Біздің Қостанай

Тілге деген ықыласы ерекше

«Мемлекеттік тілді еркін меңгерген маман бола отырып, балаларды тілді сүюге үйрете аламын деп үміттенемін» – дейді Юлия Овчинникова

Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты.

Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, оны қоршаған ортаға да тікелей байланысты. Тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізде мемлекеттік тілде жұмыс істейтін балабақшалар мен мектептердің саны арта түсті.Соның ішінде балалар әдебиетінің атқаратын рөлі де зор. Бүгінгі таңда мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда өз еркімен мемлекеттік тілді меңгеріп жүрген өзге ұлт өкілдерін көргенде жүрегіңе жылулық ұялайды. Мемлекеттік тіл саясаты жөнінде «Қазақстан-2050» Стратегиясында да баса назар сала отыра айтылған. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, үйренемін, білемін деген ынта ықылас болуы керек.

Біздің газетіміздің «Мемлекеттік тіл – менің тілім» жобасы аясында біз оқырман қауымға мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерін таныстыра отыра, тіл арқылы жеткен жетістіктері жайында баяндап келеміз.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Юлия Овчинникова. Ол бала күнінен мемелекеттік тілді меңгеріп, қазақ тілінде жатық сөйлеп өз ортасынан ойып орын алған өжет қыз. Тіл білуінің арқасында балабақша табалдырығын аттаған күннен бастап түрлі іс-шараларда өлең, тақпақты қазақ тілінде орындап қатарластарынан оза шапты. Соның нәтижесінде талай додаларда бақ сынап жүлделерге де ие болған екен. Бүгінде ол Қостанай педагогикалық колледжінің студенті. Қаламызда өтетін түрлі мәдени іс-шаралардың белсенді мүшесі. Тілі мен тілегі бір, жүрегі қазақ деп соққан арудың алар асуы әлі де алда екеніне сеніміміз зор. Өз ойын толық қазақ тілінде жеткізе алатын еліміздің нағыз патриоты Юлия болашақта өзін тіл жанашыры, ұлт ұстазы ретінде көргісі келеді. Ол үшін әрине, бүгіннен бастап еңбектеніп келеді.

– Мен Қостанай облысы, Ұзынкөл ауданында интернационалды отбасында тәрбиелендім, әжем орыс ұлтынан, ал атам қазақ. Атам маған кішкентайымнан қазақ тілін үйретті, кейін балабақшаға қазақ тілді топқа беруді шешті. Мен тәрбиешілер мен балалардың қазақ тілінде сөйлесетінін түсініп, біртіндеп қазақша сөйлей бастадым. Үйде қазақ тілінде сөйлеуге тырыстым. Ақылдаса келе әжем мен атам мені мемлекеттік тілді мектепке беруге шешім қабылдады. Басында бағдарламаны игеру өте қиын болды, бірақ мен барлық туыстарымның қолдауының арқасында жетістіктерге қол жеткіздім. Біздің ауданда қазақ мектебінде оқыған жалғыз орыс қызы мен болдым. Мен қазақ балаларымен тең жағдайда оқыдым. Менің туыстарымның көпшілігі қазақтар және маған олармен тең дәрежеде сөйлесу қызықты болды. Мен телевизиялық бағдарламаларды қазақ тілінде көруге және түсінуге, кітап оқуға тырыстым. Мектепті бітіргеннен кейін мен тәрбиеші мамандығын таңдадым және оқуды қазақ тілінде жалғастырдым, қазіргі таңда Қостанай педагогикалық колледжінде оқып жүрмін. Қазір де тобымда өзге ұлт өкілдерінен мен ғанамын. Мен Қазақстаннан ешқайда кетпейтінімді нақты білемін. Осында тұрып, жұмыс істеймін, яғни ана тілін білу, бұл әр азаматтың міндеті ғана емес, сонымен қатар болашақта жұмысқа орналасуда да өз артықшылығы болады деп сенемін. Ана тіліне, ұлттық дәстүрлерге, Отанға, өскелең ұрпаққа деген сүйіспеншілік сияқты қасиеттерді дарыту әрбір педагогтың міндеті. Мемлекеттік тілді еркін меңгерген жақсы маман бола отырып, балаларды кішкентайынан ана тілін және өз Отанын сүюге үйрете аламын деп үміттенемін, – дейді Юлия Овчинникова.
Осындай еліміздің нағыз патриоттары барда тіліміз тек өрге басарына сенім артамыз.

Қымбат НАҒАШЫБАЙ,
сурет кейіпкерден алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77