Спорт

Тобыл төрінде бәйге жарысының республикалық чемпионаты өтті

Абай облысынан келген «Нар қыз» барлығын шаң қақтырып кетті

Қостанай ауданының Заречный ауылындағы «Арғымақ» ипподромында демеушісі OLIMPBET болған – Қазақстан Республикасының бәйге чемпионаты өтті. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен кіл тұлпарлар қатысып, бас жүлдеге таласты.
Чемпионаттың мақсаты – қатысушылар арасындағы әр қашықтықтағы ең жүйрік аттарды анықтау, салауатты өмір салтын дәріптеу, ұлттық ат спорт түрлерін насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, өскелең ұрпақтың рухын ұлттық ар-намыс сипатында қалыптастыру болып табылады.

Чемпионатты Федерация тағайындаған ұйымдастыру алқасы жүзеге асырды. Ұйымдастыру алқасы төрағасы мен мандаттық комиссия Федерация президентінің бұйрығымен тағайындалды. Ұйымдастыру алқасы жарыс алаңын дайындау, аттарды тіркеу, медициналық көмек, қоғамдық тәртіп, өрт қауіпсіздігін, БАҚ өкілдерімен қамтамасыз ету, жеңімпаздарды марапаттау, жүлделерді тапсыру жұмыстарын жүзеге асырды.

Бәйге чемпионатында шабандоздарға міндетті түрде бас қорғау киімі (қатты материал, каска) болу керек, олардың міндетті түрде өміріне және денсаулығына сақтандыру полисы болуы қажет, шабандоздардың дәрігерден бәйгеге қатысуға жарамдығы туралы анықтамасы болуы қажет, кәмелетке толмаған шабандоздардың әке-шешелерінің бәйгеге қатысуға рұқсат берген нотариалдық құжатталған келісімі сынды басты талаптар қойылды. Осы талаптарға сайлары ғана, ат үстіне қонып, бәйгеге қатысуға рұқсат алды. Сонымен қатар аттарға да чемпионатқа барлық тұқымдық аттар қатысады. Бәйгеге қатысатын аттардың тұқымына, шыққан жеріне, иесіне шектеу қойылмайды. Аттарды сәйкестендіру мақсатында оларда міндетті түрде ветеринарлық микрочип болуы керек, құнан бәйгеге екі жастағы аттар қатысады (аттардың жасын арнайы жарыс мандаттық комиссия тіс тексеру арқылы анықтайды), топ бәйге және Аламан бәйгеге барлық жастағы аттар қатыстырылады деген бірнеше талаптар қойылды.

Бәйгенің барлық талаптарын сақтай отырып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген шабандоздар өздерінің бақтарын сынады.
Солардың бірі Алматы облысынан жыл сайын өңірімізде өтетін ат жарысқа өзінің тұлпарларын әкеліп жүрген Мерхат Бұлғынов.

– Мен бұл ат жарысына 4 тұлпарымды баптап әкелдім. Бала кезден аттың құлағында ойнап өскен мен жылқы жануарын өте жақсы көремін. Өзімнің қарамағымда жылқы өте көп. Әсіресе, тұлпар баптағанды ұнатамын. Елімізде қандай да бір бәйге өтетін болса, міндетті түрде қатысамын. Міне, осы жолы да тұлпарларымды баптап, бәйгеге қостым. Қостанай жұртшылығы да бәйге десе делебесі қозатын, жылқы жануарын жақсы көретінін жақсы білемін. Киелі мекен Қостанайға көп келдім, бірнеше рет тұлпарларым жүлде алды. Сондықтан бұл жолы да атсалысып, бақ сынауды жөн көрдім. «Құнан» бәйгеде «Роза» атты тұлпарым, топ жарып, 3 орынды иеленді. 700 мың теңге сыйақы алдым.

Аттың тұлпар болуы әрине, оның тұқымына байланысты. Тұлпардан тұлпар туады деп қазақта бекер айтылмаған. Тұлпардың тұяғы деп те жатамыз. Сондықтан менің аттарымның бәрі тұлпар, тұқымдары асыл. Тұлпардан тұяқ алып қалып, жылқыны кәсіп етіп жүрмін. Бұл біздің ұлттық болмысымыз. Қазақ қашан да жылқыны ішсең сусын, жесең ет, мінсең көлік деп өзге жануарларға қарағанда ерекше бағалаған. Жігіттің атсындағы тұлпары, оның абыройының, беделінің, қадірінің қаншалықты жоғары екенін көрсеткен. Сондықтан қай заманда да, тұлпардың орны бөлек. Тұлпар баптап, бәйгеге қосып, тақымыңды қысу нағыз қазаққа тән дүние. Сондықтан, мен үшін бәйгенің маңызы зор,-дейді Алматы қаласынан келген атбегі Мерхат Бұлғынов.
«Топ» бәйгеде аттар 16 шақырымға шауып, 1-ші орын «Телқоңыр» Алматы облысы, 2-ші орын «Алатау» Қарағанды облысы, 3-ші орын «Барса» деген Нұр-Сұлтан қаласынан келген тұлпарға берілді.

Ал «Аламан» бәйге бойынша 1-ші орынды иеленген Абай облысынан келген «Нар қыз» атты ат барлығына шаң қақтырып кетті, 2-ші орын Қарағанды облысының «Аманат» атты тұлпарына бұйырды. 3-ші орынды Жамбыл облысынан келген «Тайван» тұлпары жеңіп алды.

«Құнан» бәйге бойынша 1 орынды Қарағанды облысынан келген «Тайфун» деген тұлпар иеленсе, 2-ші орын «Қарагөз» деген атқа бұйырды. 3-ші орынға Алматы облысынан келген «Монто роза» деген тұлпар жайғасты.

– Бәйгеге қатысқан аттардың барлығы да жақсы жаратылған. Мен бұл тұлпарлардың барлығын да жақсы білемін. Былтыр да біздің өңірде үлкен аламан бәйге өткен еді. Сонда да осы тұлпарлардың басым көпшілігі келіп, жүлделі орындарға ие болған. Міне, биыл да бұл тұпарлардың өз бабында екенін байқадым. Мен өзім бала кезден аттың құлағында ойнап өсіп, есбілгеннен ат баптауды жаныма серік еттім. Шын тұлпарды алыстан танимын. Сондықтан осы бәйгедеде қатысатын тұлпарларды алыстан көзбен шолып, бірден қайсының бірінші келетінін айтқан едім. Бәрі де мен көргендей болды.

Бәйге жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қомақты ақшалай сыйақылардың берілгенін атап өткім келеді. Ат жарысты жақсы көретін Қостанай жұртшылығы үшін бұл үлкен мереке болды, – дейді «Арғымақ» ипподромының бапкері Нұржан Абибакиров.
Міне, осылайша бәйгеде аты оза шапқандар жүлделі болып, қомақты сыйақыға ие болды. «Құнан» бәйге бойынша 1-ші орынға ие болған тұлпар иесіне 2 млн, «Топ» бәйге бойынша алда келген тұлпар иесіне 3 млн, «Аламан» бәйгеде оза шапқан тұлпар иесіне 4 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы табыс етілді.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77