Біздің Қостанай Образование

Тіл меңгерудің тиімді әдістері: тәжірибе мен нәтиже

Мемлекеттік тіл – лдің рухани өзегі, ұлттық бірегейліктің басты белгісі. Қазақ тілі еліміздің мемлекеттік тілі ретінде қоғамдық өмірдің барлық саласында қолданыс табуда. Дегенмен тілді меңгеру мен оны күнделікті қарым-қатынаста қолдану тиімді үйрету тәсілдерімен тығыз байланысты.

Қазақ тілін меңгеру оны тек оқумен емес, ойды еркін жеткізе алу дағдысының қалыптасуымен өлшенеді. Ал мұндай мүмкіндік әр жаста, әр ортада әртүрлі жолмен жүзеге асады. Бұл жолда жүйелі оқыту мен қолайлы тілдік орта шешуші рөл атқарады.

Балабақша – тілге баулудың алғашқы баспалдағы

Мемлекеттік тілді меңгертудің негізі ерте жастан қаланатыны тәжірибеде анық байқалады. Бүгінде балабақшалардағы қазақ топтары қазақ тілін табиғи тілдік ортада үйренудің тиімді алаңына айналып отыр. Мұнда балалар қазақ тілін арнайы жаттау арқылы емес, күнделікті қарым-қатынас, ән мен қимыл-қозғалыс арқылы меңгереді. Әсіресе өзге ұлт өкілдерінің балалары үшін балабақшадағы қазақ тобы тілге бейімделудің алғашқы әрі маңызды баспалдағы саналады.

Бұл бағыттағы жұмыстың нақты көрінісін Қостанай қаласының №1 бөбекжайындағы «Айгөлек» ортаңғы тобының жұмыс тәжірибесінен байқауға болады. Аталған топта 25 бала болса, оның 12-сі өзге ұлт өкілдері – ішінде орыс, татар, украин және неміс балалары бар. Олардың басым бөлігі балабақшаға екі жастан бастап қабылданған. Топтағы балалар «су ішем», «дәретханаға баруға бола ма?», «сау бол» сияқты сөз тіркестерін еркін айтады, қазақ тілінде айтылған нұсқауларды толық түсінеді.

Осы топтағы тәрбиеленушілердің бірі – неміс ұлтының өкілі Артур Фельбуш. Артур балабақшаға екіге толмай келген, қазір жасы төрт жарымда. Тәрбиешілердің айтуынша, ол өте алғыр, қабылдауы жылдам бала. Қазақ тіліндегі тақпақтарды тез жаттап алып, бір естігеннен оңай есте сақтайды.

Артурдың әкесі Виталий Владимирович баласының тіл үйренуіне үйде де қолдау көрсетеді. Әкесімен бірге тақпақ жаттау баланың қазақ тіліне деген қызығушылығын арттырған. Қазір Артур үйінде де «мама, су бер», «нан бер» деп қазақша сөйлейді.
«Айгөлек» тобының жетістігі ең алдымен тәрбиеші еңбегімен тығыз байланысты. Топ тәрбиешісі – Хамитбекова Нұргүл Бақытнұрқызы бұл балабақшада 2019 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Ал мектепке дейінгі білім беру саласындағы жалпы еңбек өтілі – 15 жыл.

Тәрбиешінің айтуынша, балабақшада қазақ тілін үйрету қызықты тапсырмалар түрінде ұйымдастырылады. Дидактикалық ойындар, қимыл-қозғалысқа негізделген тапсырмалар мен күнделікті қарым-қатынас балалардың тілге деген қызығушылығын арттырады.

– Балабақша болғаннан кейін біз балаларды арнайы отырғызып оқытпаймыз. Барлығы ойын арқылы жүзеге асады. Сол кезде олар тілді жеңіл қабылдайды, – деген ойда Нұргүл Бақытнұрқызы.

Сонымен қатар, тәрбиеші өзге ұлт балаларының қазақ тілін меңгеруіне үлкендердің де оң көзқарасы маңызды екенін атап өтті. Бүгінде оның еңбегіне ата-аналар жоғары баға береді.

– Көптеген ата-ана қазақ тілін өздері білмегендіктен, балабақшадан кейін балаларын орыс тілінде оқытатын мектептерге береді. Соған қарамастан, біздің балақайлар мектепте де қазақ тілін «4» пен «5-ке» оқып жүр. «Қазақ тілі сабағынан мүлдем көмектеспейміз, бәрін өзі орындайды» деп жатады ата-аналар, – дейді тәжірибелі тәрбиеші.

Тәрбиеші пікірі балабақшада қалыптасқан тілдік ортаның тиімділігін көрсетеді. Ерте жастан ойын арқылы меңгерілген қазақ тілі баланың алдағы білім жолында берік негізге айналатыны байқалады.

Қазақ тілін үйрену – азаматтық ұстаным

Келесі кейіпкеріміз керісінше, мемлекеттік тілді меңгеру тек ерте жастан басталатын үдеріс емес екенін өз тәжірибесімен дәлелдеп жүр. Қазақ тілін саналы түрде, ересек шақта үйреніп, оны кәсіби қызметінде тиімді қолданып жүрген азаматтардың бірі – Лев Хон.
Лев Олегович – ұлты кәріс, 35 жаста. Қазіргі уақытта ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында жалпы заң пәндері кафедрасы бастығының міндетін атқарады. Заң ғылымдарының кандидаты, полиция подполковнигі.

Ол орта мектепті орыс тілінде тәмамдаған. Дегенмен қазақ тіліне қызығушылығы мектеп қабырғасында қалыптасқан.

– Мектепте қазақ тілі пәнінен олимпиадаларға қатыстым. Ал академияда оқып жүргенде тәлімгерім Ербол Дерипсалдин мемлекеттік тілді меңгеруіме үлкен қолдау көрсетті. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше тілді білу жастардың әлеуетін ашудың кілті екенін атап өткен болатын. Қазақ тілін үйренуге ішкі қажеттілік пен азаматтық ұстанымым әсер еткен болар деп ойлаймын, – дейді Лев Хон.

Айтуынша, мемлекеттік тілді білу оның кәсіби қызметіне де оң ықпалын тигізген. Академия ұжымы да әріптестерінің мемлекеттік тілді үйренуге деген ұмтылысын жоғары құрметтейді.

– Отбасымда мемлекеттік тілге деген оң көзқарас қалыптасқан. Ата-анам, інім, жұбайым мен екі қызым да қазақ тілін түсінеді. Ең бастысы –қателесуден қысылмай, керісінше, сол арқылы тәжірибе жинақтауға болатын түсіну қажет, – дейді ол.

Оның мемлекеттік тілді меңгеруге деген талпынысы нақты нәтижелерге де жеткізген. Таяуда ҚР ІІМ деңгейінде өткен республикалық дөңгелек үстелге қатысып, еліміздің әр өңірінен келген полиция қызметкерлерімен тәжірибе алмасты. Сонымен қатар Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған облыстық «Тілдарын» орталығының үздік тыңдаушысы атанды.

«Тілдарын» – қазақ тілін меңгерудің тиімді алаңы

Жоғарыдағы мысалдар тілді үйренуде оны қолдануға мүмкіндік беретін жүйелі орта мен кәсіби қолдаудың маңыздылығын айқындайды. Бұл ретте, қазақ тілін мақсатты түрде меңгергісі келетін азаматтар үшін арнайы тіл оқыту орталықтарының рөлі айрықша.

Осындай мекемелердің бірі – Қостанай облыстық «Тілдарын» тілдерді оқыту орталығы. Бұл орталықта мемлекеттік тілді меңгеру белгілі бір талапты орындау емес, нақты коммуникативтік қажеттіліктен туындайтын үдеріс ретінде қарастырылады. Оқыту мазмұны тыңдаушылардың өмірлік және кәсіби тәжірибесіне бейімделіп, практикалық бағытта ұйымдастырылады.

– Біздің орталықта мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік саласының мамандарынан бастап тіл үйренуге ниетті тұлғалар да оқи алады. Оқу процесі мемлекеттік стандартқа сай ҚАЗТЕСТ жүйесімен жүреді. Сабақтар аптасына екі рет өтеді. Оқу курсы 100 академиялық сағатты қамтиды, курс соңында тыңдаушыларға сертификат беріледі. Кейбір тыңдаушылар курсты аяқтағаннан кейін де тілін әрі қарай жетілдіру мақсатында келесі деңгейге қалуға ниет білдіріп жатады, – дейді облыстық «Тілдарын» орталығының оқытушысы Базаркүл Ахметжанова.

Оқу үдерісі ең алдымен тыңдаушылардың тілдік деңгейін анықтаудан басталады. Ол үшін арнайы диагностикалық тест өткізіледі. Тест нәтижесіне сәйкес олар қарапайым, базалық, орта, ортадан жоғары және жоғары деңгейлерге бөлінеді. Осылайша әр тыңдаушы өзіне лайық топта білім алады. Әдетте бір оқу тобында 15-18 адамнан оқиды, бұл оқытушыға әрқайсысымен жеке жұмыс істеуге және сабақтың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сабақ барысында 1 сағат 20 минут бойы қарым-қатынас тек қазақ тілінде жүзеге асады. Алайда аудиториядан шыққан соң көпшіліктің қайтадан орыс тіліне көшуі тілдік ортаның әлі де жеткіліксіз екенін аңғартады. Соған қарамастан, орталықтағы жүйелі әрі тұрақты жұмыс нақты нәтиже беріп келеді. Бүгінде бірнеше жылдан бері үздіксіз білім алып жүрген тыңдаушыларымыз бар. Олар қазақ тілін бастапқы А1 деңгейінен біртіндеп дамытып, В1 деңгейіне дейін жетті, – деп өз ойымен бөлісті оқытушы.
Орталық мамандарының айтуынша, тіл үйренуде ең бастысы – тыңдаушының қазақ тілінде еркін ой айтуына мүмкіндік беру. Осы мақсатта сабақ барысында тұрмыстық жағдайларға негізделген тапсырмалар жиі қолданылады. Мұндай тәсілдер мемлекеттік тілді күнделікті өмірде қолдануға дағдыландырып, нақты нәтиже беруде.

Тыңдаушылардың қызығушылығын арттыру үшін заманауи әдістерді қолданамыз. Сабақ барысында QR-код арқылы тапсырмалар ұсынамыз, Kahoot, Quizizz сияқты платформаларды жиі пайдаланамыз. Бұл тәсілдер тілді үйренуді жеңілдетіп қана қоймай, сабақтың тартымдылығын арттырады, – дейді Базаркүл Талғатқызы.

Мемлекеттік тілді меңгеру – бір ғана тәсілмен немесе кезеңмен шектелмейтін үдеріс. Табиғи тілдік орта, жүйелі оқыту мен кәсіби қолдау қазақ тілін еркін қолдануға мүмкіндік береді. Осындай тәсілдер арқылы мемлекеттік тілдің өміршеңдігі артып, ол қоғамның күнделікті қарым-қатынасының ажырамас бөлігіне айналады.

Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
суреттерді мақала кейіпкерлері ұсынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77