Біздің Қостанай Социум

Тілсіз ұлттың болашағы бұлыңғыр болары сөзсіз

Қазіргі таңда ақпарат айдынындағы өзекті тақырыптың бірі – сыртқы көші-қон мәселесі. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың басқа елге кетуі, жырақта жүрген жастарымыздан «айырылып қаламыз» деп уайымдау мәселесіне қатысты өз ойын білдірген-ді.

Тұңғыш Президенттің тікелей ара­ласуымен жүзеге асқан ұлы көш бас­тал­ғалы елімізге 1 млн-нан астам қан­дасымыз елге келді. Алайда соңғы жы­л­дары көші-қон тым баяулап, кедергі көбейіп тұр. Жалпы, елімізде қандастар көшін жеңілдету жұмыстары атқарылып жатыр. Мәселен, 2019 жылы көші-қон заң­на­масына тиісті өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізілді.

Заңда Қазақстанға келген этностық репатрианттар мен қоныс аударушылар үшін қолайлы жағдайлар жасау қа­рас­тырылған. Бұған дейін этностық қазақтар оралман мәртебесін алу үшін Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін шет мемлекеттің аумағында тұру фак­тісін растауға тиіс еді. Бірақ 1991 жыл­дан кейін дүниеге келген этностық қа­зақтар мұндай құжаттарды көрсете алмайды. Сондықтан этностық қазақ­тың бұрын Қазақстан азаматы бол­мағаны басты критерий ретінде қарас­ты­рылады.

Қазіргі таңда дербес, тәуелсіз мемлекет болғанымызбен, орыс тілінің ана тілімізде қарағанда үлкен рөлге ие болуына жол береміз.  Әрине, ол – халықаралық тіл. Оны ысырып қоя алмаймыз. Оған қоса, елімізде 140-қа жуық ұлт өкілі тұрып жатыр. Бірақ қазақ тілінің тазалығы жоғалуда.

Барлығымыз қазақша-орысша араластырып, шұбырлатып сөйлейтін болғанбыз. Мұндай қылықтар жалғаса берсе, ұлттың даралығы жойылады.

Себебі тіл – мемлекеттің, ұлттың негізгі діңгегі. Тілсіз ұлттың болашағы бұлыңғыр болары сөзсіз. Осы орайда елімізге оралып жатқан қандастарымыздың арқасында тілімізге қан жүгіріп, ұлттық мүддеміз қайта жанданғандай. Дегенмен, тілдік ортасын мемлекеттік тілмен қамтамасыз еткісі келетін ауылдар да жоқ емес. Ал, мемлекеттік тілде білім беретін мектебі жоқ ауылға тек қазақ тілінде сөйлейтін отбасылардың қоныс аударуы да екіталай.

– Біздің Жуковка ауылына да қандастарымызды тарту бойынша жұмыс істеп көрдік. Бірақ, сол уақыттары ауылымыздағы мектепте мемлекеттік тілде білім беретін сыныптардың жоқтығының да әсер етуі болар. Орыстілді ауылға қоныс аударуға тілек білдірген отбасылар болмады. Сондықтан басты мәселені қолға ала отырып білім ошағынан қазақ сыныптарын ашуға бел будық. Қазіргі күні ауылдағы мектепте қазақ сыныптары бар. Сондықтан ауылға жас мамандарды да тарту жұмысын қолға алдық. Осы жұмысымыздың нәтижесі болар, ауылымызға қазақтілді, көпбалалы отбасылырды тартудамыз. Осындай жас отбасылардың бірі Жақсыбаевтар отбасы. Отағасы Бауыржан жан-жақты, өнерлі жан. Бүгінде ауыл орталығынан ашылған демалыс орталығында қызмет етеді. Сол жерде өткізілетін барлық іс-шараларға жауапкершілік танытуда. Сонымен қатар мал дәрігері мамандығын да игерген. Қолы епсепті жан, өз алдына ісін бастап, ауылдықтар үшін шаштараз қызметін де көрсетіп отыр. Балалары ауыл мектебінің қазақ сыныбына барады. Ең бастысы ауылымызда қазақтілді ортаны қалыптастыруда зор еңбек етуде. Біздің мақсатымыз ауылға қандастарымызды тарту мүмкіндігі болмаған жағдайда, еліміздің қазақтілді өңірлерінен отбасыларды тарту болып отыр. Жүырда ауылымыздың атын да қазақшалап «Бірлік» деп атағалы отырмыз, – деді облыстық мәслихаттың депутады Асия Жусупова.

– Үлкен баламыз бес жаста ауылдағы мектепалды даярлық сыныбына барып жүр, одан кейінгі баламыз шағын орталықта, кішкентайымыз әлі үйде. Ауылдық жерге қоныс аударуымыздың басты мақсаты баларымыздың болашағы, сонымен қатар тілдік ортаны қалыптастыру жолында еңбек ету болып табылады. Бізге жағдайы жасалған баспана берілді, сонымен қатар жұмыспен қамтылдық. Негізгі мамандығым мал дәрігері оның сыртында қазақ тілі әдебиеті деген мамандығым да бар. Шаштараз курсын да бітіргенмін. Ұйымдастырушылық қабілетімнің арқасында ауылдың барлық тыныс-тіршілігіне бір кісідей атсалысудамын. Сонымен қатар ауылда қазақ тілін дамыту, тілдік ортаны кеңейту жұмысына да белсенділік танытудамын. Өйткені ауыл тұрғындарының басым бөлігі өзге ұлт өкілдері, сондықтан аптасына бірнеше мәрте өткізілетін қазақ тілі сабағына өзім де қатысып. Тіл үйренушілерге көмек беріп отырамын. Ауылдағы «Өркениет» дамыту орталығындағындағы іс-шаралар да бүгінгі күні екі тілде өткізіледі. Жалпы жергілікті меценат Валерий Разумович ашқан комплексте бірнеше сала жұмыс істеп тұр. Қазір өзім осы жерде қызмет етемін. Бір сөзбен айтқанда ауылдың өркендеуі мен қазақ тілінің дамуы жолында еңбек етіп жүрген жайымыз бар, – деді Бауыржан Жақсыбаев.

Мемлекеттік тіл – тәуелсіздігіміздің жырын жырлап, бұғанасын қатайтты. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенін ең қуаттысы -тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек. Ата заң аясында бақ – берекетіміздің сақталып отырғаны тіл саясатын дұрыс жүргізудің жемісі екені анық. Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Мейірін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Ендеше, тіліміздің мәртебесін көтеруге бірге ат салысайық!

Жан ШАЙМЕРДЕН,
суреттер кейіпкерден
алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77