Социум

Тілжанашырларына арналған «Тіл – рухани қазына» мапаттау салтанаты өтті

Онда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосып жүрген бір топ қызметкерлер құрметке бөленді

Қостанай облысы мәдениет басқармасы, облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында, Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Тіл – рухани қазына» марапаттау салтанатты іс-шарасы «Жастар» сарайында өтті.
Іс-шараға облыстық мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметшілер, этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес бірлестіктердің өкілдері, еңбек ардагерлері, мәдениет, білім беру және тілдерді дамыту саласының өкілдері, қоғам және шығармашылық қайраткерлер, бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

Аталмыш салтанатты жиынның мақсаты – мемлекеттік тілді және тіл саясатын белсенді насихаттаушыларды алғыс хаттармен және номинациялар бойынша ақшалай сыйлықтармен марапаттау болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тарих және этникалық ерекшеліктер тұрғысынан алғанда Қазақстан көптілді мемлекет. Бұл біздің артықшылығымыз. Дегенмен мемлекеттік тіл қазақ тіл екенін есте тұтып, қазақ тілінің мәртебесін нығайту үшін шара қабылдау керек» дегені белгілі. Осы орайда өңірімізде мемлекеттік тілдің дамып, кең қанат жаюына өзіндік үлесін қосып жүрген бірқатар азаматтар мен азаматшалар лайықты сыйлыққа ие болды.
Марапаттау барысында бірінші «Үздік оқытушы 2022» аталымы табыс етілді. Бұл марапатты филология ғылымдарының кандидаты, ақын, ыбырайтанушы Серікбай Оспанұлы табыс етті.

Бұл аталым бойынша Бас жүлдені Қарабалық ауданы әкімдігінің тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Ерлан Әбіловке, 1 орын «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Гүлмира Кірікпеноваға, 2 орын Қостанай ауданы әкімдігінің тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Дина Серғазинаға, 3 орын Арқалық қаласы әкімдігінің тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Жанкелді Нұғымановқа табыс етілді.
Екінші «Ана тілім ардағым» аталымы бойынша Ринад Бектемиров «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының татар тілінің және Фирдаус Дик «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының башқұрт тілінің оқытушылары арнайы дипломдарға ие болды.
Ал үшінші «Ахаңның ізбасарлары» аталымы бойынша жеңімпаздарға жүлде табыстау құрметі тіл жанашыры, «AMANAT» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» қоғамдық кеңесінің төрайымы Қырмызы Жаңбыршинаға берілді.
Бұл сыйлық республикалық олимпиадалардың облыстық кезеңдерінде оқушылары жүлделі орындарға ие болған облыс мектептерінің қазақ тілі мұғалімдеріне беріледі.

Аталым бойынша Ағыбай Нұғыманов Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Меруерт Ермағамбетова Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Асқар Бисенов Қарабалық ауданы білім бөлімінің М.Сералин атындағы жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Гүлнұр Мағзұм Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері мапатқа ие болды.

-Мен ұстаз ретінде мемлекеттік тілді дамытуда өзіндік үлесімді қосуды басты парызым санаймын. Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болғандықтан алдыма келген оқушылардың ана тілімізде таза сөйлегендерін қалаймын. Міне, осы мақсатта еңбек етіп келемін. Менің көптеген оқушыларым облыстық, республикалық олипиадаларда жүлдегер атанып жүр. Өзім де тілге байланысты бірнеше байқаулардың жеңімпазымын. Міне, бүгін осы еңбегім еленіп, марапатқа ие болып жатырмын. Өте қуаныштымын. Тіпті бойымда шамалы толқу да бар. Ұстаздың еңбегін елеп, марапаттап жатқан мәдениет басқармасына алғысым шексіз,-дейді Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлнұр Мағзұм.

Сондай-ақ үш тілді меңгерген жастар арасындағы облыстық байқаудың «Тіл шебері» аталымының жеңімпазы Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының «Рудный қаласы білім бөлімі №5 гимназиясы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Тұрар Қайырбек арнайы сыйлыққа ие болды.
Келесі «Тіл – рухани қазына» аталымының иегерлерін Қазақстанның халық ақыны, Мәриям анамыз «Көкжал қыз» деп баға берген айтыскер Әсия Беркенова марапаттады.

Бұл аталым бойынша Алмагүл Бірманова Меңдіқара ауданы әкімдігінің тілдерді оқыту орталығының басшысы, Жазира Смағұлова Арқалық қаласы әкімдігінің қалалық тілдерді оқыту орталығы басшының міндетін атқарушы, Ерлан Әбілов Қарабалық ауданы әкімдігінің тілдерді оқыту орталығы, басшысы марапатталды.
Биыл қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби журналис, көрнекті қоғам қайраткері Мұхамеджан Сералиннің туғанына 150 жыл. Сондай-ақ, Сералин ашқан «Қостанай таңы» газетіне жүз жыл толып отырғаны белгілі. Осы ретте «Қанатты қалам» аталымы аясында бірнеше қаламы жүрік журналистер марапатталды. Олардың ішінде Мәдина Бұлтаева «Алау» ТВ» ЖШС қазақ редакциясының жауапты редакторы, Әлібек Ибраев «Қостанай таңы» газетінің аға редакторы, Елене Воронина «Рудненский рабочий» газетінің рапортері бар.

Сонымен қатар марапаттау рәсімінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім Министрлігінің Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын Қостанай облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов табыс етті.

Бұл жоғары марапаттарға Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасы «Рудный қаласы білім бөлімінің Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясының директоры Қымбат Бірманова, Қостанай қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Қарлығаш Мадиярова; «Астана» телеарнасы Қостанай облысы бойынша меншікті тілшісі Заңғар Санай, Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасы тілдерді дамыту және ономастикалық жұмыс бөлімінің бас маманы Диана Қадырова, Бейімбет Майлин ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Айниса Асанова, Жангелдин ауданы әкімдігінің тілдерді оқыту орталығының басшысы Гүлім Ысмағұлдар ие болды.
Шара барысында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов өңірімізде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрететін «Сөйле Time» клубының жұмыс істеп жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар мектептерде ата-аналармен арнайы кездесулер ұйымдастырылып, балаларын қазақ меткептеріне беру қажеттігі насихатталып жатқанына да тоқталды. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік тілді дамыту барысында біршама нәтижелі жұмыстардың атқарылып жатқандығынан хабардар етті.

«Тіл және сана» аталымы сыйлығы қазақ тілін дамыту мен мәртебесін арттыруға бағытталған жобаларды іске асыру арқылы ұлттық сананы жаңғыртуға үлес қосатын, халық арасында мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу бойынша жүйелі түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сондай-ақ өскелең ұрпақты ата-аналар қоғамдастығы арасында мемлекеттік тілде оқытуды кеңінен насихаттап жүрген «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Қостанай облыстық филиалының төрағасы Заңғар Санайға табыс етілді.

Тіл – ұлттың жаны. Сондықтан қазақ тілінде сөйлеп, оның құрмет тұтатын болсақ, еліміздің жарқын келешегіне бір қадам басарымыз анық.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77