Социум

Тіл саясатын іске асыру 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру басты міндет

Осы ретте облыстық тілдерді дамыту басқармасы баспасөз конференциясын өткізді

Елімізде Тіл саясатын іске асыру 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы мақсатында атқарылған жұмыстар жайында облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысының міндетін атқарушы Кенжеғалт Бимағанбетов БАҚ-на баспасөз конференциясын өткізді.

Тіл саясаты – ұлттық саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Қазіргі таңда еліміз бойынша жүзеге асырылып жатқан Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу болып отыр.

Кез-келген бағдарлама қаржыландырылуына байланысты жүзеге асырылатыны белгілі. Мысалы, өңірімізде жыл сайын тілдерді дамыту саласына қомақты қаржы бөлініп тұрады. Үстіміздегі жылы мемлекеттік тіл саясатын іске асыруға облыс бойынша 314,0 млн теңге, соның ішінде облыстық бюджеттен 44,0 млн теңге бөлініп отыр.

Бұл қаражаттар аймақ тұрғындарына тілдерді оқыту, мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға арналған іс-шараларын өткізуге бағытталған.

Атап айтатын болсақ, өңірімізде 20 тіл оқыту орталығы жұмыс істейді. Жыл сайын олардың базасында 8 мыңға жуық адам тілдерді үйренуде. Биыл тілдерді оқыту орталықтарында 8927 тыңдаушы тіл меңгеріп жатыр. Оның ішінде мемлекеттік тілді 6760, ағылшын тілін 1986, сондай-ақ 7 этникалық топтың ана тілдерін 181 тыңдаушы үреніп жатыр.

Сонымен қатар үстіміздегі жылдың маусымында өткен «Үздік оқытушы-2021» байқауы қорытындысы бойынша 1 орынды Федоров ауданы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Слан Абдуллина, 2 орынды Қарабалық ауданы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Әйгерім Әбілова, 3 орынды Қостанай ауданы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Гүлсая Нұрмолдина иеленді.

«Қазақ тілін үйретейік» және «Қазақ тілін үйренейік» жобаларының аясында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында қазақ тілін еркін форматта үйрететін «Сөйле Time» клубы ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап жұмыс істеп келеді.Қазіргі уақытта Қостанай, Рудный қалалары мен Қарабалық, Меңдіқара аудандарында тілдерді оқыту орталықтарының базасында 4 клуб ашылып, өзге ұлт өкілдері қазақ тілін үйренуде. Бүгінде қазақ тілін үйрететін клубқа 66 тыңдаушы барлық ынта-шынтасымен кіріскен.

«Сөйле Time» клубының мүшелері аптасына бір рет әртүрлі алаңда мысалы, музейлерде, орталық саябақтарда, театрларда, кітапханаларда түрлі тақырыптарды кездесу өткізіп, қазақ тілінде сөйлейді.

Бүгінде тіл үйренушілердің ауызекі сөйлеу тілін қалыптастыру және дамыту мақсатында «Сөйле Time» клубының ютуб арнасы іске қосылды. Мұнда қазір 80 адам тіркелген. 40 бейнеролик жарияланған.

Сондай-ақ облысымызда ономастикалық жұмыстар өз жалғасын тауып келеді. Мәселен, өткен жылы Затобол кенті Тобыл қаласы болып ауысты. Сонымен қатар Қостанай қаласындағы бір көшеге Орал Мұхамеджановтың есімі берілді. Алдағы уақытта қайта атау жұмыстары жалғасатын болады.

Бүгінде көпшіліктің кең талқылауында жүрген латын қарпі жайында да конференцияда сөз болды. Өңірімізде қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру арнайы жобасын іске асыру бойынша белсенді және ауқымды жұмыстар жалғасуда.

2021 жылдың 1 жартыжылдығында қазақ тілін латын графикасына көшіру жобасы аясында облыс бойынша 477 іс-шара өткізіліп, 9925 адам ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен қамтылды. Іс-шаралар негізінен интернет конференция форматында үгіт-насихат бағытында жүргізіледі. Ақпараттық технологияларды қолдану өткізіліп тұратын іс-шараларға басқа өңірлердің мамандарын тартуға мүмкіндік береді.

Жобаны түсіндіру жұмыстары БАҚ арқылы да жалғасуда. Облыстық және өңірлік теле-радио эфирлерге 140 материал шықты. Олар арнайы бағдарламалар мен жаңалық сюжеттер болып табылады.

БАҚ 123 тақырыптық мақала жарияланды. Материалдардың басым бөлігі облыстық газеттерде жарық көрді. Сондай-ақ «фейсбук» және «интаграм» әлеуметтік желілер беттерінде 500-ге жуық тақырыптық материалдар, посттар жарияланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 8 қарашадағы тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі латын графикасына негізделген қазақ тілінің жетілдірілген әліпбиін әзірледі. Оны Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына өзгеріс енгізу арқылы бекіту жоспарлануда.

Биыл 28 қаңтарда Қазақстан Республикасы Премьер-министрі төрағалығымен өткен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысында жетілдірілген әліпби, емле ережелері, әріптердің пернетақтада орналасу тәртібі жобалары қаралып, мақұлданғаны баршамызға мәлім.

Бүгінгі күні жетілдірілген әліпбидің жобасын көпшілікке насихаттау жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Түсіндіру жұмыстары негізінен тіл мамандары арасында жүргізілуде.Болашақта бұл жұмыстар жалғасын табатын боады.

Онлайн режимде өткен конференция соңында облыстық тілдерді дамыту басшысының міндетін атқарушы Кенжеғали Бимағанбетовке қойылған сұрақтардың ішінде «мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздарын латын қарпінде жүргізуге болама?» деген сауал қойылды. Оған латын қарпінің толық жетілдірілген нұсқасы әлі қоладысқа енгізілмегендіктен, елімізде жаппай латын қарпіне көшу басталмағандықтан, мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздарды латын қарпінде жүргізудің әрі ерте кендігі түсіндірілді.

Елімізде латын қарпі толық қолданысқа енгізілмегендіктен әлі мекемелерге қолдану рұқсат етілмейді. 2025 жылға дейін халық латын қарпін толық меңгеруге тиіс. Осыдан кейін ғана латын қарпі толық қолданысқа енбек. Әзірше латын қарпін үйрету жұмыстары ғана жүзеге асырылмақ.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77