гимназияның 8 сынып оқушысы.

Оның сабақ үлгірімі өте жақсы. Әрдайым ата-анасы оның оқудағы жетістіктерін мақтан тұтады.
Ол өзінің жастығына қарамастан өзін тәуелсіз еліміздің болашақ тірегі деп есептейді. Алдағы уақытта жоғары оқу орнын аяқтап, Қазақстанның өсіп өркендеуіне қомақты үлесімді қоссам дейді.

Жалпы, өзім онымен сөйлесу барысында көп жайға қанықтым. Өзі «Еңбек бәрін де жеңбек» деген қағиданы берік ұстанады. Кейінгі еңбек жолын жаңадан бастаған сіңілілеріне көмек көрсетуге қашан да дайын. Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында әріптес қыз-келіншектерге барша өңіріміздің арулары мен ақ жаулықты аналарымызға отбасында бақыт пен ырыс-береке тілейді.

Раушан Қабенқызы секілді адал да өз саласының білгірлері бар кезде еліміздің мәртебесі асқақтап, экономикасы өркендей беретіндігіне өз басым шүбә келтірмеймін.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Суретті түсірген Бағдад АХМЕТБЕКОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77